Тарбағатайда кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді
Облыстық ақпараттық орталықта өткен кезекті брифингке Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек ОРАЗБАЕВ қатысып, республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, әртүрлі өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары, сонымен қатар, болашаққа белгіленген перспективалық жоба-жоспарлар турасында айтып берді.
Тарбағатайда соңғы жылдары қолға алынған игі істер ауданның болашағы жарқын боларына сендіреді. Аудан басшысы брифинг барысында сол шаруаларды тізбелеп қана қоймай, өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайында біраз мағлұмат берді.
– Тарбағатай – қашан да қоғамдық-саяси жағынан белсенді, мәдениет, спорт және өзге де салалар бойынша айтарлықтай зор нәтижелерге қол жеткізіп, үнемі жұрт назарында жүрген ауданның бірі. Тарбағатай – аты елімізге мәшһүр талай ақын-жазушылар мен батырлардың кіндік қаны тамған қасиетті мекені. Сондықтан біз үшін ауданымыздың биік тұғырдан түспей, асқақтай беруі өте маңызды. Жалпы, 2013 жыл біз үшін сәтті болды деп айтуға толық негіз бар. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім байқалады. Тарбағатай негізінен аграрлы аудан болып саналатындықтан, негізгі күш-жігерімізді осы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағыттайтынымыз белгілі. Дегенмен, өзге салаларда да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз жетерлік, – деді Д.Оразбаев.
Жалпы, 2013 жылы Тарбағатай ауданында өндірілген ауылшаруашылық өнімінің көлемі 144,5 пайызға өсіп, 21 млрд. 183 млн. теңгені құрапты. Қазір аудан көлемінде барлығы 25 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы осы бордақылау алаңдарына күтімге қойылған малдан 700 тоннаға жуық ет алынған.
Аудан басшысы өз сөзінде бірқатар проблемалық мәселелер туралы да сөз қозғады. Солардың ең негізгісінің бірі егін шаруашылығына қатысты.
– Егер бізде мал шаруашылығы осындай қарқынмен дамитын болса, міндетті түрде егін шаруашылығын жолға қоюымыз керек. Әсіресе, суармалы егістіктерді пайдалануда шаруа шаш-етектен, – дейді Д.Оразбаев. – Бұрындары, атап айтқанда, 1990 жылға дейін Тарбағатай ауданы бойынша 29 мың гектар суармалы жер болса, қазір ондай жерлердің көлемі бар болғаны 9 мың гектарды құрайды. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл мәселеге жіті мән беріп, бізге аудандағы суармалы алқаптардың көлемін арттыруға байланысты нақты тапсырмалар жүктеді. Жалпы, алдағы үш жылдың ішінде республикалық бюджеттің қаржыландырумен ауданда 29 мың гектар суармалы жерді пайдалануға беретін боламыз. Биыл соның бес мың гектарын тапсыру жоспарлануда.
Д.Оразбаев ауданның даму көрсеткіштері туралы кеңінен әңгімелеп берген соң, журналистердің сауалдарына жауап қайтарды.
– Ауданның ауыл шаруашылығына қатысты алдағы жоспарлары туралы айтып берсеңіз. Саланың қандай бағыттарын дамытуға күш жұмсамақсыздар?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, Тарбағатай аграрлы аудан болып табылады. Бүгінде ауыл шаруашылығының өнімділігі жағынан ауданымыз облыс бойынша көшбасшы орындардың біріне ие. Бізде 1481 шаруа қожалығы, бір өндірістік кооператив, 8185 үй шаруашылығы жұмыс істеуде.
2013 жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда, мал басы айтарлықтай артып, 20,8 мың тонна ет, 64 мың тонна сүт және 3,2 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Енді құс өсіруді де қолға алып отырмыз. Аудандағы 16 ауылдық округте 13 құс фермасын ашу жоспарымызда бар. Мемлекеттік шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы арқасында жер-жерде осындай кіші фермалар ашуға мүмкіндік алдық. Жалпы, менің ойымша, миллиардтаған теңге қаражат жұмсап, алып кәсіпорындар салғанша, осындай шағын фермалар ашуға ден қоюымыз керек сияқты. Бұл сөзіме Қытай секілді бірқатар дамыған елдердің тәжірибесі дәлел бола алады.
Ауданымызда мал тұқымын асылдандыру бағытында да біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, өткен жылы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар саны 2011 жылмен салыстырғанда 3 есеге артып, 19-ға жеткізілді. Оның ішінде ірі қара өсірумен 5, қой өсірумен 9, жылқы өсірумен 5 шаруашылық айналысуда.
Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласынан түскен қаржы көлемі 783,8 млн. теңгені құрады. Бұл көрсеткішті келер жылы арттыратын боламыз. Әсіресе, құс өсіруге ерекше мән беріп отырмыз. Бұл шаруа өзінің тиімділігін көрсетті.
– Аудан шалғайда орналасқандықтан, тұрғындар үшін жол мәселесі қашан да маңызды болып келген. Облыс орталығы мен Ақсуат, Ақжар ауылдары арасында әуе қатынасын орнатуға болмай ма?
– Рас, ауданымыз шалғайда жатқандықтан бізге әуе қатынасы қажет-ақ. Бұл жөніндегі ұсынысымызды облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та қолдайды. Енді кезінде жекеменшік қолға өтіп кеткен әуежайды сатып алуымыз керек. Одан кейін «Жол картасы» арқылы не болмаса жеке кәсіпкерлердің көмегіне жүгініп, әуежайды қалпына келтіру, ұшақ қатынайтындай деңгейге жеткізу жұмыстарын қолға алмақпыз.
– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша Тарбағатай ауданы облыстағы көшбасшы орындардың біріне ие. Осы жайында айтып берсеңіз. Ауданда сүт өңдеу кәсіпорындары ашыла ма? Көкөніспен қамтудың бүгінгі жайы қандай?
– Тарбағатай ауданында ірі қара мал басының саны 120 мыңға жетеді. Солай бола тұра, ауданымызда бірде-бір сүт өңдеу зауыты жоқ. Қазір аудан халқы тұтынып отырған сүт өнімдері Алматыдан не Өскеменнен тасымалдануда. Біздің есептеуімізше, жылына 600-700 тонна сүт сатып алады екенбіз. Осыны ескере келе, биыл Ақжар мен Көкжыра ауылдарында сүт өңдеу цехтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл екі цехтың ашылуына «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 20 млн. теңге бөлінді.
Жалпы, аудан халқы осы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының пайдасын түсіне бастады. Қазір бізге тұрғындардан өз ісін ашу жөнінде көптеген ұсыныстар келіп түсуде. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2012 жылы жалпы құны 125 млн. теңгенің жобалық құжаттарын қабылдасақ, былтыр олардың көлемі 425 миллион теңгеге жетті. Ал биыл бұл көрсеткіш 800 миллион теңгені құрайды деп жоспарлап отырмыз. Бүгінге дейін құны 195 млн. теңге болатын 105 жобаның құжаттары қабылданды. Бұл жобалардың ең ірілері ретінде жоғарыда айтылған сүт өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды, сонымен қатар, Ақжардағы кірпіш зауыты мен үш қымыз өндіру цехын келтіруге болады. Жалпы, ауданымызда шағын кәсіпкерлік қарқынды дамып келетінін ерекше атап өткім келеді.
Ал енді көкөніспен қамту мәселесіне келетін болсақ, бұл бағытта да ілгерілеушілік бар. Атап айтқанда, былтыр біз алғаш рет өзімізді көкөніс өнімдерімен толықтай қамтамасыз ете алдық. Жалпы, алдағы уақытта әр ауылдық округте бір жылыжай салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жылыжайларда үлкен сұранысқа ие картоп, орамжапырақ, қызанақ, қияр, пияз және сәбіз сияқты көкөніс өнімдерін өсіретін боламыз.
– Ауданның елді мекендерін ауызсумен қамту мәселесі шешімін тапты ма? «Ақ бұлақ» бағдарламасы қаншалықты жүзеге асырылып келеді?
– Ауданымыздағы ауылдарды ауызсумен қамту жұмыстары өте қарқынды жүргізіліп келеді деуге болады. Мысалы, былтырдың өзінде Ойшілік, Көкжыра және Жәнтікей ауылдарын су құбырына қоссақ, биыл ондай жұмыстарды Ақсуат, Ақжар, Қабанбай және Қарасу ауылдарында жүргізбекпіз. Ал шағын елді мекендердің барлығында орталықтандырылған су скважиналары пайда болмақ. Жалпы, ауызсумен қамту бойынша облысымыздағы ең жоғарғы көрсеткіш біздің ауданға тиесілі екенін ерекше атап өткім келеді. Қазіргі уақытта елді мекендеріміздің 67 пайызы таза сумен қамтылған.
– Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бағытында нендей шаруаларды қолға алдыңыздар? Елді мекендерде жәрмеңкелер жиі ұйымдастырыла ма?
– Азық-түлік жәрмеңкелері ауданымыздың ең ірі үш елді мекені: Ақсуат, Ақжар және Тұғыл ауылдарында апта сайын ұйымдастырылады. Мысалы, бес мыңға жуық тұрғыны бар Тұғыл ауылында бұған дейін жәрмеңкелер өткізілмеген екен. Ал қазір әр сенбі сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеде бес-алты ірі қара малдың, 10-15 қойдың еті саудаланады. Қазір бұл өнім 800-850 теңгеден сатылады. Демек, аталмыш жәрмеңкелер азық-түлік тауарларының бағасын ауыздықтауға ерекше сеп болуда.
– «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылға келген жас мамандар көп пе? Жалпы, ежелден халқы жағынан ірі ауданның бірі саналған Тарбағатайдағы қазіргі демографиялық, миграциялық жағдай қандай?
– Біздің ауданда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жақсы жолға қойылған деп айтуға болады. Мысалы, былтыр ауданымызға келген 11 жас маманға жалпы құны 25 млн. теңгеге үй алып бердік. Жалпы, ауылға келемін деушілер көп. Алайда, осы мамандарды баспанамен қамту жағы ауырлау болып тұрғанын жасырмаймын. Аталмыш жайтты ескере келе, биыл Ақсуатта 32 пәтерлік екі қабатты екі үй салуды қолға алмақпыз. Дәл осындай үйлер Ақжарда да бой көтеретін болады. Бұл мақсатқа 16 млн. теңге қаражат бөліп отырмыз.
Ал демографиялық жағдайға келетін болсақ, биыл Тарбағатай ауданында халықтың табиғи өсімі тіркелді. Бұған өңірде ана мен бала өлімінің азаюы ерекше ықпал еткені сөзсіз. Жалпы, 2013 жылы біз болашағы жоқ ауылдардан 31 үйді Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылына көшірдік. Тағы бір айта кетерлік мәселе, биыл бірнеше ауылдағы төрт жылдық бастауыш мектептерді тоғыз жылдық етіп өзгертпекпіз. Бұл аудандағы демографиялық жағдайдың оңалып келетінін айғақтаса керек.
– Сәтпаев ауылының маңындағы Көктүбек елді мекенінде мектеп және көпір салына ма?
– Көктүбек ауылында балабақша, клуб жоқ. Осы жайтты ескере келе, облыс Әкіміне ауылда жаңа мектеп салсақ, ал ескі мектеп ғимаратының бір жағын балабақша, екінші жағын ауылдық клуб ретінде пайдалансақ деген ұсынысымды айттым. Аймақ басшысы бұл ұсынысымызды қолдады. Алдағы уақытта жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлейтін боламыз. Ал көпір салу мәселесі биыл шешімін табады. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 9 млн. теңге қаражат бөлінді. Жуық арада жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысын бастаймыз. Естеріңізге сала кетейін, осыдан біраз бұрын дәл осындай көпір Бозша ауылында да пайдалануға берілген.
Нұржан Кенжеұлы