Қоғам

Тақия тігу трендке айналды

Ұтымды жолын таба білсе ұлттық құндылықты насихаттаудың амалы көп. Тек оны жаһандық үрдіске сай іске асыра білген жөн. Осындай бір келелі істің орайын тапқан өскемендіктер тақия тігуді трендке айналдырып келеді.

Бұл жолғы тақия тігуді үйреткен шеберлік-сабағы Пушкин атындағы облыстық кітапхананың Maker Space шығармашылық алаңында  өтті. Ал қазақтың ұлттық бас киімін насихаттауға арналған шараға АҚШ дипмиссиясы мен Chevron компаниясы қолдау көрсеткен. Бір қуанарлығы тақия тігуге қызығушылық танытқандардың қатары көп.

– АҚШ елшілігі мен Шеврон компаниясының серіктестігі арқасында бізде, Америка бұрышы мен Maker Space шеберханасында көптеген іс-шаралар өтуде. Айта кетсек, Американ бұрышында ағылшын тілін үйренуді насихаттау, Америка мәдениетімен таныстыру шаралары, ал Maker Space шеберханасында тігін тігу курсы, сурет салу курсы, фото клуб, графикалық планшетте сурет салу және көптеген пайдалы шеберлік-сабақтар өтеді. Мысалы, соңғы өткен іс-шарамыз – қазақи нақыштағы тақияны тігіп әсемдеу. Қатысушылар небары екі сағат ішінде тақияны қиып, тігіп, сәндеп үйренді. Осы іс-шараға қатысам деушілер көп болған соң жақын арада тағы осы сияқты шеберлік-сабағын өткізуге ниеттеніп отырмыз. Айта кететін жағдай, Америка бұрышы мен Maker Space шеберханасында өтетін клубтар мен шеберлік-сабақтарының барлығы тегін және кез келген адам келіп қатыса алады, – Maker Space координаторы Айжан Сайранқызы

Maker Space шығармашылық алаңында болғандар қатысқандар тақияның негізін қалай қиюды, оны тігуді және әшекейлермен безендіруді үйренді. Тіпті, қатысушылардың кейбіреуі небары екі сағаттың ішінде шебердің көмегімен тақия тігіп үлгерді. Осылайша өз ісінің шебері өзгеге басталған істің қиындығы жоқ екенін көрсетті. Алдағы уақытта тақия тігуді үйренем дегендерге кітапхананың Maker Space шығармашылық алаңы ашық дейді кітапхана ұжымы.

– Қазақы оюлар және асыл тастармен безендірілген тақияларға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып бас киімнің  қайта жаңаруын уақытында пайдаланып, жоғалып бара жатқан ұлттық құндылығымызды  қайта  қалыптастырғанымыз  абзал. Қазіргі таңда тақия тігіп, кәсібін дөңгелетіп отырған тігіншілеріміздің де қатары көбеюде. – Ұлттық нақыштағы киімдерді  насихаттап  жүрген  ісмерлеріміздің бірі  Гульфира Изекова.

Міне, осылай тақия тігу күн сайын трендке айналып келеді. Осыған дейін қалалық Оралхан Бөкей атындағы кітапханада өткен тақия тойына қатысып, игілікті іс-шараға куә болып қайтқанбыз. Көздің жауын алатын көптеген тақияның сатылып жатқанын да көзіміз шалған еді. Енді міне, бұл шара облыстық кітапханада жалғасын табуда. Осылайша ұлттық құндылықты дәріптеу ұтымды түрде іске асып жатыр.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button