Тарбағатайдағы турнирде Айбек Нұғымаров топ жарды

Талай балуанды түлеткен Барқытбелдің баурайында қазақ күресі дүниежүзілік федерациясының бастамасымен, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен дүркіреп өткен әулие Ырғызбай Досқанаұлының атындағы екінші халықаралық турнирде тоғыз елдің топ жарғандары белдесті. Бұл аламанның ақтық кездесулерін Тарбағатай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та тамашалады.
– «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Белгілі емші, көріпкел Ырғызбай бабамыз ұрпақтарының өзіне арнап ас беріп, балуан күрестіріп жатқан тағылымды ісіне риза болып, бір аунап түскен болар. Бұл Тарбағатай өңірінде өткізіліп жатқан турнирдің үлкен мәні бар. Облыс деңгейінде басталып, мінеки, халықаралық дәрежеге дейін көтерілген жарысқа биыл әлемнің тоғыз елінен спортшы қатысуда. Олар ертең елдеріне барғанда біздің облыста, оның ішінде Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында болғанын, жергілікті жұрттың қонақжай пейіліне қаныққанын айтып барады. Мұның бәрі біздер үшін үлкен насихат.
Осы орайда өңір жұртшылығы атынан бұл сайысқа Азияның, әлемнің чемпиондарын шақырып, қатыстырған Серік Адамұлы бастаған қазақ күресі дүниежүзілік федерациясына алғыс айтамын, – деп халықаралық турнирдің финалдық кездесулері басталар алдында құттықтап сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сынға түсер саңлақтарға сәттілік тіледі.
Сонымен қоса, аймақ басшысы кейінгі кездері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өңірімізде көптеген спорттық, мәдени, білім беру ошақтарының салынып жатқанын атап көрсете келе, «Туған жерге – тағзым» акциясына белсене атсалысып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті қолдағандары үшін кәсіпкерлерге, қалталы азаматтарға алғыс айтты.
Барқытбел баурайындағы дүбірлі додаға әлемнің тоғыз елінен чемпиондар жиналды. Атап айтсақ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Моңғолия, Армения және Латвия мемлекеттерінің балуандары бар. Сонымен қатар, әр жылдары «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаров, еліміздің облыстарынан бір-бірден қатысқан Қажымұқанның ізбасарлары Ақсуат төріндегі аламанның көрігін қыздырды.
Ақтық белдесулер басталды. Ашық аспан астында төселген бозкілемге бірінші болып 80 келіге дейінгі салмақта үшінші орынға таласқан ресейлік Артем Ковалевский мен өзбек жігіті Олим Равчанов шықты. Текетіреске толы бұл белдесуде ала шапанды ағайындардың намысын қорғаған спортшының күші де, қолданған айла-тәсілі де басым түсті. Нәтижесінде қола медаль мен ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады. Соның қарсыласы да еліне құр-алақан қайтқан жоқ. Төртінші орын алған орыс балуанына қомақты ақшалай сыйлық берілді.
Осы салмақ дәрежесіндегі бірінші жүлде үшін ақтық күрес Шығыс Қазақстанның атынан шыққан ақсуаттық Қуаныш Мұратов пен Алматы облысынан келген Саят Шәмшиев арасында аса тартысты жағдайда өтті. Қос қарсылас бірін-бірі ала алмай итжығыс түсіп жатты. Дегенмен, жергілікті жанкүйерлердің қолдау-қолпашынан күш алып, қайраттанған Қуаныш жартылай жеңіс ұпайымен Ырғызбай Досханаұлы атындағы II халықаралық турнирдің чемпионы атағына қол жеткізді.
Айтпақшы, жарыстың күміс жүлдесін иеленген Саяттың да бізге бөтендігі жоқ. Басқа облыстың атынан сынға түскені болмаса, ол да біздің өңірдің тумасы дейді мамандар.
Бұдан кейінгі кезек атан жілік апайтөстерге келіп жетті. 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі түйе балуандар арасында жүлделі үшінші орын үшін болған белдесу семейлік Мереке Тұрашев пен өзбекстандық Алмазхан Таймұратовты тоқайластырды. Алыптардың арасындағы айқаста біздің жігіт Алмазханнан айласын асыра алмады. Өзбек балуаны таза жеңіске қол жеткізді.
Ақсуат ауылының орталық алаңына жиналған қарақұрым жанкүйер тағатсыздана күткен ақтық белдесуде осы турнирдегі барлық қарсыластарын қоғадай жапырған Шығыстың қос мықтысы – Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов бозкілемге шыққанда, иін тірескен қауым ұзақ қошемет көрсетті. Күрес десе қаны қызбайтын қазақ бар ма?! Делебесі қозған көпшілік тұс-тұстан қиқулап, кілемдегі қос ұлдарын қолдап бақты. Белдесудің негізгі уақытында бір-бір бүк ұпайдан иеленген балуандарымыз нәтижесінде тең түскен болатын. Қазақ күресінің ережесіне сәйкес төрешілер екеуін қоян-қолтық белдесуге шақырды. Қоян-қолтық белдесудің хас шебері Айбек Нұғымаров бұл тартыста күшінің басымдығын байқатты. Бір-бірінің белдігінен қапсыра ұстағандары сол еді, 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Мұхитты тік көтеріп алып кілемнің шеңберінен шығарып жіберді. Сөйтіп, бас демеуші «Қазцинк» ЖШС тіккен Ырғызбай Досханаұлы атындағы II халықаралық турнирдің бас бәйгесін Айбек Нұғымаров иеленді. Ал Мұхит Тұрсынов күмістен алқа тақты.
Жалпы, тәжірибесі енді ғана толысып келе жатқан Мұхиттың кейінгі кезде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, дауыл тұрғызар сұрапыл екпінімен «менмін» деген талайдың мысын басып жүргенін білеміз. Осы турнирдің іріктеу кезеңінде де ол 2012 жылғы «Қазақстан барысы», былтырғы «Еуразия барысы» және басқа да толып жатқан спорттық атақтардың иегері жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевтың жауырынын жер иіскеткенін көз көрді.
Ұйымдастырушы мамандардың айтуынша, бас демеушісі «Қазцинк» компаниясы турнирдің жалпы жүлде қорына 40 мың АҚШ долларын бөліпті. Және ең бастысы алпауыт кәсіпорын алдағы он жыл көлемінде бұл жарыстың жүлде қорын өз мойнына алмақ.
– Ең алдымен, ауданда осындай халықаралық турнир ұйымдастырған облыс басшылығына зор ризашылығымды білдіремін. Екіншіден, алыстан ат арытып келіп, көпшілікке керемет белдесулер сыйлаған балуандарымызға рақмет. Мен бұл сөзді кеше айтқан едім, тағы қайталаймын. Қазақ күресі – бұл қазақ ұлтының ежелден келе жатқан тарихи-мәдени асыл мұрасы. Бүгінгі турнирді көріп тұрып, мен қазақ күресі қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқанына бек көз жеткіздім. Келешекте бұл спорт түрі сіздердің елдеріңізде ғана емес, бүкіл әлемге танылады деген сенімім мол. Ағымдағы жылы қазақ күресі Азия ойындарында көрсетілетін спорт түрлері тізіміне енуі үшін тиісті жұмыстар істеп жатырмыз. Ал 2017 жылы жалауы желбірейтін жекпе-жек өнерінен Азия ойындарында жарыс бағдарламасына енетініне сенімім мол, – деді FILA комитетінің төрағасы Гинтаутас Вилейта.
Серік Әбілхан