Тарбағатайдағы тың бастамалар көзге көріне бастады
Кейінгі жылдары Тарбағатай ауданындағы игі өзгерістер ешқандай жарнама-насихатсыз-ақ көзге көріне бастады. Оңды бетбұрыстар халықтың бәсекеге деген ынтасын оятып, көңілдерге сенім ұялатты. Қай саланың болмасын жұмысына қан жүгірді. Бұл біріншіден, мемлекеттің өңірлерді дамытуға арналған салалық бағдарламаларының жемісі екені даусыз. Алайда, бағдарлама бар да, оны тиімді іске асыру бар. Біз бұл жерде бюджеттен бөлінген қаржыға салынған әлеуметтік нысандар мен абаттандыру шаралары бедеріндегі өзгерістерді айтып отырған жоқпыз. Біз тілге тиек еткелі отырған өзгерістер – халықтың тұрмысына тың серпін беретін, жүйелілік сипатқа ие, қаржының күшінен гөрі, ел еңбегінің күшімен келетін өзгерістер.
Бүгінде Тарбағатайдың жер емген шаруалары алдарына салмақты міндет қойып отыр. Салмақты дейтініміз, аудан халқы тұтынатын көкөністің негізгі бөлігі оңтүстік облыстардан, қала берді Өзбекстаннан жеткізілетін. Осы сұранысты жергілікті шаруалар өздері қанағаттандырмақшы.
Өткен жылдың өзінде аудан бойынша 368 гектар суармалы жерге көкөніс егіліп, әр гектардан орта есеппен алғанда 119 центнер өнім жиналды. Қияр, қызанақ, бұрыш, баялдыр, пияз, сәбіз, қырыққабат, қызылша сынды күнделікті азыққа қажет көкөніс алқаптарының әр гектарынан 100 центнерден астам өнім түскен. Биылғы алқап көлемін ұлғайтып, технологияны тереңдете енгізу арқылы өнім көлемін арттыру көзделіп отыр. Осылайша, шаруашылық шатқаяқтаған жылдары малдан басқа тіршілік көзінің барлығынан қол үзіп қалған ауыл халқы жерден де несібесін тере бастады. Бұл сөзімізге ауданда өткен жылы тоғыз мың гектардан астам суармалы алқаптың игерілгенін де дәлел ретінде келтіруге болады.
Кейінгі 25 жылдың көлеңкесінде ұмыт қалған экономикалық өсім көзінің бірі – суармалы алқаптар болатын. Базар, Тебіске сынды су тоспалары істен шығып, арналары тоналып, бұрын сағаттай сақылдап тұрған суландыру жүйесі қаңсып қалған еді. Әйтпесе, Тарбағатай аумағында 28800 гектар суармалы жер жатыр. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев 2013 жылы басшылық тізгінді қолына алысымен осы олқылықтың орнын толтыруға кірісті. Негізгі мамандығы ғалым агроном болғандықтан ол Тарбағатай ауданының егіншілік пен көкөніс шаруашылығындағы әлеуетін дәл бағалай білді. Биыл Ділдәбек Оразбаев 55 жасқа келіп отыр. Қос бестікке қол созған ғұмырының негізгі бөлігін су шаруашылығына арнағандықтан, бұған дейін \”Шығыссушар\” мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарғандықтан Тарбағатайда игеруге әзір тұрған 23,5 мың гектар суармалы алқапты қалай кәдеге жаратуды жақсы білетін.
Биыл аудан суармалы жерлердің 10 мың гектардан астамына дақыл екпекші. Осы қарқынмен біртіндеп барлық суармалы алқаптан өнім алу көзделген. Жуықта Базар өзеніндегі су тоспасы республикалық бюджет қаржысы арқылы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оның арналары 4690 гектар алқапты сулдандыруға әлеуетті. Тебіске су тоспасы мен «Көктоғам» және «Жаңатоғам» магистральды каналдарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл қолда бар суармалы алқаптарға қайтадан тіршілік нәрін беріп, өңірдің өнім өндіру көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.
Тарбағатай ауданы мал басын нәсілдік түрлендіру көрсеткіші жөнінен облысты қойып, республика бойынша көшбасшы атанып отыр. Бүгінде өлкенің 256 шаруа қожалығы осы бағдарламаға қатысуда. Бұл алдағы 5-6 жылдың айналасында елдің қолындағы малдың сапасы күрт жоғарылайды деген сөз. Сондай-ақ, асыл тұқымды шаруашылықтарда мал басы жедел көбейді. Шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтерде өндірілген жалпы өнімнің көлемі 105 пайызға өсіп, 21 млрд. 396 млн. теңгені құрады. Ет экспортын жандандыру мақсатында бордақылау нысандары 183-ке жеткізілді. Тұрғындардың мүмкіндігі ескеріліп, 10 бастан 200 басқа дейінгі бордақылау алаңдары ашылды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алынған 96 млн. теңгеге 653 бас ірі қара, «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша 66 млн. теңге несиеге 307 бас жылқы, 1520 бас қой сатып алынды. Шаруашылықтарға үлкен демеу болып отырған субсидия да тиісті деңгейде бөлінуде. Ең бастысы, қолдағы малдың нәсілдік сапасын арттырғанда ғана одан татымды пайда болатынын аудан халқы бір адамдай түсінді.
Ауданда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген ашық әдіспен бентонит саз балшығын өндіріп, өңдейтін зауыт құру жобасы жүзеге асуда. Құны 300 млн. теңге болатын бұл жоба жылына 100 мың тонна өнеркәсіп өнімін беріп, 45 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс. Әзірге жобаға жауапты «Бентонит и К» ЖШС әлеуеті зор инвестор іздеп жүр.
Тарбағатайдың кез келген тасын түртіп қалсаң, тарихтың тиегі ағытылып жүр береді. Солай бола тұра, бұған дейін туристердің табаны шежірелі топыраққа сирек тиетін. Әулие Ырғызбай Досқанаұлының кесене-мұражайы, Кіндіктідегі Сабындыкөл мен Бөрітастаған баурайы бүгінде саяхатшылар жиі сапарлайтын орынға айналды. Туристер нөпірін көбейте түсу үшін нысандарға апаратын жолдардың сапасын жақсарту күн тәртібінде тұр. Ақжар, Ақсуат, Ырғызбай, Өкпеті, Кіндікті ауылдарында жеке меншік қонақ үйлердің бой көтеруінен туризмнің бойына қан жүргенін байқауға болады.
Жақында Көктүбек ауылын екі жарып ағатын Базар өзенінен жаяу көпір салынды. Кеңес заманынан бері арман болған көпір көктүбектіктер үшін Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне үлкен сый болды. Көктемде өзеннің екі қапталынан бір-бірімен қатынаса алмай әуре-сарсаңға түсетін тұрғындардың қуанышында шек болмады.
Байтақ даланы ел мен малға толтыру бүгінде қазақ үшін басты мәселе деуге болады. Тарбағатай ауданында малдың басы жедел құралып келе жатқанымен, елдің саны көбеймей отыр. Көбейгенді қойып, жұмыссыздықтан қашып Өскеменді бетке алған ағайынның қарасы мол. Бұл мәселе ауданда шетелдік қандастарды тарту арқылы шешілуде. Қандастарды қоныстандыруға тікелей өзі араласқан аудан басшысы бұл істе өзгеше тәсіл қолданып отыр. Алғашқы лекпен келген 42 жанұя әуел баста Оңтүстік Қазақстан облысынан қоныс аударған екен. Бүгінде Ақсуат ауылы мен Құмкөл, Екпін округтеріне жайғасқан ағайындар жергілікті тұрғындарға жер игеру ісінде үлгі болып отыр. Бұл көш болашақта да жалғаспақ. Оған қаржы да қарастырылған.
Тарбағатайлықтар сүтті мал шаруашылығы егінді аудандарда ғана дамиды деген қағиданы да жоққа шығаруға ниетті. Бұл бағытқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 30 млн. теңге қаржы бөлінген болатын. Бүгінгі күні осы шаруамен айналысуға ниетті 11 кәсіпкер өз жұмыстарын бастап кетті.
Тарбағатай ауданы көктемгі егіс науқанына да жақсы дайындықпен жетіп отыр. Бидай, арпа, сұлы, картоп, жоңышқа, сынды негізгі дақылдардың барлығына қажетті тұқымдар қолда бар. Бүгіннің өзінде 4000 гектарға жуық алқапқа жаздық дақыл егіліпті. Биыл аудан диқандары 500 гектарға жүгері екпекші. Оған қажет 12,5 тонна тұқым өз облысымыздан бөлек Алматы, Павлодар өңірлерінен жеткізілген. Сондай-ақ, 300 тонна голландиялық картоп егіледі деп жоспарлануда. Ал тамшылатып суару технологиясы биыл 150 гектар алқапқа қолданылады.
Міне, Тарбағатай ауданының бүгінгі тынысы осындай. Аталған бетбұрыстың бәрі жүйелі ұйымдастырудың, ел ішіндегі берекенің арқасында келіп отыр. Бұл өзгерістер ауданның болашақ дамуына бағыт сілтер сүрлеудің қызметін атқаратыны сөзсіз.
Есімжан Нақтыбайұлы