Тапшы болған жанармайдың тағы да қымбаттайтын түрі бар

Жиын-терін, күзгі қарбалас қызып тұрған қыркүйектің соңынан бастап елде, облыста АИ-92 маркалы жанармайының бағасы өсіп кетті. Үлкен сұранысқа ие болып отырған жанармайдың құны үсті -үстіне көтеріліп қана қоймай, бекеттерге келген жүргізушілер енді оны сатып ала алмай, АИ-92 әп-сәтте көзден ғайып болды. Жанармай тапшылығына тап болған жұрт бекеттердегі жанармайдың бағасына емес, оның бар-жоғына алаңдайтын болды бұл күнде.
«ҚазМұнайГаздың» өнімдері бір айға жетеді
Облыстың жанармай нарығындағы жағдай қазір қалпына түсіп келеді. Бүгінгі күні өңірде Қазақстандағы ірі жанармай жеткізу желісінің бірі – «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС жанар-жағармайының барлық маркасы шектеусіз сатылып жатыр. «ҚазМұнайГаз өнімдерінің» Семейдегі, Өскемендегі және Аягөздегі мұнай базаларында жанармай мен дизельді отын қоры жеткілікті. Компанияның Шығыстағы үш мұнай базасында 1300 тоннадан астам АИ-92 және осындай көлемде дизельді отын бар, бұл облысқа 11-14 күнге дейін жетеді. «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС облыстық филиалының директоры Асхат Чакенов журналистерге осы мәліметтерге қоса, жолда біздің облысқа тағы да екі аптаға жететіндей 1200 тонна жанар-жағармай келе жатқанын айтты. Яғни, қазіргі күні компанияның ЖҚС тарында литрі 157 теңгеден сатылып жатқан АИ-92 жанармайы мен құны жанармайдың бағасымен бірдей дерлік, 151 теңге болып тұрған жағармай да облысқа бір айға жуық уақытқа толық жетеді. Филиал басшысының ойынша, жанармай нарығындағы жағдай реттеліп келеді, енді өткен жолғыдай дүрбелең, жанармайдың жоғалып кетуі мәселесі туындамауы тиіс.
Қазақстанның жанармай нарығындағы ахуалы, әрі қарайғы жағдайы қалай болады? Баға осылай көтеріле бере ме, әлде тұрақтана ма? Жанармай тағы жоғалып кетпей ме? Бұл сұрақтардың бәрінен басын алып қашқан филиал директоры халықтың көкейіндегі осы сауалдардың жауабын «ҚазМұнайГаз өнімдерінің» өз басшылары ғана бере алатынын айтты.
Апта басында «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС-нің сол өз басшыларының бірі, компанияның даму жөніндегі басқарушы директоры Бақытжан Тасанбаев елімізде үлкен сұранысқа ие болып отырған АИ-92 жанармайына қатысты жағдайдың осы аптада тұрақтанатынын айтты. «Жалпы, қорда 12 мың тонна жанармай бар. Қазіргі кезде еліміздегі зауыттардың бірінде жөндеу жүргізіліп жатқанын ескерсек, нарықты импортпен қамтамасыз ету қажеттілігі туып отыр» – деген ол алдағы уақытта көп көлемдегі жанармайдың Ресейден әкелінетіне байланысты қазір 157 теңге болып тұрған АИ 92-нің бағасы өзгеруі әбден мүмкін екенін, жанармай бағасының қазақстандық және ресейлік бағаға, олардың жеткізу теңгеріміне байланысты қалыптасатынын, соған орай ең жоғары бағаның қандай болатынын нақты айта алмайтынын, алдағы қысқа мерзімде бағаның қымбаттауы болатынын ескертіп, тоқетерлігін айтқан болатын.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында «ҚазМұнайГаз өнімдерінің» 25 жанармай құю бекеттері бар. Осы ЖҚБ-ларға 30 «Бензовоз» жанармай тасып, жеткізіп жатыр. Компанияның Өскемендегі мұнай базасы 12 ЖҚБ-ны, Семейдегі мұнай базасы 10 ЖҚБ-ны, Аягөздегі үш ЖҚБ-ны жанар-жағармаймен қамтып отыр. Филиал басшысының айтуынша, Зайсан, Көкпекті, Тарбағатай, Шемонайха, Үржар сияқты бірнеше аудандарда жұмыс істеп жатқан компания ЖҚБ-ларының саны алдағы уақытта көбейтілмек. Үржар, Зырян аудандарында компанияның жаңа ЖҚБ-лары ашылмақ.
-Қазақстандағы барлық әскери бөлімдер мен ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірыңғай оператор қызметін атқарып отырған «ҚазМұнайГаз өнімдері» өз міндеттемелерін орындап келе жатыр, өткен жолы жанар- жағармайға деген қатты зәрулік туған кезде компания келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жатқан өз тұтынушыларының ешқайсысын жанар-жағармайсыз қалдырған жоқ. Компания карточка жүйесі бойынша да сатып алушылар алдындағы өз міндеттемелерін орындап отыр,-деді филиал директоры Асхат Чакенов.


Мойындарына салынған миллиондарды төлеп жатыр
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті, тұтынушылар құқығын қорғау комитеті жанармай мен көмір тапшылығына, қымбаттығына байланысты аталған нарықтардағы жағдайды бақылауға, зерттеуге орай комитеттің біздің облыстағы департаментіне де тапсырма берді. Осыған байланысты жергілікті жердегі департамент жанармайды бөлшектеп сатумен айналысатын облыстағы 87 субъектіге, толайым сататын 16 субъектіге сауал жолдап отыр. Қазіргі күні олардың 37-сінен ғана жауап келіп түскен. Департаментке жедел есеп бергендердің дені жанармайды бөлшектеп сатумен айналысатын ұсақ ЖҚБ-лар. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті, тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Людмила Устьянцеваның бізге айтқанындай, тексеру, зерттеу қорытындысы қараша айында белгілі болмақ.
Былтырғы тамыз-желтоқсан және 2017 жылғы қаңтар-ақпан айлары кезіндегі жанармай бағасының жаппай қымбаттауына байланысты тергеу жүргізген департамент облыстағы 19 жанармай сатушы субъектіге қатысты 9 тергеу ісін жүргізіп, оларға 15 әкімшілік іс қозғап, істерді Семей, Өскемен, Риддер қалаларының, Бородулиха, Бесқарағай, Глубокое, Шемонайха аудандарының мамандандырылған әкімшілік соттарына жіберген. Қазіргі уақытта жанармай сатушыларға қатысты 13 сот ісі қаралып, оларға сот шешімімен 10 миллион теңге айыппұл салуға, сондай ақ, 4,5 миллион теңге монополиялық табысты тәркілеуге шешім шығарылған. Осы мерзімге дейін мойындарына миллиондап айыппұл салынған субъектілер заңсыз монополиялық табыстың 1,7 миллион теңгесін мемлекетке қайтарыпты. Шемонайха ауданындағы екі әкімшілік іс әлі қаралмаған.
-Жанармай сатушылар жанармайдың қымбаттап жатуын осы өнімді өндірушілердің босату бағасын көтеріп жіберуіне байланысты деп түсіндіріп отыр. Біз қазір жанармай бағасын кімнің, қашан, қалай көтеріп отырғанын зерттеп, тексеріп жатырмыз. Облыстағы жанармай нарығына толық талдау жүргізіп біткен соң, негіз болса заң талаптарын, ережелерін бұзған субъектілерге тергеу жүргіземіз,-дейді табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті, тұтынушылар құқығын қорғау комитеті аумақтық департаменті басшысының орынбасары Людмила Устьянцева.
Осыдан үш күн бұрын Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдаған Президент жанармай бағасының көтеріліп, тапшы болып отыруы Қазақстан Үкіметі мен Энергетика министрлігі тарапынан нарықты жанар -жағармаймен қамтамасыз ету үшін уақтылы шешім қабылданбауы салдарынан орын алып отырғанын айтты.
-Энергетика министрлігі еліміздің отын энергетика мәселелеріне, соның ішінде ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауапты. Елімізде оның тапшылығына байланысты орын алған ахуал Үкімет пен Энергетика министрлігі тарапынан немқұрайлылық пен жауапсыздыққа жол берілгенін көрсетіп отыр. Сіз биылғы мамыр айында мұнай өңдеу зауыттарына жөндеу жүргізу кестесін бекіттіңіз. Күзде үш зауыттың екеуі жөндеу үшін тоқтатылатынын білдіңіз. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Соны біле тұра, халықты қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде жанар-жағармай жеткізуге тиіс едіңіз. Олай болмады. Жанармай тапшылығын болдырмау үшін бағаны мемлекеттік реттеуден бас тарту ұсынылды. Алайда, нарықта тағы да жанар-жағармай жетіспеушілігі орын алды. Осыған байланысты Үкіметтің ұсынысы бойынша сізге сөгіс жарияладым. Бұл – қызметтен босатылғанмен бірдей, -деген Елбасы нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін министрге жауапкершілік жүктелетінін ескертіп, жанармай тапшылығын болдырмау үшін қажетті барлық шараларды орындауды тапсырды.
Ал, кеше Энергетика министрі қазан айының соңында, қараша айының басында жанармайдың орташа бағасы литріне 160-161 теңге болады деп есептеп отырғандарын, қараша айында еліміздегі барлық үш мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істеп, Ресей жанармайы азайған кезде бағаның төмендеуі мүмкін екенін айтты.
Осы беттің оспағы
Жанармай бекетінде «Жанармай МҮЛДЕМ жоқ!» деген хабарландыру ілініп тұр.
Бекет жанына келіп тоқтаған жүргізуші кассирге реніш білдіре сөйлеп:
-«Жанармай жоқ!» деп жазсаңыздар да болады ғой…
-«Жанармай жоқ!» деп жазсақ та жұрт «мүлдем жоқ па!?», «мүлдем жоқ па!?» деп таңданып сұрай береді. Сосын «Жанармай Мүлдем жоқ» деп осылай жазып қойдық!
Жанаргүл Мұқатай