Қоғам

ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫ БЕСІНШІ МӘРТЕ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫ БЕСІНШІ МӘРТЕ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Бес күн бойы облыс әкімінің жүлдесіне арналған XIX халықтық спорт ойындары өз мәресіне жетті кеше. Облыс орталығын дүбірге бөлеген бұл жарыста Тарбағатай ауданы осымен бесінші мәрте аудандар арасында жеңімпаз атанса, қалалардан Өскеменнің бәсі биік болды. Жеңіске жеткен командаларды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады.
– Облыс әкімінің жүлдесіне арналған биылғы халықтық спорт ойындары өз деңгейінде өтті. Оған өңіріміздің барлық аудандары мен қалалары бір кісідей атсалысып, халыққа тамаша спорт мерекесін сыйлады. Сол үшін облыс жұртшылығы атынан барлық қатысушыларға зор алғыс білдіремін.
Шығыс Қазақстанда спорттың барлық түрі жақсы дамыған. Оған түрлі халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында спортшыларымыз қол жеткізген жетістіктер дәлел.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап халықтық ойындардың бағдарламасына жаңадан спорт түрлері қосылатын болады. Оның ішінде олимпиадалық түрлерге маңыз беріліп отыр. Сол секілді ұйымдастыру, өткізу тәртібіне де бірқатар өзгерістер енгізіп, дамыта түсеміз. Сондықтан алдағы ойындарда қатысушылардың саны бұдан да көбейіп, көрсеткіштер жоғарылай түсетініне сенімдімін, – деп атап өткен Жақсылық Омар кезекті XIX халықтық спорт ойындарын жабық деп жариялады.
Бұдан кейін көпшілік тағатсыздана күткен жарыс қорытындысы шығарылып, облыс әкімінің орынбасары бастаған бірқатар лауазым иелері жеңімпаздарды марапаттады. Спорттың 25 түрінен кіл мықтыларды анықтаған дүбірлі доданың нәтижесі бойынша қалалар арасында Өскемен (466 ұпай) облыс әкімінің жүлдесіне арналған XIX халықтық спорт ойындарының чемпионы болды. Екінші орынға 406 ұпай еншілеген семейліктер табан тіресе, үздік үштікті 244 ұпаймен Зырян қаласы түйіндеді.
Аудандар арасындағы бәсекеде барлығы 402 ұпай жинаған тарбағатайлық спортшылардың бағы жанды. Екінші орынды 338 ұпаймен Ұлан ауданы жеңіп алса, 323 ұпайға ие болған Бородулиха ауданы үшінші сатыға тұрақтады.

Осы орайда қасиетті Барқытбелдің баурайынан келген жерлестеріміз аталған халықтық ойындарда бесінші рет қатарынан бас бәйгені иеленіп отырғанын да айта кеткен дұрыс.
– Бес күнге созылған халықтық ойындардың нәтижесінде біздің аудан бірінші орынға шықты. Бұл біздің осымен бесінші мәрте жеңіске жетуіміз. Мұның бәрі әрине, тынымсыз еңбектің, үлкен дайындықтың жемісі, аудандағы жауапты мамандардың, демеуші азаматтардың көмегінің арқасы деп түсінемін. Негізінен, біздің спортшылар волейбол, қазақ күресі, гір көтеру, ат спорты түрлерінен жақсы нәтижелер көрсетті, – дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов.
Тарбағатай құрамасы биыл да барлық спорт түрлерінен жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әсіресе, ат спортынан, оның ішінде көкпар, бәйге, аударыспақтан бұл өңірдің жігіттері ешкімге дес берген емес. Көкпар демекші, ат спортынан елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Тоқан Базархановтың сөзіне қарағанда, тарбағатайлық көкпаршылар биыл 12-ші мәрте халықтық ойындарда топ жарып отыр. Осы жолы финалда облыстың бірнеше дүркін чемпиондары Бородулиха көкпаршыларымен күш сынасты. Бір атап өтерлігі, қазақылықтың мұрты бұзылмаған Үржар, Абай, Аягөз сынды аудандарды айтпағанда, өзге ұлттың өкілдері көбірек тұрақ тепкен Бородулиханың көкпардан ақтық сында өнер көрсетуі Шығыста ат спортының қанатын кеңге жайып келе жатқанын білдіретіндей. Дегенмен, мықтының аты мықты ғой. Тарбағатайлық көкпаршылар қарсыластарын 2:0 есебімен жеңіп кетті.
– Біздің команда құрамында тәжірибесі мол, тісқаққан, шебер ойыншылар көп. Аттарымыз да көкпарға әбден төселген. Соның арқасында жеңісті қолдан бермедік. Дегенмен, қарсыластарымыз да осал емес, жылдан-жылға күшейіп келеді. Биылғы командалардың дайындықтары, жеңіске жетуге деген құлшыныстары өте керемет. Осындай жоғары бәсекелестік жағдайында чемпион атану біз үшін үлкен жетістік, – дейді Тарбағатай ауданы көкпар командасының капитаны Бақытбек Игіліков.
Айта кетейік, белгілі кәсіпкер Қайрат Мусин жүлделі екінші орын алған Бородулиха ауданының көкпар командасына 500 мың теңге ақшалай сыйлық берді.
«Құлағын тұр қайшылап қазанаттар…»
«Құлағын тұр қайшылап қазанаттарың,
Бақ пен бабы сай келсе озады аттарың.
Ал бұйыртып бәйгенің алдынан келсең,
Көкке лақтыр бөркіңді азаматтарым…» деп ақын жырлаған аламан бәйгеге бұл жолы да адамдар қарасы көп жиналды. Өскеменнің Меновное атшабарына қарай ағалған жұрттың легі таң сәріден түс ауғанша бір тынбады. Төбе-төбенің басына шығып, қиқу салған жанкүйерлер шабандоз балаларға дем беріп, тұяғымен жер апшысын қуырған тұлпарлар шабысын сүйсіне тамашалады. Ат ойнатып шықса арқасы қозатын қазақ емеспіз бе, атшабардағы жүйріктердің әрбір қимылын, әрбір аяқ алысын қалт жібермей баққан көпшілік бәйгенің басы көмбеге жеткенше тікелерінен тік тұрып қошемет-қолдау көрсетті.
Бәйге десе ішкен асын тастай жүгіретін қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін тағатсыздана күткен 25 шақырымдық аламан аса тартысты болды. Жігіттің азаматтары мен жылқының қазанаттары анықталатын бұл сында Ұлан ауданының «Құлагер» атты сәйгүлігі мәреге басқалардан оқ бойы озып келді. Шабандозы – Ерасыл Сайлаубеков.
Жалпы, Ерасылдың шеберлігі жұртты таңғалдырды. Атының сырын жақсы білетін және бапкерінің айтқан ақыл-кеңесін де бұлжытпай орындайтын ол соңғы сәтке дейін тізгінді тарта ұстап келіп, тек көмбеге бір-ер шақырым қалғанда ғана тұлпарына қамшы басты. Бұл кезде ертерек озып кеткен шабандоздардың аттары қарқынын бәсеңдетіп қалған болатын. Ерасыл «Құлагердің» тізгінін дер кезінде босатты. Соның арқасында ілгері кеткен екеуді қуып жетіп, басып озды. Озғанда да оқ бойы ұзап келді көмбеге.
Екінші орын «Еркеторы» деген лақап аты бар тұлпарды тізгіндеген семейлік шабандоз Медет Ахметовтің еншісіне жазылды. Ал үшінші орын тарбағатайлық Сержан Омарбеков баптайтын «Титан» атты жүйрікке бұйырды. Оның шабандозы – Мақсат Қанат.
Жорға жарыста бірінші болып көмбеге Семей қаласының аты келді. Жүлделі екінші және үшінші орындар тиісінше Үржар мен Көкпекті аудандарына бұйырды.
Сондай-ақ, биылғы халықтық ойындарда төрт түліктің патшасы саналатын Қамбар ата түліктерінің арасында тұңғыш рет «Керемет сәйгүлік» аталымы бойынша жүлде тағайындалды. Дене бітімі сұлу, тұқымы асыл жылқылардың арасынан бас жүлдеге Глубокое ауданының сәйгүлігі лайық деп табылды. Екінші орын Ұлан, үшінші орын Зайсан аудандарының аттарына берілді.
Облыс әкімінің жүлдесіне арналған XIX халықтық спорт ойындарының өз деңгейінде ұйымдастырылғаны туралы Риддер қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Қуаныш Баяндин өз ойын былай деп жеткізді:
– Ойындардың ұйымдастырылу, өткізілу деңгейі жылдан-жылға көтеріліп келеді. Қатысушылардың да дайындығы арта түскені байқалады. Біздің Риддердің құрама командасы спорттың тоғыз түрінен бақ сынады. Олардың ішінде атап айтар болсам, қол күресінен 100 келіден жоғары салмақта Александр Фраш, 100 келіге дейінгі салмақта Роман есімді спортшыларымыз бірінші және екінші орындарды иеленді. Біздің ендігі мақсатымыз ат спорты түрлеріне көңіл бөліп, келесі халықтық ойындарда бүгінгі нәтижені бұдан да жақсарта түсу.
Сонымен қатар, Риддер қаласы тіккен киіз үй киіз үйлер байқауында жүлделі үшінші орынды жеңіп алыпты. Өзге ұлт өкілдері басым тұратын қаладан байқау талаптарына сай келетіндей қазақы үйді жабдықтап әкелудің өзі жетістік дейді мамандар.
Иә, көпшіліктің пікіріне құлақ түрсек, аты айтып тұрған халықтық ойындар халықтың көңілінен шыққан сияқты. Ендеше, келесі жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аталмыш ойындардың бағдарламасына жаңадан спорт түрлері енгізілсе, қатысушыларымыз бұдан да жақсы нәтиже көрсетіп, жанкүйерлер бұдан да тартысты бәсекелердің куәсі болатынына сенім мол.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button