Таразыға жан «бітті» ме?

Жәрмеңкеге барған жұрттың көбісі сатушылардың әрекетіне көңілі толмайтынын айтып жүр. «Таразыдан жеп қояды екен» дейді олар. Өскеменде өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесінде біз осы мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық.
Діттеген жерге жетісімен бірден бақылау таразысын іздедік. Олай қараймыз жоқ, бұлай қараймыз жоқ. «Бақылау таразысы» деген баттиған жазу бар. Бойына жан бітпесе, таразының өзі қайда?
Мына бір кісі манадан асығыс шапқылап жүр, өзінен сұрап көрейікші деп жанасалап жете бергеніміз сол еді, «Оны қайтпек едің?» – деп тойтарып тастады. Жә, ал анау асықпай жүрген кісі кім екен? «Ветеринарлық дәрігермін», – деп өзін таныстырған ол кісі де білмейтін болып шықты.
Жәрмеңке ашылғалы бір сағат өтті. Күн суық. Тоңып «секіріп» тұрғанымызда әлгі «Оны қайтпек едің?» дейтін асығыс адам көлік ішінен қол бұлғап шақырды. Бармадық. Өзі келді. Алғашқы айтқаны «Журналист екенсіз ғой» деген сөз болды. «Әлгінде ғана тілшіге ұқсатпаған соң аялдамай кеткен жоқ па еді?» деген сұрау санамызға сап ете түсті.
– Бақылау таразысы жаңа ғана тұрған. Апыр-ай, жоғалып кетті ме? Қазір апарып қоясың, ізім-ғайым таппай қаласың. Неткен адамдар?! Мылтық беріп, күзетші қоямыз ба? – деп кіжінді ол.
Бұл кісі Ерлік Ордабаев есімді мал дәрігері болып шықты. Манағы асықпайтын кісі екеуінің сөзінде бір қарама-қайшылық бар секілді ме, қалай? Сонымен, Ерлік мырза бір ерлік жасағандай бізді «Fresh market» сауда кешенінің әкімшісіне қарай сілтеп жіберді. Осы аулаға әкімші жауапты болғандықтан оған барудан бас тартпадық.
– Таразы қойғаннан пайда жоқ. Алтау-жетеуін жоғалттық қой деймін, – деді әкімшіміз екіұштылау тіл қатып.
Осы кезде қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Серік Күдербаев келе қалды. Түсінгеніміз, жәрмеңке сайын қойған таразы жоғалып кететін болып шықты. Кім алып кететінін де бір құдай білсін. Тіпті, шынжырмен байлап та көріпті. Дауа жоқ, алатын адам шынжырға да қарамайды екен. Әйтеуір, олардың айтуынша осылай. Бөлім басшысы бақылау орнына дәл қазір бір таразы әкелуді тапсырды.
Бұл кішігірім жиында жәрмеңкенің жай-жапсары да айтылды. Түйіні мынау: Бүгінгі жәрмеңкеге қала маңындағы ауылдар қатысты. Ветеринариялық қарау кезінде екі малдың өкпесінен кінарат табылып, жарамсыз болып қалды. Жылқы етінің келісі – 1500, сиыр еті – 1300-14000, қой еті 1000 теңгеден саудаланды. Тұтас тауық пен қаздың бағасы 2500 – 5000 теңге аралығында болды. Сондай-ақ бал, макарон, жарма өнімдері де бар. Айтпақшы, балықтың да түр-түрі жеткізілген екен. Шортанның келісі 300 теңгені құрады.
Тасқын Болатұлы