Тарбағатайдың тасына көкөніс өсіріп отыр

Тарбағатай ауылдық округінің орталығы Тарбағатай ауылы – таулы-тасты, бау-бақша өсіруге тым қолайсыз өңір. Мұнда тіпті жайқалып тұрған тал-теректің өзі тым сирек. Өйткені үлкен күшпен өседі. Алайда «қалауын тапса, қар жанады» екен. Осындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Айман Кәрімова биыл интернет арқылы Ресейден жылыжайдың қаңқасын сатып алып, жайқалтып көкөніс өсіріп отыр.
– Алғашқыда ептеп жүрексінгенім рас. Қанша айтқанмен, бұрын қолға алып көрмеген ісім ғой. Оның үстіне, бұл өңірдің табиғаты да өзгеше. «Ертең орнатып алғаннан кейін, алай-дүлей дауылы мен үскірік аязы, құтырған бораны жылыжайымды қиратып тастамай ма, өсірген өнімімді лайықты бағаға сата алам ба деген дүдәмал ойлардың болғаны рас. «Көз -қорқақ, қол- батыр», деген емес пе, көп ұзамай-ақ ісім оңға баса бастады. Аудан орталығы Аягөз біздің ауылдан 85 шақырым болғандықтан да, жұрттың көпшілігі жаңа піскен көкөністі үнемі дастарханына қоя алмайды. Сондықтан да менің тұтынушыларым көп, – дейді Айман Кәрімова.
Шынында, өжет келіншектің ісі жылыжай құрғаннан кейін өрге басты. Оның қияры мен қызанағына жұртшылықтың сұранысы арта түсті. Ресейден интернет арқылы 230 мың теңгеге алынған жылыжай Айман үшін, оның отбасы үшін қосымша табыс табудың көзі болды. Отбасы демекші, Айманның отағасы бақилық болған. Екі ұл, бір қыз бен бір немере тәрбиелеп отырған жалғызбасты ананың мақсаты балаларын елге жаутаңдатпай оқыту болғаны анық. Аллаға шүкір, Дастаны бүгінде экономист мамандығын алған, қызметте. Бақнұры – Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка колледжінде студент. Ал кенжесі Рүстем алты сыныпта оқиды.
22 жылдан бері математика, информатика пәндерінен дәріс беріп келе жатқан Айман Кәрімованың бұл ісі елге үлгі болып отыр.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.