Қоғам

Тарбағатайда төрт нысан ашылды

Тарбағатайда төрт нысан ашылды

Ауданда бір күнде ашылған төрт бірдей әлеуметтік нысанның алғашқысы Ақжар ауылындағы М.Әуезов орта мектебінде орналасқан психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған жартылай стационарлық оңалту орталығы болды.
Жергілікті бюджеттен бөлінген 15 миллион теңге қаржы екі айдың ішінде игеріліп, нысан пайдаланылуға берілді. Оңалту орталығын ашқан аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев Ақжар ауылының жұртшылығына бұл игілікті істің түпкілікті мақсаты кемтар балаларды емдеп, сауықтырып, салауатты қоғамның ортасына қосу екендігін айтты.
Оңалту орталығы заманауи үлгіде жабдықталған. Қазір орталыққа 13 бала емделуге келеді, оларға бір жоғары санатты дәрігер, үш медбике қызмет көрсетеді. Болашақта жақын ауылдардағы балаларға қызмет көрсету мақсатында орталыққа жаңа «Газель» автокөлігі де бөлінген.
Ауданда соңғы екі жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында бес балабақша бой көтергенін айта кеткен жөн. Екі жақты әріптестік осы жолы да оң нәтижесін берді. Жеке кәсіпкер Қализада Олжастың аудан орталығынан ашқан құны 14 миллион теңге болатын 70 орындық «Ақбота» балабақшасы осының жемісі.
Балабақшада балалар білім-тәрбиені үш тілде алады. Орталық екі жастан бастап, мектепке дейінгі балаларды толықтай қамтитын болады.
Балаларға жасалған тағы бір игілікті іс өнер мектебінің ашылуы болды. 100 орынға шақталған мектепте балалар суреттер пен кескіндемелер салу жөнінде дәріс алады.
Ақсуат ауылы тұрғындарының көптен күткен қуанышы спорт модулі еді. Құрылысқа бюджет есебінен 197 миллион 543 мың теңге қаржы бөлінген. Кешенде үлкен ойын залы, бокс залы жұмыс істеп тұр. Дзюдо, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ сияқты бірнеше топқа 450-ден астам адам жазылған. Модульде 22 білікті бапкер еңбек етеді.
Кешенінің ашылу салтанатында Б.Оразғалиев, М.Рахманқұлов сынды өңірдегі спорт ардагерлер сөз сөйледі.
– Бүгін – біз үшін қуанышты күн. Елбасы халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында салауатты өмір салтына баса назар аударып келеді. Аудан орталығында бой көтерген осынау нысан адамдардың бос уақыттарын көңілді өткізуіне, балалар мен жастардың дене тәрбиесімен шұғылдануына жасалған қамқорлық деп білеміз, – деді ардагерлер.
Осылайша, Тарбағатай өңірінде бір күнде төрт бірдей нысан ашылып, 30-дан астам жаңа жұмыс орны пайда болды.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button