Руханият

Тарбағатайлықтар топ жарды

Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оралхан Бөкейдің туған күніне орай,  Катонқарағай ауданында өткен көркемсөз оқу шеберлерінің аймақтық онлайн байқауы өткен болатын.

Сол өнер бәйгесінің екі бірдей бас жүлдесін ересектер арасында Ақсуат халық театрының актері Ержан Аханов, жасөспірімдер арасында «Тамшы» балалар театрының жас таланты Айғаным Мәлікова жеңіп алса, І орынға Олжас Серікбекұлы ие болды.

Жалпы, «Тамшы» балалар театры – облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, жеңімпаз болып жүрген өнерлі ұжым. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі, мәдениет саласының үздігі  Бейбіт Құсанбаев режиссер болып келгелі тарбағатайлық талантты балалар өз шығармашылық қабілеттерін шыңдай түсуде. Бүгінгі таңда жас актерлер түрлі жанрдағы қойылымдарда кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. 2019 жылы Ташкент қаласында өткен халықаралық балалардың өнер фестиваліне қатысып, бас жүлде еншілеп қайтты. Бір жыл көлемінде түрлі байқаулардан он мәрте гран-при иеленуінің өзінен-ақ театр өнерпаздарының қаншалықты өсіп-жетілгенін аңғаруға болар.

Бұл тұста тәжірибелі, білікті маманның «ауыл балаларының шығармашылығын дамытсам» деген ниетін түсініп, әріптестік қолдау танытқан Ақсуат Мәдениет үйінің басшысы Шәкен Мәлікқызының да еңбегін атап өткеніміз жөн.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button