ТАР ҚАПАСТА ҚОРЛАНҒАН ТАЛАНТ
Жарма өңірінің тумасы, белгілі айтыскер ақын, шежіреші Қалихан Алтынбаев ертеректе «Семей таңы» газетіне: «Ел арасында «Тәшубай сиқыршы» аталып кеткен Ташмағамбет Ерғазыұлын бүгінгі ұрпақ біле қоймас. Ол 1925-1926 жылдары Семейдің бірнеше ауданын аралап жүріп, алуан түрлі ғажаптар көрсеткен. Сол кездің өзінде спиритизм, семия, кемия, магнетизм, гипноз ғылымын әжептәуір меңгерген оның қасиеті мен қабілеті қазіргі болгарлық, индиялық мақтаулы экстрасенстердің ешқайсысынан кем емес. Керемет көрсетерде ол арабтың «Иандилғари» кітабын пайдаланған екен. Бұл кітаптың қазақша аталуы «Аспан (космос) кіндігі». Амал не, осындай тума дарын 1937 Зайсан қаласында адам фельдшері болып қызмет етіп жүрген жерінде «Халық жауы» ретінде ұсталып кете барған. Содан қайтпаған. Тұтқынға алынарда заң орындарының өкілдеріне керемет көрсетіп, құтылып кеткен екен. Орнына бойжеткен қызын түрмеге қамаған соң амалсыз өз ықтиярымен келіп, қолға түсті» деп жазған болатын.
Оң қолын сермеп, cалт аттыларды кері қайтарған
Өскелең ұрпақ өзіміздің Шығыс өңірінде Ташмағамбет сынды ерекше дарынды адамның болғанын біле жүрсе екен деп, өзім білетін біраз жайларды баяндауды жөн санадым.
Тәшубай Ерғазыұлы 1900 жылы Өскемен уезі, қазіргі Ұлан ауданы, бұрынғы Айыртау болысына қарасты жетінші ауылда дүниеге келген. Руы Терістаңбалы – Ақтағыс ішінде Қосқұлақ атасынан. Ерғазыдан Ташубай, Жағыпар, Мағрипа (1906 ж) және 1909 жылы туған Ыдырыш атты төрт бала тарайды. Жағыпар төрт-бес жасқа келгенде қайтыс болыпты. Шешелері Жәнша Мәкетқызы, сүйегі Терістаңбалы ішінде Сатыбалды руынан. Мәкет Өнжейұлы ауқатты, Терістаңбалы ішінде аса сыйлы адамдардың бірі болған. Қажылыққа барып, «Мәкет қажы» атанған. Ата қонысы Айыртаудың күнбатыс етегіндегі көлдің маңы. Әмірхан, Темірхан деген ақсақалдар бұл көл ертеректе «Мәкет көлі» деп аталғанын айтады.
Тәшубай 15-тен 16-ға шыққан жылы әке-шешелері бірінен соң бірі қайтыс болып кетеді де, Тәшубай мен Мағрипаны нағашысы Мәкет қажы қолына алады. Ал Ыдырыш немере ағалары Бейсембай мен Ахметтің қолында қалады. Тәшубай жасынан зерек, әр нәрсеге қабілеті бар жігіт болып өседі. Медресе бітіріп, орысша сауатын ашады.
Ыдырыш Ерғазыұлы – менің әкем. Ұлы Отан соғысының ІІ-топтағы мүгедегі. 1959 жылы дүниеден өтті. Апайы Мағрипа әкемнің қырқына дейін құран оқып, біздің үйде болды. Сонда ағасы Тәшубай туралы, өздерінің өткен өмірлері жайында көп әңгіме айтатын. Сол кісінің айтуынша, нағашысы Мәкет қажы Меккеге барғанда арабтың дұғалық кітабы деп, қойынға салып жүретін бір кішкене ғана кітап сатып әкеліпті.
Мәкеттің Омар, Есен деген ұлдары болған. «Өскенде солардың біреуіне берермін» деп әлгі кітапты сандыққа салып қойыпты. Бірақ олардың оқуға құлықтары болмай, ылғи ат үстінде серуенде жүреді екен. Сондықтан кітапты оларға бермей, зерек әрі қабілетті жиені Тәшубайға берген екен. Мағрипа апайдың айтуынша, сол кітапты оқығаннан кейін Тәшубайға әртүрлі сиқырлық өнер қона бастайды. Маңайындағы ауылдарда той-томалақ болса соған барып, жиылған халыққа неше түрлі таңғаларлық сиқырлы ойындар көрсетіп жүреді. Сөйтіп, ел арасына «Тәшубай сиқыршы» деген атағы шыға бастапты.
Бірде Айыртау болысымен көршілес Сұлусары болысының Алтыбай Шақанақ ауылында үлкен той болып, сол тойда Тәшубай өз өнерін көрсетеді. Түнге қарай жастардың тойында сол ауылдың өте өңді Сәрбижамал атты қызымен танысады. Тәшубай да, қыз да бір-бірін ұнатып қалса керек. Қыздың айттырып, құда түсіп қойған жері бар болып шығады. Ол Терістаңбалы ішіндегі Айтқұл атасының жігіті екен. Бірақ қыз оған тұрмысқа шыққысы келмейтінін айтады және алдағы бір-екі айдың ішінде ұзатпақшы дейді.
Сол түні қыздың келісімімен Тәшубай Сәрбижамалды ауылына алып қашады. Ауылдағылар өре түрегеліп, қарсы болады. Өйткені, қыздың айттырып қойған Айтқұл руының жігіттері тентектігімен аты шықса керек. Елдегілер «Енді олар келіп ауылды шауып алады» деп қорқады. Тәшубай ауылдастарына: «Саспаңдар, қорқатын ештеңе жоқ» деп ауылдың бала жігіттеріне «Кезектесіп қарауыл қараңдар, бөтен салт аттылардың келе жатқанын көрсеңдер маған хабар беріңдер» дейді де, өзі Сәрбижамалмен үйге кіріп жатып алады.
Бір-екі күн өткенде балалар үйге жүгіріп келіп, 15-20 салт аттының келе жатқанын айтады. Тәшубай да тез далаға шығып, есік алдындағы дөңеске көтерілсе, шынында да, бір топ салт аттылар шаңдатып келе жатыр екен. Тәшубай қалтасындағы кітабын оқып тұрады да, бір кезде оң қолын салт аттыларға қарай сермеп қалады. Сол кезде салт аттылар кілт тоқтай қалып, абыр-сабыр болады да қалады. Аттарын тебініп, алдыға қарай ұмтылса, аттары әлденеден үркіп алға баспай қойыпты. Содан амалы таусылған қуғыншылар әрі-бері тұрып, бұрылып ап кері қайтып кетеді.
Сонда Тәшубайдан «Аналарға не істедің?» дегенде: «аттарының алдына бөшкелер домалатып қойдым» дейді. Бұл Тәшубайдың «сиқыршы» деген атағы ел ішіне жайыла бастаған кезі болатын.
Сөйтіп, Тәшубай мен Сәрбижамал тыныш өмір сүріп жатады. Біраз уақыттан кейін Тәшубай тағы да ел аралап, қай жерде той-думан болса, сонда кетіп қап жүреді.
Мағрипа айтады: – Сол кездерде Сәрбижамал жеңешем ағатайым үйге келгенше мазасызданып, тамақ та ішпей, қайта-қайта далаға шығып, жолына қарай беретін. Ағатайым келген соң ғана тынышталатын. Жеңгеміз бір жылға жетпей, аяқастынан ауырып, қайтыс болды. Ағатайым жеңешем ауырғанда ешқандай айла-амал істей алмағанына қатты налып, неше күн бойы тамақ ішпестен жатып алды.
Кішкене бұлақты үлкен өзенге айналдырған
Бұл кезде осы өңірде Совет үкіметі орнап, бел ала бастаған кез болатын. Айтқұл мен Шақанақтың белсенділері Тәшубайға маза бермеуге айналғасын Сәбижамалдың жылын ертерек өткізді де, бір күні қайда баратындығын айтпастан кетіп қалды. Содан бірнеше жыл бойы хабарсыз кетті.
Мен Матай елінің Айтбай деген жігітіне тұрмысқа шығып, Алаайғыр руднигінде тұрып жаттық. Содан 1929 жылы ағатайым бізді іздеп келді. Қазіргі уақытта Зайсан қаласында тұратынын, сонда адам фельдшері болып қызмет істейтінін, руы төртуыл Медеубайқызы Кәбираға үйленгенін, жуықта ұлды болғанын айтты. Бұл кезде бауырым Ыдырыш менің қолымда болатын. Осы жылдары Алаайғыр кенішінен 8-9 шақырым жерде Жаңа ауыл колхозы ұйымдасып, маңайдағы ұсақ ауылдар осы колхозға көшіп келіп қоныстанып жатқан. Тәшубай осы елдегі туысқандары мен құдаларын аралап, жиылған адамдарға не түрлі ойындарын көрсетіп жүрді.
Сол жолы Алаайғырда көрсеткен бір өнері ел есінде ерекше сақталып қалды. Бір күні сыртта жиылған адамдарға түрлі сиқыр ойындар көрсетіп жатқан. Ауылдың іргесінен жаяу кісі аттап өтетіндей кішкентай ғана бұлақ ағып жататын. Сол бұлақтың арғы жағына орыстар бақша егетін-ді. Бір топ орыс әйелінің сол бақшаларынан қайтып келе жатқанын байқаған Тәшубай: «Мен сендерге қазір бір қызық көрсетемін» деді. Бәріміз әйелдерге қарай қалдық. Бір уақытта әлгі кішкентай бұлақ үлкен өзенге айналып кетті де, әйелдер тоқтай қалды. Содан өзара дабырласып, бір уақытта ішкі киімнен басқасын шешіп ап төбелеріне ұстап, әлгі өзеннен өте бастады. Бергі жағаға өтіп киімдерін қайта кие бергенде жаңағы үлкен өзен жоқ болды да, бұрынғы кішкентай бұлақ қалпына келе қалды. Мұны көрген әйелдер де, сол жерге жиналғандар да таң-тамаша қалыстық.
1973 жылы «Семей таңы» газетіне шыққан Қалихан Алтынбаевтың мақаласын оқығаннан кейін газетті алып өзіміздің ауылымызда тұрып жатқан Қалел ақсақалға барып мақаланы оқып бердім.
Мақаланы тыңдап болып ақсақал:
– Ой, сенің ол атаң керемет еді ғой – деп төмендегі әңгімені айтты.
– Бізде Жаңа ауыл колхозы құрылып жатқан кез болатын. Тәшубай келіп, ауылды аралап, неше түрлі сиқырлы ойындар көрсетіп, бірнеше күн ауылда болды. Бір күні маған: – Құрдас құда, мен қайтайын. Сен ренжімесең, мені Георгиевкаға (қазіргі Қалбатау) дейін шығарып салсаң, – деді. Екеуіміз салт атпен Георгиевканы бетке алып жүріп кеттік. Жол бойы ауылдарға соғып, сиқыр ойындарын көрсетіп отырды. Сол бетте Георгиевкадан өтіп, қалай Көкпектіге келіп қалғанымызды білмеймін.
Көкпектінің базарына келіп тоқтаппыз. Базарда тұрған адамдар Тәшубайды бұрыннан біледі екен. Бәрі саудаларын тастап «Бізге ойын көрсет» деп жиналып тұрып алды. Тәшубай «жарайды» деп, базардың төр жағында жатқан бір бөрене ағаштың жанына барып, «Қазір мен мына ағаштың бір жағынан ішіне кіріп, екінші жағынан шығамын. Екінші жағынан кіріп, бірінші жағынан шығамын» деді. Бәріміз қарап тұрмыз. Айтқанындай ағаштың бір басынан кіріп, екінші басынан шығып, екінші басынан кіріп, бірінші басынан шығады.
Осы сәтте біреу айғай салғанға жалт қарасақ, шөп тиеген бір арбалы базардың қақпасынан кіріп келе жатыр екен. Ол адам бізге: – Оған несіне таңырқап тұрсыңдар, ол ағаштың ар жағынан олай да, бұлай да өтеді, – деді.
Сол кезде Тәшубай оған: – Сен неменеге айғайлайсың, одан да ана шөбіңе қара өртеніп жатқан, – деді. Бәріміз соған қарасақ, шынымен де әлгінің шөбі лапылдап өртеніп жатыр. Ана кісі жалма-жан арбадан секіріп түсіп, қынындағы пышағын ала сала аттың қамытының құлақбауларын кесіп жіберіп, атын былай шығарып алды.
Тәшубай оған тағы да: – Сені жын қақты ма, құлақбауларыңды неге кестің? – деді.
Ана адам: – Ойбай-ау, шөбім өртеніп жатқан жоқ па, – дейді шыж-быж болып.
Тәшубай сонда жайбарақат: – Өзің қайдағы өртті айтып тұрсың? – деді.
Қарасақ, шынымен де ешқандай өрт жоқ. Осы оқиғаға куә болған елдің барлығы қатты таңғалды.
Көкпектіде бір күн демалып, Тәшубай Зайсанға қарай аттанып кетті де, мен сол жерден ауылға қайттым.
Тәшубайдың Кәбирадан Базылағзам (1929 жылы туған), Есімағзам (1931 жылы туған) деген екі ұлы болды. Тәшубай Базылағзам деген (Базкен) ұлын ертіп, 1935 жылы Алаайғыр мен Жаңа ауылдағы туыстары мен құдаларына тағы да келіп қайтады. Бұл жолы інісі Ыдырышты өзімен бірге алып кетеді.
Менің әкем Ыдырыштың айтқаны: – Тәшубай ағам Зайсан қаласында адам фельдшері қызметін атқарып жатады. Ауырған адамдарды емдегенде көбіне-көп дәрімен емес, адамды ұйықтатып тастап, яғни, гипнозбен емдеген. Дәріні сирек қолданған. Зайсан халқының ортасында өте сыйлы болыпты. Фельдшерлік қызметтен басқа, арасында халыққа не түрлі сиқыршылық өнер де көрсетіп тұрған көрінеді.
Сәрбижамал қайтыс болғаннан кейін ол кісі адам емдейтін дәрігер болуға бет бұрған сияқты. Ал дәрігерлік оқуды қашан, қай жерде оқығаны жөнінде нақты дерек жоқ. Дәрігерлік оқуды бітірген соң Зайсанға баруына осы қалада нағашы апасы Мәкет қажының қызы Тойғанның тұрмыста болуы себеп болған.
«Елге барсам, белсенділер тағы да маза бермейді» деп осы Зайсан қаласына келіп тұрақтаған.
1937 жылы Зайсан қаласына аудандық НКВД бастығы болып бір қазақ жігіті көшіп келеді. Ауданның бір қызметкері сол жігітті және ішінде Тәшубай да бар, тағы да бірнеше адамды әйелдерімен қонаққа шақырады. Келген адамдарды НКВД бастығына таныстырып, Тәшубайды таныстырғанда бұл адамның ерекше қасиеті бар екенін, неше түрлі күлкілі сиқыр ойындар көрсететінін айтады. «Көп жігіттерді балдыз деп ойнап, оларға жұмыртқа тапқызып, ит қылып үргізіп қояды екен» дегенде, әлгі бастық: «Бұл сендерді алдап, надандықтарыңды пайдаланып жүр ғой. Мықты болса маған істесінші соны» дейді. Тәшубай оған: «Мен ондай ойындарды мына балдыздарыма істеймін. Сізге ондай ойын істеу ұят болады» дейді сыпайылық танытып.
Сонда анау: «Міне, айттым ғой, ол мен сияқты көзі ашық адамға ондайды істей алмайды» деп тағы да намысқа тиетін біраз сөздер айтады. Сонда Тәшубай ашуланып кетіп, анаған қарай қолын сермеп қалады. Сонда анау тізерлеп отыра қалып, жағалай отырған кісілерге ит болып үріп шығады. Содан қайтадан қолын сермегенде анау қоя қойып, қалпына түседі. Отырғандардың қыран-топан күліп жатқанын көріп, бұлардың өзіне күліп отырғандарын білгенде әйелін ертіп ап, тамаққа да қарамастан кетіп қалады.
Ертеңінде Тәшубайды кабинетіне шақырып алып, бір милиционеріне «Мынаны апарып абақтыға жап» дейді. Анау апарып абақтыға кіргізіп, сыртынан құлып салып жатса, Тәшубай жанында тұрады. Сонда Тәшубай оған: «Сен мені қамай алмайсың» дейді.
Анау «неге?» деп абақтының есігін ашып қайта ішіне кіргізіп есігін жапса, Тәшубай тағы да жанында тұрады. Содан ол бастығына келіп болған жайды баяндайды.
Бастық: «Жарайды, үйіне қайтар» дейді.
Арада бір жұма өткенде Семей НКВД-сынан шақырту қағаз келеді. Тәшубай Ыдырышқа – Егер мен кешіксем сен елге қайт – дейді де, өзі Семейге кете барады. Сол кеткеннен Тәшубай қайтпайды. Біраз өткенде Зайсан НКВД-сының бастығы «Тәшубай «Халық жауы» ретінде атылды деген хабар таратады. Осындай оқиғаның болғанын кейіннен Тәшубайдың Мәсәлім, Шәйтбек деген балдыздары да растайды.
Базкен аға 1954 жылдары Семейде оқуда жүргенде әкесінің зиратын тапсам деп, бірсыпыра іздестіру жұмысын жүргізеді. Ақыры сол 1937 жылдары НКВД түрмесінің күзетшісі болған бір үлкен кісіні табады. Сол кісімен әңгімелесіп сұрағанда Тәшубаймен болған оқиғаны білетінін айтады. Қарт күзетшінің айтуына қарағанда тағы да түрмеге қамаймыз дегенде, қамай алмағандарын, қамап қойса қайта-қайта шығып кете бергенін айтады.
Содан бастықтар құйтырқылыққа барып «Саған мынау ешкім тиіспесін деген қағаз жаздырып береді» деп алдап, бір милиционерге ертіп жібереді де, түрменің бір түкпір жағына барғанда білдірмей атып тастайды. Ал сүйегінің қай жерге көмілгенін ешкім айта алмайды. Өйткені, ол кезде «Халық жауы» деп кісілерді жиі-жиі атып, апарып жалпы зиратқа көме салатын дейді.
Міне, осылайша дарынды да, қасиетті талай азаматтардың түбіне жеткен сұрқия саясаттың құрбаны болғандардың бірі осы – Тәшубай Ерғазыұлы.
Әнесқан Ыдырышұлы
Шалабай ауылы,
Жарма ауданы.