Руханият

Тарбағатайда тамаша той өтті

Тарбағатайда тамаша той өтті
Есімі алты алашқа мәлім тәуіп, көзі тірісінде-ақ исі қазақ жұртына аңыз болған Ырғызбай әулиеге арналған үш күндік дүбірлі тойдың шымылдығы қасиетті бабаның басында түрілсе, қалған екі күні аудан орталығы Ақсуатта жалғасын тапты.

Айбек әлем чемпионы болды

Қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік бәсеке биыл 28 елдің балуандарын жетінші мәрте Барқытбел бауырына жинады. Ақсуаттың асапанын екі күн дүбіреткен спорттық мереке бұл жолы өзгеше өтті. Біріншіден, әлемдік Гран-При «Тұғыры биік Тарбағатай» атты фестиваль аясында ұйымдастырылды. Екіншіден, қазақ күресімен қатар кәсіби былғары қолғап шеберлерінің жекпе-жектері, айтыс, аламан бәйге сияқты ұлттық өнер жауһарлары рухани жаңғырудың нағыз үлгісін көрсетті.

Сонымен Алаш жұрты асыға күткен байрақты бәсеке де басталды. Айтулы мерекеге облыс әкімінің орынбасры Шалқар Бәйбек арнайы келіп қатысып, жиналған жұртқа облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Балуандарға сәттілік тіледі. Боз кілемге алғашқы болып жеңіл салмақтағы балуандар Ілияс Измагилов пен турнирдің ең жас қатысушысы тарбағатайлық Архат Қайырбеков шықты. Архат кілемге шығысымен стадиондағы 10 мыңнан аса көрермен қолдау білдіріп, қиқуға басты. Жас балуандар бір-бірінің әдісін аңдып ұзақ жүрді. Архат уақыт аяқталар тұста жерлестерінің алдында намысты қолдан бермей жамбас ұпаймен қарсыласын қапыда қалдырып, қазақстандық спортшыларға жеңісті жолды бастап берді. Бұдан кейін бозкілемге Беларусьтің беткеұстары В.Астапов пен тәжік Карим-Зада шыққан еді, белдесу бес секудтта аяқтады. Таза жеңіске Астапов жетті.

Жалпы кейінгі жылдары Азия құрлығында қазақ күресіне қызығушылық арта түскені байқалады. Соның бір айғағы ретінде осы турнирге алғаш рет қатысқан Ауған елінің өкілін айтар едік. Тәжірибесінің аздығы болар, ауғандық спортшы қарсыласынан айласын асыра алмады.

Сол сияқты қазақ күресіне деген еуропалықтардың да ықыласы жоғары екен. Берісі Ресей, Беларусь, Украина, Молдавия, Грузиядан, арысы Сербия, Нидерланды, Италия сынды елдерден ат арытып жеткен балуандар Ырғызбай бабамыздың турнирінде барын салды. Өкіншіке қарай жыл сайын жүлдеге таласатын Монғолияның балуандары бұл жолы келе алмапты. Түс әлетінде турнирдің қызған тұста әлсін-әлсін жауын төгіп, қолайсздық туғызғанмен стадион толы 10 мыңнан аса көрермен балуандардың еңсесін түсірмеді. Түс ауа нағыз алыптардың айқасы басталды. Алдымен бозкілемге көрермен көптен күткен алаштың ардақтысы, екі дүркін «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров шыққанда айқайдан құлақ тұнды. Айбектің алғашқы қарсыласы Сербия елінің өкілі, талай жарыста топ жарып жүрген әккі спортшы Кессу Дордия болды. Алайда біздің жігіт қарсыласын әп-сәтте қалпақтай түсірді. Бұл турнирдегі басты фавориттердің ішіндегі өзбекстандық Сарбар Икромов, грузиялық Катарадзе Георгий сынды атан жілік, апайтөс балуандар қарсыластарын қоғадай жапырып жартылай финалға жетті. Адағы екі кездесуінде қарыластарын оңай ұтқан Айбек Нұғымаров та аса тартысты өткен белдесуде Беларусь елінің үміті Руслан Кнорикті жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Турнирдің қола жүлдесіне қол созған Молдавия бауландары қазақ күресі мамандарының назарын аударды. Украин балуанымен белдесіп, таза жеңіске жеткен жерлесіміз Бекзат Манасбаев әлемдік Гран-Придің қола жүлдесін қанжығасына байлады.

Сонымен сәт сайын тағатсыздан күткен финал да жақындай түсті. Алдымен өзбек балуаны Сарбар Икромовпен белдескен грузин Георгий Катарадзе қарсыласын қапыда қалдырып, финалға шыққан. Шешуші кездесуде оны күллі қазақ елінің намысын арқалаған Айбек күтіп тұрған болатын. Иә, Айбек пен Георгий арасындағы белдесу нағыз алыптар айқасы болды. Бір-бірінің әдісін аңдыған қос алып жан алысып, жан берісті. Бірде жамбас, бірде бүк ұпай алып, бір-біріне есе жібермеуге тырысқан екеудің тартысы ұзаққа созылды. Дегенмен түбінде қазақ балуанының жеңіске жетеріне жанкүйерлер сенді. Ал Айбек сол енімді ақтады. Сөйтіп жетінші мәрте жалауын желбіреткен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік Гран-Придің бас жүлдесін жерлесіміз Айбек Нұғымаров иеленді. Чемпионның қолына жүлдені белгілі кәсіпқой боксшы Қанат Ислам табыстады. Барқытбелдің бауырындағы он сағатқа созылған дүбірлі додада қазақ, өзбек, грузин, тәжік балуандары олжалы болды.

Қанатқа ат мінгізді

Тарбағатайда тамаша той өтті

Спорттық мерекенің көрігін қыздырған тағы бір шара жергілікті меценаттардың қолдаумен «Біз біргеміз» атты қайрымдылық қоры ұйымдастырған ұтыс ойыны болды. Ұтысқа бағалы сыйлықтар мен автокөлік тігілді. Ұтыс ойыннан түскен қаржыға көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларына баспана алып беру жағы ойластырылғаны қуантты. Сонымен ұтысқа қойлыған «Лада Гранта» автокөлігі Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылының тұрғыны Ержан Өмірбекұлының тақымында кетті.

Тарбағатайдағы спорт мерекесі түн жарымында жалғасты. Спортсүйер қауым белгілі боксшы Қанат Ислам бастап келген гүрзі жұдырықты кіл мықтылардың өнерін тамашалады. Шалғайдағы ауыл жұртына тамаша кеш сыйлаған Қанаттай қазақтың мақтанышына аудан әкімі ат мінгізіп, құрмет көрсетті. «Қанат промоутерлік» компаниясының демеушілігі арқасында өткен бокс кешінің қызықтары да болды. Айталық, аты аңызға айналған Қытай елінің 10 дүркін чемпионы, Пекин олимпиадасының жүлдегері, кәсіпқой бокста бір де бір рет ұтылмаған Қанаттың кеші басталысымен жаңбыр шелектеп құйып, найзағай ойнап, жарық сөніп қалды. Стадионда отырған ағайын бір сағаттай күтті. Ақыры тағаты таусылмаған көрермен шаршы алаңдағы төрт жұптың өнерін тамашалап, таңға қарай тарқады.

Төрт темір тұлпар тігілді

Тарбағатайда тамаша той өтті

Бокс кешінен шыққан жұрттың бір бөлігі ұйқыны аңсап үйіне қайтса, атқұмар жұрттың дені Көкпекті ауданына қарай бет түзеді. Өйткені ол жерде жарнамасы жер жарған 140 шақырымдық аламан бәйге басталатын еді. Таңғы сағат 4:00 де аттар жарыс жолына шығатынын естіген жұрттың бәйгеге деген махаббатын түн қараңғылығы да солғындата алған жоқ. Айтуға 140 шақырым болғанымен екі ауданның аралығын біз машинамен екі сағатта әрең басып үлгірдік.

Аттарды тізімдеп, жарыстың ойдағыдай өтуіне Көкпекті ауданының әкімшілігі мен атқұмар азаматтары өз көмектерін көрсетіп жатты. Таң сөгіле бастаған алакеуім шақта Көкпекті аудандық Мәдениет үйінің оркестры ұлы дала төсін шымырлатып күй төкті. Иә, қалғып тұрған қараңғы далада ат дүбірі естілді.
Жарысқа негізі 98 ат тіркелген екен, он шабандоз ұйқысынан ояна алмай қалды ма кім білсін 88 ат жарыс жолына шықты. Мәре сызығынан 4 сағат 23 минут кеткенде Шығыстан атып келе жатқан арайлы таңға маңдай сүйгізген жануарлар дүр ете түсті. Артынан жол талғамайтын көліктер мен мотоциклдерге мініп төрешілер мен қадағалаушылар кетті. Әр 30 шақырым сайын киіз үй тігіліп шабандоздар мен жүйріктердің шөл басуына жағдай жасалынады делінген…
Бұл жарысқа Ресейден, еліміздің батыс аймақтары мен Қарағанды, Алматы облыстарынан жүйріктер келген екен. Жарыс жолының жартысына дейін Қарағандының қара тұлпары мен Катонқарағайдың күреңі кезек көш бастап келе жатты. Небары үш сағатқа жетпейтін уақытта жарыстың жарты жолын аяқтатып қойған жүйріктерге риза көңілмен қош айтып Ақсуат ауданына қарай асығыс тартып кеттік. Өйткені, Ақсуат ауылы, Екпін аулындағы таңғы сағат 9:00 де тағы бір ұлы аламанның көрігі қызғалы тұрған. Ал ұлы аламандағы жүйріктердің мәресі сол атшабарда болатын еді. Сондықтан бізге мәре кескен жүйріктердің аяқ алысын сол жерден көру ыңғайлы болатын. Күнның қабағы тұнжыраңқы болғанымен, ат қосушылардың ажары ашық еді. Себебі, мұндай салқын күн аттарға өте ыңғайлы еді. Айтпақшы, кешегі Қанаттың кешіне кедергі келтірген нөсер, ат шабатын жолдағы жыртылған жолды да батпаққа айналдырыпты. Бұл Аттардың шабуына өз кедергісін келтірмей қалған жоқ.

Әйгілі Ерке жирен мен Елік жиреннің тұяғы тиген атшабарға келсек жақын маңда көлік қоятын орын жоқ болып шықты. Қаптаған халық, қайнаған базар. Жаңбырдан соң жүйріктер шаң шығармайтын шығар деп келсек, кәуаптың иісі қолқаны қабады… Ал алаңға тайлар шығыпты. Бес шақырымдық бұл бәйгеде Алматыдан әкелген Мерхат Бұлғыновтың тайы топ жарды. Елдің ерекше ықыласына бөленген тағы бір бәсеке 10 шақырымдық жорға жарысында болды. Ақсуаттық Сақа Байжасаровтың қарасы қара үзіп кеткен болатын, бірақ соңғы айналымда екінші болып келе жатқан күршімдік кәсіпкер Оразбек Базарбайұлының «Қозы күреңі» аралықты қысқарта бастағанда елдің қиқуы құлақ тұндырды. Бірақ жергілікті халықтың қуанышына орай қара тұлпар мәре сызығынан бірінші болып өтті.

Дәл осы кезде батыс жаққа қайта-қайта елеңдеп тұрған көрерменнің көзі алыстан бұлдыраған ұлы аламанның алдыңғы қарасына түсті. Елден ес кеткен… Ұялы телефондарын ұстап мәре сызығына қарай ентелеген елді тәртіп сақшылары әрең тоқтатты.

Иә, екі ат құйрық тістесе мәреге қарай жұлдыздай ағып келеді. Бірінші болып тағы да жергілікті жұрттың қуанышына орай ақсуаттық Алмас Әмірғалиевтің күрең қасқасы келді. Жануар тың екен, жетектеген адамның алды-артын орап елеңдеп жүрді. Ал, екінші жүйрікті көргенде сүйінбей тұра алмадық. Бұл наурыз айында өткен зайсан ауданындағы 130 шақырымдық аламан бәйгеде тағы да екінші болып топ жарған катондық Қуаныш Тұрсынбековтың күрең тұлпары болатын. Ұйымдастырушылар бұл екі тұлпардың иесіне де автокөліктің кілтін ұстатты. Жалпы бұл ұлы бәйгеге тоғыз атқа жүлде тіккен еді, бірақ мәре сызығынан толықтай кесіп өткен он үш ат қана екенін ескеріп қалған аттардың да иесін құр қол қалдырмады. Күннің салқындығынан жетті, әйтпесе мұндай қашықтық малға обал десті біреулер. Шынын да атты мәреге сүйреп келгеннің не қызығы бар деген ой туды бізде қалған аттардың аяқ алысына қарап тұрып. Алғашқы екі ат мәре сызығын сегіз сағаттан астам уақытта кесті.

Бұдан кейінгі 15 шақырымдық топ бәйгеге тігілеген темір тұлпардың кілтін жармалық Қайрат Шапатов еншілесе, 25 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген темір тұлпар алматылық Ғабит Үмбетовтің тақымында кетті.

Бас жүлде Қытай асты

Атшабардан ел асығыс қайтты. Себебі жаңағы жарыстардың бәрін көріп болғанша аудан орталығындағы стадионда халықаралық айтысы басталып кеткен еді.

Тарбағатайда тамаша той өтті

Сахна төрінде – Жүрсін Ерман. Ал қазылар алқасында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған ақын Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қалиолла сынды ақындар мен Алтынбек Қоразбаев сынды сазгерлер отырды. Қырғызстан, Моңғолия, Қытай және еліміздің әр түкпірен келген алты жұп ақынның алтауы келесі айналымға өтті. Соңғы сайыстың алғашқы жұбы болып шыққан Ақсуаттың тумасы Рүстем Қайыртайұлы мен Жайықтың Жансая Мусинасы баяғы дәстүрлерінен жазбай қыз бен жігіттің айтысын әдемі өріп шықты. Қылық шығарып отырған қыздың айласынан сытылған Рүстем елдік мәселелерді де әдемі айта білді. Айталық, астында мұнайы, шалқыған шаруашылығы жоқ шеткері аудандағы халқының туған жерін тастамай, түтінін түтетіп отырғанын мақтанышпен жырлады. Ал екінші жұп болған шыққан тараздық Қанат Мырзахан мен баянауылдың жарық жұлдызы Аспанбек Шұғатаев арасындағы тартыс қызықты болды. Азулы ағасына Қанат та есе берген жоқ. Арғы тарихтан арқау алған жас пері өрелі ой айтты.
Соңғы жұп болып шыққан сыр сүлейі Мұхтар Ниязов пен қытайлық Ерлан Аманқожаұлының арасындағы тартыс қызықты өтті. «Сенің тілің шалқұйрық, менің тілімде шідер бар» деп жырлаған Ерланға осы айтыстың бас жүлдесіне тігілген екі миллион теңге бұйырды. Бірінші орын Қанатта, екінші, үшінші орынды Жансая мен Рүстем еншіледі. Ал дәстүрлі Ақсуат айтысының биылғы стипендиясы Аспанбекке бұйырды. Ол енді жыл бой айтыс демеушісінен ай сайын 200 мың теңге шәкіртақы алып отырады. Айтыс соңына қарай жасамыс көрермендердің қатарына жастар келіп қосыла бастады. Себебі айтыстан соң еліміздің ең таңдаулы өнерпаздарының бірі «Музарт» ансамблі кешкілік концерт қойғалы жатқан.

Тарбағатайда тамаша той өтті

Неше күнге жалғасқан шараның көрермендері шынымен мол болды. Ақындардың кейбірі ұлттық өнерге мұндай көп көрермен Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында жиылмайтынын тілге тиек етіп жатты. Ал аудан әкімі Серікқазығы Сәдуақасов үш күн бойы елді өнерімен сусындатқан қонақтар мен Дулат Тастекев, Бәделхан Кәмелханұлы сынды кәсіпкерлерге үлкен ризашылығын білдірді. Ұлттық спорттың шығыста ғана емес бүкіл қазақ елінде дамуына үлес қосып жүргені үшін Тәттімбет Кәпұлы мен Ерзат Байқадаовқа қазақстан ардагерлері қауымдастығы атынан Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелігісін табыс етті.

Қадырбек Кәкімұлы,

Мұратхан Кенжеханұлы.

Осы айдарда

Back to top button