Қоғам

Тапсырыс қабылдап, киім тігеді

Аягөздік Күміс Әбдрахманова қала орталығынан тігін цехын ашып, істі бастап кеткен кезде біреулер оның шаруасы дөңгеленіп кетеріне күмәнмен қараса, енді бірі «Әп, бәрекелді! Күміс қолға алған ісін бір жақты қылады. Өйткені, ол өте еңбекқор қыз!» деп ризашылықтарын білдірген.

Шынында да, ол бірден «Даму» қоры арқылы 14 млн. теңге алып, тігін цехын ашып, ісін жүргізе бастады. Көп жылдан бері әртүрлі сауда орындарын жалға алып, киім сатумен айналысып  жүрген іскер келіншектің айы оңынан туды десе де болатындай еді. Енді киімін де сатып, тігін цехын да іске қосып, жұмысын жүргізе бастаған. Алдымен, ол қаладағы кәсіпкерлер палатасына келіп, бұл істің мән-жайымен танысады да, палата қызметкерлерінің бағыттауымен арнайы құжат жұмыстарын реттей бастайды.

– Бастабында бес-алты тігін машинасын ғана аламын деген ойым мүлде дұрыс болмай шықты. Ойға алған ісімізді бастау үшін алдымен тігін машиналарына, киім үтіктеуге, материалдарды кесуге  арналған  арнайы үстелдер, турникеттер мен оверлоктар алдық. Мына тұрған «Типикал» тігін машиналары еш артық дыбыссыз жұмыс істейді, өте қолайлы.

Шынында да,  «Даму» қоры арқылы үлкен жеңілдікпен берілген  қаржы Күміс Әбдрахманованың да кәдесіне жарады. Аягөздің орталығынан өздері құрылысын салған  «Жәкіш» деп аталатын сауда үйінің ішінен тігін цехын ашып, тапсырыстар қабылдай бастады. Жұмыс істеймін деген жанға қашанда екі қолға бір күрек табылатыны секілді, Күміс бастаған тігіншілерге де шаруа шаш етектен болды. Әскерилер мен осындағы кадет оқушыларына арнап спорттық киімдер тікті.

– Енді жуық арада субсидия мәселесі шешілсе, бұл біз үшін үлкен жеңілдік болар еді. Өйткені атқарар шаруа оңай емес. Оның қаржы мәселесі, жұмыс орны, жұмыс күші секілді басты-басты түйіндерін шешіп алғанда ғана іс оңға басады деп ойлаймын. Сол үшін де мұндай жеңілдіктер бізге өте қажет. Бұл – – кәсіпкер үшін үлкен демеу.

Айта кетерлігі, сауда үйінің «Жәкіш» аталуы да тегін емес көрінеді.

– Жәкіш деген өз атамыз, – дейді Күміс, – Күйеуімнің аты-жөні – Әділбек Жәкішұлы Әбдрахманов. Сауда үйінің ғимаратын салып болғаннан кейін бірден «Жәкіш» атадық. Өйткені бәріміз Әбдрахман атамыздың тегін алдық та, Жәкіш атамыз атаусыз қалғандай болып, қоңылтақсып қалған жайымыз болды. Сондықтан осылай атауды ұйғардық. Өз алдыма кәсіп ашамын, жұмысымды жүргіземін деген жандар үшін мелекет тарапынан осындай жеңілдіктер болғаны қандай жақсы. Қолтығыңнан демеп жіберсе, арғы жағында істі дөңгеленту өзіңе байланысты ғой. Іс бастаймын, жұмыс жасаймын деген адамдарға қаржылай көмек көрсетіп отырған «Даму» қорына алғыс айтқым келеді. Мемлекет осындайда қолтығыңнан демеп жібермесе, істің бәрі бос кетеді. Сондықтан осындай қомақты қаржы бөліп, ісімізді жүргізуге мұрындық болып отырған қорға айтар алғысымыз шексіз, – дейді жеке кәсіпкер Күміс Әбдрахманова.

                                                                            

                                                                       Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button