Қоғам

Тарбағатайлық түлектер ауылды таңдайды

Тарбағатайлық түлектер ауылды таңдайды
Өңіріміздегі аграрлық аудандардың бірі – Тарбағатай. Қазіргі күні мұнда кәсіптің қай саласы болмасын қарқынды дамып келеді. Шаруасын ширатып, өз кәсібін дөңгелеткендердің қарасы да көбейген. Алайда, шалғайдағы аудандардағы басты мәселе – маман тапшылығы. Осыған орай аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев Семейдегі жоғарғы оқу орындары мен колледждерде білім алып жатқан тарбағатайлық студенттермен кездесу өткізді.
Алдымен ауданның бүгінгі жетістіктері туралы баяндаған аудан әкімі болашақ мамандарды туған ауылдарындағы кәсіпорындар мен мекемелерде іс-тәжірибелерден өтуге, мамандықтары бойынша қызмет етуге, өз кәсіптерін ашуға шақырды. Ол үшін ауданда барлық мүмкіншілік барын және жергілікті билік тарапынан мейлінше жағдай жасалатынын да атап айтты. Қазіргі таңда экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ауданда ауыл шаруашылығы мамандарының жетіспеуі қатты сезіліп отыр. Аудан аумағындағы гидроқондырғыларды қайта жандандырып, ірі бөгендерді қайта іске қосу үшін 10 су маманы қажет. Бұдан басқа тек биылдың өзінде ғана ауданға 16 мал дәрігері қажеттілігі туындаған көрінеді. Аудан орталығынан шалғайдағы елді мекендерде мәдениет мамандары, дәрігерлер мен математика, химия, орыс тілі пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Ал Семейдегі Шәкерім университеті – гуманитарлық және аграрлық сала мамандарын дайындайтын беделді оқу орны. Медицина академиясы да еліміздегі білікті мамандарды дайындайтын оқу ордасы. Семейдегі осындай оқу орындарында бүгінде тарбағатайлық болашақ мамандар білім алуда. Аудан әкімінің Семейге ат басын тіреуінің негізгі себебі де осында болатын. Кездесу барысында студенттер аудан әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті. Осы кездесуде болашақ мамандар ауданның бөлім басшыларымен келісімшарт жасасып, туған ауылдарында қызмет істеуге ниет білдірді.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button