Жұмыспен қамтуТОП

ТАПШЫ МАМАНДЫҚТАРДЫ ОҚЫТАДЫ

Өскемендіктер мен өңір тұрғындары облыс орталығындағы «АзБуКа» көпсалалы оқу-практикалық орталығынан сұранысқа ие жаңа мамандықтарды игеріп жатыр. «Бір терезе» қағидасы бойынша білім беретін «Криптто» ЖШС жанындағы аталмыш орталықтың ерекшелігі сонда, оқыған мамандығы бойынша жұмыссыздарға жұмысты өздері тауып береді, бұл жерге ата-аналар  балаларымен бірге келіп оқуына да болады.

«АзБуКа» оқу-практикалық орталығы оқыта алмайтын мамандық жоқ екен деседі осында келіп тапшы болып отырған түрлі мамандық иелері атанып жатқан облыс тұрғындары. Облыс кәсіпорындары мен кәсіпкерлік субъектілеріне, жаңадан ашылып жатқан өндірістерге, ауылдағы шаруашылықтарға аса қажет болып отырған таптырмас мамандардың біразы бүгінде осы жерде оқытылып жатыр. Оқытылатын мамандықтар санының көбейе түскендігінен орталықта жұмыс істейтіндердің қатары да жыл сайын молайып келеді.

«АзБуКа» көпсалалы оқу-практикалық орталығының филиалдары Ұлан, Шемонайха аудандарында да бар. Аталған аудандардың ғана емес, барлық аудан тұрғындарының орталықтан қалаған мамандығын оқып-үйренуіне әбден болады. Орталықтың қызметі мобильді, практикалық оқуға жергілікті жерде, өндірісте үйретсе, теориялық сабақтарды онлайн түрінде де оқытады.

Оқу орталығының директоры Татьяна Лёмина бұған дейін тек риелторларды оқытып келген шағын ұйымның бес жыл ішінде қалай көпсалалы оқу орталығына айналғанын әңгімелеп берді. Қысқаша тоқтала кетейін. Бизнес бастасам, шаруамды қайтіп дөңгелетсем, жаңа кәсіп түрін тапсам деп жүрген жандарға қажеті болып қалар.

2018 жылы қаладағы жылжымайтын мүлік орталықтарының бірінің иесі Татьяна өз ұжымының жаңа қызметкерлерін – риелторларды, өзінен тәжірибе алғысы келген әріптестерін оқытуды ұйғарып, өзінің осы саладағы  талай жылғы тәжірибесін соларға үйрете бастайды. Аталған шағын фирма ең әуелі «Атамекен» ҰКП оқу орталықтарының реестріне енеді. Бұл тыңдаушыларға мемлекеттік үлгідегі куәліктер беруге мүмкіндік туғызады. Көлік жүргізуге оқыту комбинатының ғимаратынан бір бөлме жалдап алып, жанындағы үш қызметкерімен риелторларды оқыта бастайды. Біраз уақыттан кейін жан-жағындағыларға қабілет-қарымын байқатқан Татьянаға жеңіл көлік жүргізушілерін оқытсаңыз, одан соң арнайы техникалар жүргізушілерін оқытсаңыз, трактор жүргізушілерін оқытсаңыз деген ұсыныстар түсе бастайды. Бизнеске енді ғана аяқ басқан ол ешбір ұсыныстан бас тартпай азаматтарға нарықта қажеттілігі артып бара жатқан тапшы мамандықтарды игертуге, оқытуға бейімделе бастайды. Құзыретті мамандарды тарту арқылы тиісті бағдарламаларын жасап, сұранысқа ие мамандықтарды оқытуға біржолата бел буады. Осылайша, Татьянаның жұмысына жергілікті ЖОО, қызмет көрсетіп жатқан оқу орталықтарының педагогтары, жұмыс іздеп жүрген оқытушылар келіп жұмысқа тұра бастайды.

– Біз еліміз 30 жыл бойы заңгерлер мен экономистерді оқытып шығарып, жастар жаппай осы мамандықтарды таңдап, одан қалса тек гуманитарлық немесе ЖОО оқытылатын мамандықтарды оқып, өндірістер мен зауыттарда жұмыс істейтін жұмысшы мамандары, техникалық мамандықтар ешкімге керек болмай қалғанының куәсі болдық. Келіп түскен тапсырыстарға қарай біз жаңа мамандықтарды оқытуды қолға алып, ұйымдастырдық. Тракторшы-машинист, арнайы техникалардың машинистері, дәнекерлеушілер, кран машинистері, басқа да жаңа мамандықтарды аша бастадық, – дейді Татьяна Лёмина.

Алғашында жаңадан ашылған орталыққа қажетті мамандарды, тәжірибелі жұмысшыларды сұрастыра жүріп өздері іздеп тапса, кейіннен ондай жандар орталыққа өздері келіп, қызметтерін ұсына бастаған. Осылайша, шағын оқу орталығы бара-бара  ел алыстан іздеп келетін қаладағы белгілі орталыққа айнала бастайды. Орталықта оқытылатын мамандықтар көбейген сайын жалға алып отырған орындар тарлық етіп, кәсіпкерге басқа ғимарат іздеуге тура келеді.

Жұмысты өздері тауып береді

Сөйтіп, 2021 жылдың маусымында оқу орталығы бұрынғы заң колледжінің бос қалған ғимаратын жалға алады. 2022 жылдың қаңтарында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы мемлекеттік кепілдік алып, осы ғимаратты несиеге жеке меншігіне сатып алған.

– Облыстағы кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қорының облыстық филиалы арқылы мемлекеттік бағдарламаға қатысып, көптен бері армандаған оқу орталығына қажетті ғимаратты сатып алып, өзімнің бизнесімді өркендетіп, аяғынан тік тұрғызып келемін. Қазір бізде жүргізушілерді даярлайтын үлкен полигон бар. Жүргізушілерді толықтай осы алаңда даярлаймыз. Біз бұл ғимаратты шағылып, сынған күйінде сатып алдық. Бес жыл бойы бос тұрған ғимаратта жылыту жүйесі де болмады. Бір жыл ішінде жылыту жүйесін қалпына келтіріп, барлық бөлмелерді талапқа сай жарақтадық. Өзіміздің асханамызды аштық, практикалық оқулар өтетін гараждарымыз да бар. Келер жылы тәжірибелік сабақтар өткізетін орын – техникалық қамту қызметін (СТО) ашуды жоспарлап отырмыз, – деп бөлісті Татьяна Лёмина өзінің алдағы жоспарларымен.

Қазіргі күні  «АзБуКа» оқу-практикалық орталығы 29 адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан басқа 20 адам келісімшарт негізінде практикалық сабақтар жүргізіп келеді. Орталықтың кіші қызметкерінің жасы 20-да болса, үлкені – 82-де.

Орталық қызметкерлерінің өзі де үнемі оқып-тоқып, қайта оқыту курстарынан өтіп отырады. Өйткені оқу бағдарламалары жыл сайын өзгеріп, толықтырылып жатады, бағдарламалық қамту жүйелері де өзгеріске ұшырап, технологиялар түрленіп жатыр. Бұл оқытушылардың білімін толықтырып отыруды талап етеді. Жұмыс орнына келген барлық оқытушы бүгінгі күннің сұранысын тудырып отырған жұмысшы кадрларын даярлауда солардың бәрін меңгеріп, талап-тілектердің үдесінен шығуы керек.

Орталықтың тұрақты клиенттері арасында 20-дан астам кәсіпорын бар.  «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «Өскемен ТМК» АҚ, Өскемен құс фабрикасы сияқты ірі кәсіпорындарға қажетті мамандардың көпшілігі осы орталықта оқытылып келеді. Сонымен қатар оқу орталығы мемлекеттік тапсырыс бойынша Өскемен, Шемонайха, Глубокое, Ұлан, Катонқарағай аудандарының жұмыспен қамту орталықтарымен жұмыс істеп, жұмыссыздарға жаңа мамандықтарды игертіп, қайта даярлаудан өткізіп жатыр. Орталықта тек машинист, тракторшы, автоэлектрик, жиһаз жасаушы мамандықтарына ғана емес, мемлекеттік сатып алу агентінен бастап, әкімші, маркетолог мамандықтарына дейін оқытып, қайта даярлықтан өткізеді.

Былтырғы қыркүйектен бастап оқу орталығында балаларды да оқытуға, тәрбиелеуге ден қойылыпты. Ата-аналары жұмысқа кетерде немесе осында оқуға, мамандық алуға келгенде кішкентай балаларын  орталыққа әкеліп тастайды. Орталықта олар жыл бойы ұзартылған күн тобына, қосымша сабақтарға, денешынықтыру үйірмелеріне барып, үш уақыт тамақтана алады. Әлеуметтік осал топтарға жатпайтындардың, толық емес отбасының балалары орталықтың ұзартылған күн тобына мекеменің  қаражаты есебінен баруда.

«АзБуКа» оқу-практикалық орталығында былтыр үш мыға тарта шығысқазақстандық оқып, жаңа мамандық алған. Кәсіпорындардан, шаруашылықтардан келген мамандарды оқытуда тапсырыс берушіге видео, фотоесеп қоса жіберіледі.

Оқыту орталығының тағы бір ерекшелігі өздерінде оқыған азаматтарды міндетті түрде жұмысқа тұрғызатындығында. Ол үшін ешкімнен ақы алмайды. Директордың айтуынша, орталықтың  игі ықпалының арқасында осы жерден мамандық алғандардың 80  пайызы жұмысқа тұрып жатқан көрінеді.

– «АзБуКа» оқу орталығы жұмыссыз азаматтарды оқытумен және оларды жұмысқа орналастырумен айналысады. Облыс тұрғындары, мекемелер, жұмыссыздар осындай оқыту орталығының бар екенін біліп, мүмкіндігін пайдалана алса дейміз.  Орталықтың қызметі әлеуметтік жағынан маңызды. Сол себепті аталған кәсіпорын биыл еліміздің әлеуметтік кәсіпкерлік реестріне енгізілді. Күзде Қазақстанның әлеуметтік кодексіне өзгерістер, соған сәйкес нормативтік-құқықтық актілер енгізілмек. Бұл өзгерістер аталған оқу орнының тиісті жеңілдіктер мен басымдықтарға ие болуына жол ашады. Әрі қарай өркендеуіне мүмкіндік алады деген сөз. Біз мұндай бизнес субъектілерін одан әрі қолдауға әзірміз, – дейді облыс кәсіпкерлері палатасының өкілі Әсет Адылхан.

Жанаргүл Мұқатай

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button