Қоғам

Тарбағатайда тұңғыш рет Әлем кубогы өтті

  Тарбағатайда тұңғыш рет Әлем кубогы өтті

Барқытбелдің бауырында бесінші рет шымылдық түрген балуандардың байрақты бәсекесі бұл жолы бұрынғыдан өзгеше болды. Осыған дейін қазақ күресінен халықаралық деңгейде өткізіліп келген әулие Ырғызбай Досқанаұлы атындағы турнир биыл Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының шешімімен тұңғыш рет Тарбағатай жерінде Әлем кубогы мәртебесінде ұйымдастырылды.

Әлемнің 26 елінен келген жүзден аса спортшы үш күн бойы Ақсуат ауылын спорт мерекесіне бөледі. Алғашқы күні жылдағы дәстүрмен ел-жұртқа сауын айтылып, Ырғызбай бабаның рухына бағыштап ас берілді. Осы отырыста Халықаралық дәстүрлі күрес түрлері қауымдастығының (FILA) комитет төрағасы Гентаутас Вилейта қазақ күресінен Әлем кубогын шалғай шекаралық өңірде өткізу бұл турнирді ұйымдастырған адамдардың үлкен еңбегі екенін атап өтті.
Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы бүгінде спорттағы беделді ұйымдардың біріне айналып, әлемнің 46 еліндегі өкілдігі абыройлы жұмыс істеуі, сондай-ақ, төрт жыл бойы Тарбағатай төрінде халықаралық доданың жоғары деңгейде жалғасын табуы бәрі де осы саланың басы-қасында жүрген Серік Түкеев, Бәделхан Камалханұлы сияқты ұлттық мұрамызға жанашыр, беделді азаматтардың арқасы екенін көпшілік біледі.

– Әлемде қазір екі мыңға жуық күрес түрі болса, соның үшеуі ғана олимпиада бағдарламасына енген. Алдағы 2020 жылдан бастап қазақ күресі де солардың қатарына қосылмақ. Бұл еңбекте, әрине, тарбағатайлықтардың үлкен үлесі барын айта кеткен дұрыс және өз атымнан баршаңызға құтты болсын айтамын, – деді Гентаутас Вилейта мырза.

Дәл осы тарихи күнде Ақсуат ауылы тіптен ажарланып кетті. Орталық алаңда тігілген ақшаңқан үйлер, алыс-жақыннан ат сабылтқан қонақтарды құрақ ұша күтіп жүрген қызметшілер, қолдарына қыран қондырған жіттер көзге бірден түседі. Төрткүл дүниеден жиналған осынша қонақты күту бір ауданның қолынан келмейтіні белгілі ғой. Сондықтан Абай, Аягөз, Үржар, Жарма, Зайсан, Ұлан аудандары да арнайы киіз үйлерін тігіп, қадірлі қонақтарды қарсы алып жатты. Бұл да бір елдегі береке-бірліктің арқасы екені сөзсіз.

Жарыс күні таң бозынан ұлы дала композиторы Құрманғазының әйгілі Сарыарқа күйі ойнап, Барқытбелдің бауырындағы дүбірлі тойдың басталғанын білдірді. Сахнаға қазақ эстрадасының жұлдызы Кәмшат Жолдыбаева шығып, үш тілде әлемнің 26 елінен келген 56 палуанды жеке-жеке таныстырып, бозкілемнің ортасына шақырды. Тарбағатай тарихында алғаш рет өтіп отырған қазақ күресінен Әлем кубогын облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин ашып, жұртшылық алдында облыс әкімінің құттықтау хатын оқып берді. Аймақ басшысының және өзінің атынан балуандарға сәттілік тіледі. Грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров сайыскерлерге батасын беріп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін білдірді.

Қасымхан қарсылас шақ келтірмеді

Сонымен көптен күткен белдесулер де басталды. Алғашқы болып бозкілемге Қап туының өкілі, Тарбағатай жеріне осымен екінші рет келіп отырған Альберт Мкртчян мен моңғол балуаны Тогубат Батнур шықты. Орта салмақ дәрежесіндегі екі палуан да осал емес екен. Бірі – дзюдодан әлем чемпионы, бірі – жас та болса Монғолияның бас балуаны. Дегенмен тәжірибелі Альберт қарсыласын екі минөт ішінде жер қаптырып, таза жеңіске жетті. Осы салмақтағы екінші жұп Беларусь елінің үкіленген үміті Влад Саяпин мен қазақстандық Қасымхан Төленбай кілемге шыққанда, жанкүйерлер қызу қолдау көрсетіп, «Қабанбайлап» бөріктерін аспанға атты. Жергілікті жанкүйерлердің қолдау-қошеметінен рухтанған Қасымхан қарсыласын таза жеңіп, көпшілікті қуантты. Білетіндер Бәйдібек бабасының аруағы қолдады деп жатты. Енді біреулер оңтүстіктің өренін болашақта Олимпиада ойындарынан көріп қалуымыз да мүмкін деген үміттерін жасырмады.

Бұл байрақты бәсекеге қаражаяудың келмейтіні белгілі ғой. Сондай мықтылардың бірі – эстондық Максим Шотанин еді. Алайда, «күш атасын танымас» демекші, Еуропа чемпионы атанған бұл жігітті Қытай елінен келген бауырымыз Айболан Дауылтай жеті секундта алып ұрып, жеңісті жұлып алды.
Осы күні ауа райы тым ыстық болуына байланысты ұйымдастырушылардың ұйғарымымен әр салмақ дәрежесіндегі белдесулерден кейін спортшылар мен көрерменнің таңдайын жібітіп, көңілін көтеру мақсатында Астана мен Алматыдан келген өнер жұлдыздары ән-жырдан шашу шашып, мерекенің көрігін қыздыра түсті.

Түске қарай 90 келі салмақтағы жігіттердің айқасы басталды. Алыптардың алғашқысы болып украиналық әлем чемпионы Моисей Александар мен грузин Адашашвили Звия шыққан. Белдесу ұзаққа созылған жоқ. Адашашвили айқын басымдықпен жеңді. Бір байқағанымыз, грузин балуандары қазақ күресін жылдан-жылға жете меңгере бастағандай. Олай дейтініміз, өткен турнирлерде аталған елдің өкілдері жүлделі орындардан көрінген.

Африка мен Үндістаннан да балуандар келді.

Бір көңіл аударатын жайт, сонау қарақұрлықтағы Зимбабве мен Үндістан сынды елдер де қазақ күресіне қызығушылық таныта бастапты.
Алыптардың белдесуінде жоғары баға алған Үндістанның үміті Муксин Гуатали екінші кезеңге шыққан қытайлық қандасымыз Айболан Дауылтайды айқын басымдылықпен ұтқанда, шынында да, қазақ күресінің әлемді шарлап кеткенін түсіндік.

  Тарбағатайда тұңғыш рет Әлем кубогы өтті

Ұлы сәскеде әлгі үндістандық қонақ Муксин Гуаталимен жүздесіп, аз-кем тілдесудің сәті түсті.
– Сіздің елге алғаш келіп тұрмын. Турнирдің шалғай ауылда өтетінін естігенде таңғалдым. Өйткені біздің елде мұндай жарыстар үлкен қалаларда ғана өтеді. Ұшы-қиырсыз сайын дала төсінде осындай ажарлы ауылды көрем деп мүлдем ойламаппын. Ұлттық тағамдарыңыз, дәстүрлеріңіз қандай керемет, халықтың қонақжайлығына тәнті болдым, – дейді Муксин Гуатали.

Осы арада Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті Ислам Әбішев әңгімеге араласты.
– Расында, соңғы жылдары қазақ күресін дамытуда үлкен жұмыстар жүргізілді. Еліміздің спортын насихаттау мақсатында әулие Ырғызбай Досқанаұлы атындағы дүбірлі дода тынбай жүргізген еңбектің арқасында қолға алынған еді. Ал Әлем кубогын өткізуге келер болсақ, Женевадағы штаб пәтердегілер басында үлкен сенімсіздік танытты. Шалғайдағы ауылға темір жолы тартылмаған, ұшақ бармайды деген себептерді алға тартқан. Алайда біздің тараптан табандылық көрсетіліп, ақыры мақсатқа қол жетіздік. Осыған дейін Оңтүстік Африканың Кейптауын қаласында қазақ күресінен халықаралық жарыс өтті. Биыл Түрікмен елінде қазақ күресінен Азия чемпионаты өтеді. Бұл дегеніміз қазақ күресі қанатын кеңге жайып келеді деген сөз, – деп сөйледі Ислам Әбішев.

Айбек ұлдарыңыз Алаштың намысын бермеді

Түс ауа алыптардың айқасы жалғасты. Сайдың тасындай іріктелген «сен тұр мен атайын» деген жігіттер бозкілемге бірінен соң бірі шықты. Түске дейін қарсыластарын қоғадай жапырған грузин Звия Адашашвили, қырғыз Мерлан Ералиев, Қасымхан Төленбай орта салмақ дәрежесіндегі бас жүлдеге таласып, грузин балуаны қола, қырғыз жігіті күміс медальдарды місе тұтса, Оңтүстік Қазақстанның үміті Қасымхан Төленбай алтыннан алқа тақты.
Түске дейін ауыр салмақта алдына жан салмаған Семен Ракита қола жүлдеге қол жеткізсе, тәжік палуаны Сейтжамал Аймаралов күміспен күптелді. Ал алтын медальды отандасымыз қарағандылық Бекзат Ахметбеков жеңіп алды.

  Тарбағатайда тұңғыш рет Әлем кубогы өтті

Дүйім жұрттың делебесін қоздырған аса ауыр салмақтағы алыптар бәсекесінде өзбек балуаны Еркін Данияров қола, ресейлік Рустем Арсланов күміс жүлделерді қанағат тұтты. Бұл сындағы бас бәйгені қазақтың бағына біткен біртуар ұлы, белгілі балуан жерлесіміз Айбек Нұғұмаров иеленіп, Тарбағатай жерінде тұңғыш өткізілген Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Айбектей Барқытбелдің сілемінде дүниеге келген тастүлек осылайша елінің мерейін өсіріп, намысты қолдан бермеді. Үш күнге созылған дүбірлі жарыстың соңы Мақпал Жүнісова, Алтынай Жорабаева, Қайрат Нұртас, Кәмшат Жолдыбаева сияқты қазақ эстрадасы жұлдыздарының концертіне ұласты.

Қадырбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button