Қоғам

Тарбағатайлық таланттар тамсандырудан жалықпайды

Тарбағатайлық таланттар тамсандырудан жалықпайды


Тарбағатай өңірі ежелден спорттың барлық түрінен облыстың алдын бермей келе жатқан саңлақтары бар аудан. Әлем мен Азияның талай жүлдесін де қанжығалаған. Жыл сайын ауданда жүзден астам спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, жиырма мыңнан астам адам қатысады.

Ауданымызда соңғы бес жылда республикалық деңгейде өтетін түрлі жарыстардың саны артып отыр. Басқасын былай қойғанда, қазақ күресінен төрт рет қатарынан Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық турнир өтсе, биыл қазақ күресінен Әлем кубогы елімізде тұңғыш рет аудан орталығында өтіп, 37 елдің белді балуандары бас қосты. Бұл ауданымыздағы спорт нысандарының әлемдік стандартқа сай болуы және аудан басшылығының спортқа ұдайы көңіл бөліп отырғандығы деп білеміз.

Бүгінгі күні ауданда 211 спорт нысаны, екі спорттық модуль, екі стадион, 39 спорт залы, 24 жабық спорт ғимараты, 50-ден астам шағын футбол алаңы бар. Оларда 12 мыңнан астам тұрғын спортпен тұрақты шұғылданады. Ауданда спорттық резервтерді дайындау мақсатындағы екі спорт мектебінде мың жарымға жуық оқушы спорттың барлық түрлерінен жаттығады. Аталған мектептерде барлығы 33 Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы мен спорт мамандары болашақ чемпиондар тәрбиелеуде.

Ұлттық спорт түрлерін дамытуда да айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Ақжар ауылындағы ұлттық ат спортының көкпар мектебінің жігіттері еліміздің көкпар құрамасының белді мүшелері. Спорт саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуда ауданның азаматтары ерекше қолдау көрсетеді. Мәселен, Екпін ауылындағы ат спорты мектебі, жасанды шағын футбол алаңдары ауыл азаматтарының туған жеріне жасаған жақсылығы. Ауданның спортымен қоса өнері де жақсы дамыған. Заманында Ақжар мен Ақсуаттың халық театрларының таланттары Мәскеудің сахнасында Ресей жұртшылығын таңғалдырған. Тарлан таланттардың ізбасарлары бүгінде Тарбағатайдың атын әйгілеп жүр.

Мәдениет үйлері мен клубтардың шығармашылық ұжымдары биыл Астана қаласында өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінде, Алаш қозғалысының 100 жылдық мерекесінде ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттады. Ал ауылдық округтерде отандық өнерді насихаттау, ұлттық мәдениеттің қажеттілігін дамыту мақсатында 450 мәдени-танымдық шара өтіп, оған елу мыңнан астам адам қатысты. Биыл аудан өнерпаздары ауылдық округ көрермендеріне 208 концерт, жеті спектакль, 106 театрландырылған қойылымды көрермендер назарына ұсынып, лайықты бағасын алды. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған Б.Саятүлеков атындағы халық аспаптар оркестрі, «Бабалар сазы» этнотобы, «Сұлу саз» халық-би ансамблі облысымызға танымал өнер ұжымдары қатарынан саналады. Аталған өнер ұжымдарында 900-ге жуық өнерпаз бар. Бұдан бөлек төрт өнер мектебі жұмыс істейді. Аудан өнерпаздары үнемі халықаралық, республикалық байқаулардан жүлдесіз оралған емес. Бір сөзбен айтқанда, Тарбағатай таланттары жұртты тамсандырудан жалыққан емес.

Қадырбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button