Қоғам

Тарбағатайда төрт балабақша пайдалануға берілді

Тарбағатайда төрт балабақша пайдалануға берілді

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Тарбағатай өңірінде болып қайтты. Іссапар барысында аймақ басшысы аудан активімен кездесу өткізіп, өңірде пайдалануға берілген бірнеше әлеуметтік нысанның ашылуына қатысты.

Әлеуметтік нысандардың түгелге жуығы балабақшалар болғанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, бұл күні Жәнтікей, Екпін, Ақсуат және Ақжар ауылдарында жаңа балабақшалардың салтанатты түрде тұсауы кесіліп, жергілікті жұртшылықты бір марқайтып тастады. Балабақшалар «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ашылып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш балабақшалардың барлығы да бұрынырақтары салынған, дегенмен күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта пайдалануға берілген ғимараттарда орналасыпты.

– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жас ұрпақ тәрбиесіне қашан да зор мән беріп келетінін білесіздер. Әлемді қаржылық дағдарыс дүрліктіріп жатқан кездің өзінде елімізде аурухана, мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар салу ісі бәсеңдеген жоқ. Бұл жөнінен біздің облысымызда да айтарлықтай шаруа тындырылып келеді, – деді Екпін ауылындағы балабақшаның ашылу салтанатында аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ. – Жаңаның аты – жаңа болатыны рас. Дегенмен, белгілі бір себептермен жаңа ғимараттар тұрғызуға мүмкіндік болмаса да, қолда барды ұқсата білген жергілікті кәсіпкер азаматтарға алғыс айтқым келеді. Бүгін Тарбағатай жұртшылығы үшін ақ түйенің қарны ақтарылған ерекше күн. Себебі, аудандарыңызда бір емес, бірден төрт бірдей балабақша пайдалануға беріліп отыр, – деді облыс Әкімі.

Ел игілігіне берілген төрт балабақша да жоғарыда айтылғандай күрделі жөндеуден өткізілген, бұрындары не басқа мақсатта пайдаланылып, не мүлдем қаңырап бос тұрған ғимараттардың ішіне жайғасыпты. Мысалы, Жәнтікей ауылындағы «Айгерім», Екпіндегі «Балбөбек», Ақсуаттағы «Ақбота», Ақжардағы «Айгөлек» балабақшалары жергілікті іскер азаматтардың тікелей араласуы арқасында пайдалануға беріліп отырғанын айта кетуіміз керек. Соңғысы, Ақжар ауылының тумасы, кәсіпкер Серік Ыбыраевтың көмегімен есігін айқара ашып отыр екен. Бұл азамат тұрғын үй болып келген ғимаратты бұрынғы иесінен сатып алып, оның ішіне біраз жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қазір мұнда екі топта 20 бүлдіршін тәрбие алуда. Жалпы, төрт балабақшаның екеуі 20, қалған екеуі 50 балаға жоспарланған.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Жәнтікей ауылындағы жеке кәсіпкер Б.Ожаевтың тауық фермасының жұмысымен де танысты. Ферма иесі жұмыртқа өндіру ісін қолға алмақ болып, мемлекеттен 2 млн. теңге көлемінде несие алған. Үстіміздегі жылдың жазынан бастап іске қосылған фермада қазір 500-ге тарта тауық бар. Қазіргі уақытта мұнда өндірілген жұмыртқаның бір данасы 20 теңгеден саудалануда. Ауылдастарының жұмыртқаға қатысты сұраныстарын толықтай қанағаттандырып отырған фермер алдағы уақытта тауықтарының санын көбейтіп, өнімін өзге ауылдар мен облыс орталығына апарып сатуды жоспарлауда.

– Жалпы, несиені 5 жылға алған болатынмын. Фермамыз ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Өнімділігі де бастапқыда жоспарлағанымыздан жоғары болып шықты. Сондықтан несиені уақытынан бұрын жауып, ісімізді әрі қарай дамыту үшін тағы бір несие алмақ ойым бар, – дейді Б.Ожаев.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аудан орталығындағы орталық саябақты абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Артынша ардагерлер үйіне аялдап, ауданның қазыналы қарияларымен салиқалы әңгіме өрбітті.
Сондай-ақ, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Ақсуатта өткен аудан активінің жиынына қатысты. Жиында аудан басшысы Ділдәбек Оразбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс басшысы көрсеткіштері төмендеп кеткен бірқатар бағыттар бойынша жұмысты еселеу керектігін қадап айтты. Олардың ішінде аудан экономикасына инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, қылмыстық ахуалды оңалту, оның ішінде әсіресе, мал ұрлығымен күресті жандандыру және де ана мен сәби өлімін азайту сияқты мәселелер бар.

– Аудан экономикасы ойдағыдай дамып келетінін білеміз. Алайда, кемшін тұстар, қордаланып келген мәселелер әлі де жетіп артылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жәнтікей мен Көкжыра ауылдарындағы жағдай қайталанбас үшін қазірден су бөгеттері мен арналарды салу, қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу қажет, – деген аймақ басшысы мал шаруашылығына қатысты да бірқатар сын-ескертпелер айтты. – Маған жеткен мәліметтер бойынша, ауданда 17 мал сою цехы бар екен. Алайда, соның жартысы жұмыс істеп тұрса, құба-құп. Облыс орталығындағы, Семейдегі базарлардан Тарбағатайдың етін таппайсыз, есесіне бұл өнім аймағымыздан тысқары жерлерде, Алматы мен Астананың сөрелерінде тұрады. Неге осы мәселеге мән бермейсіздер? Қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп тұрған осы 17 цехтың күш-қуатын толығымен пайдалансақ, бүкіл облысымызды етпен қамтуға болады ғой. Себебі, Тарбағатай – ежелден малға бай. Сонымен қатар, мал өсіруге жастарымыз ниет танытпай отырғанын көріп келеміз. Осы мәселені де назарға алу қажет, – деді аймақ басшысы.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сондай-ақ, аудан әкімінің аппаратын да сын тезіне алды. Өңірде статистика жүргізу жағы ақсап тұрған көрінеді. Аймақ басшысының айтуынша, аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар туралы мәлімет мүлдем жоқ.

Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев орын алған олқылықтарды жоюға уәде беріп, алдағы жоспарлар туралы қысқаша айтып өтті. Аудан басшысының сөзінен белгілі болғандай, үстіміздегі жылдың 20 желтоқсанына дейін ауданда үш су құбырының құрылысы аяқталса, 2016 жылға дейін барлық елді мекенді ауызсумен қамту мәселесі шешімін таппақ. Сонымен қатар, алдағы жоспарда екі сүт өңдеу цехын іске қосып, Ақжар ауылындағы апаттық жағдайда тұрған мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу де бар.

– Жыл соңына дейін кенжелеп қалған көрсеткіштерді жөнге келтіру керек. Бұл мақсатты орындау үшін біраз ғана уақыт қалды. Сондықтан жұмыс қарқынын еселей түспесе болмайды, – деді актив жиынын қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Аймақ басшысы Тарбағатай тауларының бөктеріндегі Ақжар ауылына келіп, тау көтерген Толағай батыр ескерткішінің тұсаукесер рәсіміне қатысты. Ауыл жұртын осынау тас мүсіннің, сонымен қатар, «Айгөлек» шағын балабақшасының ашылуымен, сонымен қатар, келе жатқан ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Ақжарда облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ардагерлер үйіне бас сұғып, ауыл ақсақалдарымен де кездесті. Бұл орталық Ақсуаттағы ардагерлер үйі сияқты жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен пайдалануға берілген екен.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button