Экономика

Тарбағатайлықтар тас-түйін дайын отыр

Тарбағатайлықтар тас-түйін дайын отыр
Тарбағатай бауырындағы қардың көбесі әлі сөгіле қойған жоқ. Әйткенмен, бұл егістікке түрен түсіруге әлі ерте деп, арқа-басты кеңге салып жататын уақыт емес. Ертең-ақ дала бусанып, кебірси бастайды. Алқаптарға техникалар андыздайды. Мұны жақсы білетін аудан шаруашылықтары қазірден-ақ егістікке қызу әзірленіп жатыр.
Елбасының биылғы Жолдауында жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру, суармалы егіс алаңдарын бес жылда 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажеттігін атап көрсеткен. Тарбағатайлықтар осы міндет үдесінен көрінуді ерте бастан қолға алып жатыр. Өңірде суармалы жерлердің әлеуетін пайдалануға мүмкіндік мол. Мұнда 28 мың гектар суармалы жер бар. Соның 23 мың гектары ғана игерілген. Кеңестік кезеңнен мұраға қалған гидронысандар жетіп артылады. Бірақ оларды іске жарату әлі ойдағыдай емес. Өңірде «Қанды су» ірі су қоймасы, төрт үлкен су тоспасы, 8 магистралды канал бар. Бұл көктемде көл, жазда шөл болып отыратын оңтүстік өңірдің екі ірі ауданын толықтай қамтитын мол су қоры деген сөз.
Ауданның депутаттары қоғамдық тыңдау өткізіп, аталған мәселені аграрлардың қатысуымен кеңінен талқылады. Соңғы екі жылда аудандағы ірі су қоймасы мен төрт су тоспасы республикалық бюджеттен арнайы бөлінген қаржыға жаңғыртылып, қалыпқа келтірілген. Мәселен, «Базар» су тоспасын жаңғыртуға 823 млн. теңге жұмсалып, 4690 га жерді суару мүмкіндігіне қол жеткен. Осы маңнан біраз шаруашылықтар жер алып, 1903 га суармалы жерді игерген. Әзірге игерілмей жатқаны – 1985 га. 1200 га суармалы жерге мүлде қол тимеген. Ойшілік ауылдық округіне қарасты «Тебіске» су тоспасы да республикалық бюджет арқылы қаржыландырылып, 462 млн. теңгеге жаңғыртылған. Бұл 1600 га жерді игеруге мүмкіндік беріп отыр. Осының 406 гектары ғана игерілген «Тебіске» бойында 15 шаруашылық жұмыс істейді. Олар 260 га суармалы жерді баптауда. Әлі толық игерілмеген жер – 381 га. Жалпы аталған округте 1700 га жер бос жатыр.
Аудандағы ең ірі су қоймасы – «Қанды су». Ол 19430 гектар жерді сумен қамтамасыз ете алады. Осындай алқаптардың 9800 гектарын пайдаланған шаруашылықтар мол өнім алған. Аудан әкімдігі осы өңірде, дәлірек айтқанда, Жетіарал округінде ірі агрохолдинг құруды жоспарлаған. Мұнда жердің жағдайын жетік білетін оңтүстіктік қандастарымыз қоныстанбақ. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар кешенді жүргізілуде. Осы кеңесте аудан көлемінде 41 ішкі каналдың әлі күні иесіз жатқандығы мәлім болды. Кәсіпкерлік бөлім басшысының келтірген тағы бір дерегіне сүйенсек, аудан бойынша әлі 7000 мың гектар жер игерілмей, бос жатқан көрінеді. Әрине, өкінішті жайт.
Дейтұрғанмен, аудан көктемгі егіс жұмыстарына тыңғылықты дайындалып жатыр. Биылғы жылы аудан бойынша шаруа қожалықтары 791 гектар жерге бидай екпек. Арпа 768, көкөніс 360 гектар алқапты құрамақ. Сондай-ақ, 430 гектарға қытай бұршақ, 160 гектарға жүгері, 1000 гектарға көпжылдық шөп егілмек. Өткен жылы аудан шаруашылықтары екі мың тоннадан астам астық, 4800 тонна көкөніс жинаған. Соңғы екі жылда дақылдық өнімдермен өзін-өзі толықтай қамтып, көршілес аудандарға да сатқан. Биылғы егіс науқанына 4800 тонна жанар-жағар май, 68 тонна тыңайтқыш, тұқымның барлық түрі толықтай дайындалып, қоймаларында тұр. Егіс даласына 106 бірлік «Беларусь», 30 бірлік «ДТ» тракторы, 40 тұқым сепкіш шықпақ. Бәрі толық жөнделіп, дайындық сапына қойылған.
Тарбағатайлықтар жер қарая дала төсін еңбек дүбіріне бөлеп кетуге тас-түйін әзі отыр.

Қадырбек КӘКІМҰЛЫ
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button