
Елімізде азық-түлік бағасының күннен-күнге шарықтап бара жатқандығына қарамастан, биыл нақты ең төменгі жалақы 37,4 мың теңгеге дейін төмендеген. Мәжіліс депутаты Айбек Паяевтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда елімізде шартты азық-түлік себетінің құны 14 пайызға өскен.
Ең төменгі жалақы өскен жоқ
Биыл ең төменгі жалақы 42 500 теңге мөлшерінде өзгеріссіз қалды. Бірақ сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты нақты ең төменгі жалақы өткен жылдан бастап төмендеп, қазір 37,4 мың теңге болды. Бұл көрсеткішті басқа елдердің ең төменгі жалақысымен салыстырып көрсек. Мәселен, Украинада ең төменгі жалақы 27 пайызға, Польшада 9,8 пайызға, Беларусьте 6,7 пайызға, Ресейде 5,5 пайызға өскен.
Азық-түлік пен тұрмыстық заттардың бағасы удай қымбат, жалақы аз болғандықтан, сәйкесінше халықтың әл-ауқаты да мәз емес. Еліміз бір емес, екінші жыл қатарынан ең төменгі жалақы рейтингінде соңғы орындардың бірінде тұр. Бізден кейін рейтингте тек Нигерия мен Өзбекстан ғана бар. Бұл зерттеуге Үкіметпен белгіленген ең төменгі жалақысы бар 56 ел қатысқан және зерттеу нәтижесі қызметкердің қолына алатын «таза» ақшаға қатысты.
Picodi халықаралық қызметінің мәліметінше, елімізде ең төменгі жалақы мөлшері өзгермегенімен, сақтандыру жарналарының өсуіне байланысты «таза» жалақы өткен жылдан бастап төмендеді. Зерттеу барысында авторлар шартты азық-түлік себетін құрып, ондағы өнімнің құнын ең төменгі жалақымен салыстырған. Азық-түлік себеті нан (10 дана), сүт (10 литр), жұмыртқа (20 дана), күріш (1,5 кг), ірімшік (1 кг), ет (6 кг), жеміс (6 кг) және көкөніс (8 кг) сияқты өнімдерден тұрады. Яғни, бұл тізімде көрсетілген өнімдер орта есеппен алғанда, ересек адамның қоректік заттарға минималды қажеттілігін қанағаттандыра алады.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, азық-түлік бағасының ең төменгі жалақыға тиімді қатынасы Англия, Ирландия және Австралияда тіркелген. Аталған елдерде азық-түлік себеті жергілікті ең төменгі жалақының 7%-ынан 7,6% – на дейін.
Күнбағыс майы күрт қымбаттады
Былтырғы қазан айына дейін облыста ұн, қант, күнбағыс майы, нан, сүт және басқа да өнімдердің бағасы өскен болатын. Қазір облыс орталығындағы дүкен сөрелерінде халық жиі тұтынатын өнімдерден сүттің бір литрі 420 теңге, қарақұмық 370 теңге, қант 280-300 теңге, жұмыртқаның он данасы 500 теңге, жергілікті заводтан шығатын өсімдік майының бес литрі 3400 теңгеге сатылып жатыр. Ал жұртшылықтың жалақысы ағзаның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін азық-түлік алуға, одан бөлек коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жеткілікті ме? Жасыратын емес, қазір халықтың тапқан табысының басым бөлігі тамаққа жұмсалады. Бұл адамдар құнарлы, сапалы, жақсы тамақтана бастады деген сөз емес. Керісінше халық азық-түліктің арзанын сатыпалып, үнемдеуге мәжбүр.
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтырдан бастап жеміс-жидек 21,3 пайызға, жарма 20 пайызға, қойдың еті 11,8 пайызға, қант 11,5 пайызға, ұн 11 пайызға, көкөніс 10,8 пайызға, макарон өнімдері 10,1 пайызға, сары май 9,4 пайызға, жылқының еті 8,6 пайызға, ірімшік (сыр) 8,4 пайызға, сиырдың еті 7,6 пайызға, мұздатылған балық пен шай 6,8 пайызға, шұжық өнімдері 6,1 пайызға, тоқаш және ұн өнімдері 5,3 пайызға, пастерленген сүт 4,5 пайызға, нан 3,8 пайызға қымбаттаған. Бірақ халықтың жалақы мөлшері азық-түліктің бағасы сияқты 20-40 пайызға өсіп жатыр ма? Жоқ, әрине.
– Күнбағыс майы өңірдегі шаруа қожалықтарында жаңа астықтан алынған негізгі шикізат құнының өсуіне байланысты қымбаттады. Ал сәуір айынан бастап облыстың шаруа қожалықтарынан астықты сатып алу бағасы тоннасына 68 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін өсті, сәйкесінше ұн тартқыштардағы өнімнің бағасы бір килограмм үшін орта есеппен 125 теңге болды. Сол уақыттан бері ұнның бағасы тұрақты. Оның өсуі фермерлерден бидайды сатып алу бағасының өзгеруіне байланыста болмақ, – деді Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гасан Болатбекұлы.
Елдегі қант заводтарында сатып алу құнының өсуі көтерме сатушыларда және сәйкесінше сауда орындарында қант бағасының өсуіне әкелді. Қант өндіруге кететін шикізаттың негізгі бөлігі шет елдерден импортталады, бұл жағдай өнімнің түпкілікті құнына әсер ететінін айтады Гасан Тұрғанбаев.
«Өскемен май заводы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің коммерциялық директоры Виктор Александровичтің айтуынша, майдың бағасы негізінен жаздың соңына қарай шикізат, яғни күнбағыс біткен кезде қымбаттайды. Жергілікті май заводында өндірілетін «Заречное» күнбағыс майының бір литрінің өндіріс орнындағы бағасы былтырғы жыл басында 400 теңге болса, қазір 580 теңге. Өскемендегі сауда орындарында қазір оның бес литрі 3100-3400 теңгеден сатылып тұр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, былтырғы қыркүйектен бастап барлық ет түрлерінің бағасы шамамен 200 теңгеге өсті. Сала басқармасының ақпаратынша, биылғы 28 қаңтардағы жағдай бойынша сиыр етінің бір килограмы 2100-2300 теңге, қой еті 2200-2400 теңге, жылқы еті 2600-2800 теңге болды. Бірақ барлық базардағы еттің бағасы осындай емес. Мәселен, «Дос-Нар» базарында сиыр етінің бір келісі 2700 теңгеге дейін шарықтап кеткен. Дегенмен мамандар жалпы өңірде ет тапшылығы жоқ екенін атап өтті.
– Еттің қымбаттауының бір себебі жемшөптің аздығымен байланысты, – деп түсіндірді Өскемен қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы. – Азық дайындау көлемі елу пайызға азайды, сәйкесінше жемшөптің бағасы өсті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі тірі малды елден тыс жерлерге әкетуге салынған тыйым алынып тасталғандықтан, болашақта бағаның төмендеуі күтілмейді.
Жұмыртқа өндірісі 25 пайызға төмендеді
Жұмыртқаның күрт қымбаттауын жұртшылық жаңа жыл қарсаңындағы қарбаласқа байланысты уақытша деп топшылаған еді. Бірақ олай болмай шықты. Жұмыртқа сол қымбаттағаннан 500 теңгеге бір-ақ жетті. Он дана үй жұмыртқасының бағасы тіпті 600 теңге.
Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гасан Тұрғанбаев жұмыртқаның қымбаттауы қолайсыз эпизоотиялық жағдайға (құс тұмауы) байланысты кәсіпорындардың айтарлықтай шығынға ұшырауынан, құс фабрикаларындағы бағаның өсуі мен құрама жемнің қымбаттауынан деп түсіндірді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бірінші санаттағы жұмыртқаның бағасы жыл басынан бері 6,9 пайызға өскен. Мұны былтыр күздегі құс тұмауының салдарынан өндірістің 7,4 пайызға төмендеуімен байланыстырып отыр. «Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы» одақ нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің мәліметіне сәйкес, елімізде құс тұмауы шыққан сәттен бастап 2,6 миллион мекиен тауық қырылған.
Бірінші санаттағы жұмыртқа бағасының ең жоғары өсуі Семей (22,4 пайыз) мен Өскемен (21,6 пайыз) қалаларында тіркелді.
Айта кету керек, бірінші санаттағы жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіреді. Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша ішкі сауда субъектілерінің өз өнім өндірушілерінен сыйақы алуына жол берілмейді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда үстемесінің мөлшері 15 пайыздан аспауы тиіс. Бағаны ұстап тұру жөніндегі пәрменді шаралар: шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын белгілеу, «айналым схемасы» шеңберінде сауда желілеріне жеңілдікпен қаржыландыруды ұсыну және тұрақтандыру қорларында азық-түлік тауарларын қалыптастыру. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұрудың осы құралдарын іске асыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді.
Қазақстан жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының президенті Максим Божконың пікірінше, қымбаттаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, бидай, өсімдік майы, соя және күнбағыс шроты сияқты азық компоненттерінің қымбаттауына байланысты жұмыртқа өндірісінің өзіндік құны жиырма пайызға өскен. Екіншіден, құс фабрикалары былтыр мемлекеттік қолдау екі есе қысқарғандықтан, мекиен тауық санын азайта бастады. Үшіншіден, қыркүйек-қазан айларында құс тұмауы басталғаннан кейін жұмыртқа өндірісі жиырма пайызға төмендеген. Қазір жұмыртқа тапшылығы бар. Сондай-ақ желтоқсаннан бастап жұмыртқаға деген сұраныстың маусымдық өсуі байқалды, бұл кезде жұмыртқаның сатылуы маусым айындағыдан екі есе көп.
Айта кетсек, 2019 жылдың желтоқсан айында құс фабрикалары 353,9 миллион дана жұмыртқа, ал 2020 жылдың желтоқсан айында 266,2 миллион дана жұмыртқа өндірген. Яғни, жұмыртқа өндірісі 25 пайызға төмендеді.
Делдалдарды кім қадағалайды?
Сала мамандары айтып өткендей, әдетте жазда жұмыртқаға сұраныс төмендейді. Бұл үй шаруашылықтарындағы жұмыртқа өндіру көлемінің өсуінен болады, сондықтан осы кезеңде құс фабрикалары өнімді өзіндік құнынан төмендетіп сатуға мәжбүр. Ал күз-қыс кезінде сұраныс артатындықтан, құс фабрикалары жаздағы қаржылық шығындардың орнын толтыруға тырысады.
Жұмыртқа бағасының өсуіне көлік қызметтерінің, жанар-жағармайдың, импорттық балапандардың, сондай-ақ жемнің қымбаттауы сияқты қосымша факторлар әсер еткен. Өнімнің өзіндік құнындағы құс жемінің үлесі 65-70 пайызды құрайды. Сонымен қатар былтыр кейбір құс фабрикалары құстарға тұмауға қарсы вакцинация жүргізіп, қосымша шығындарға ұшырады.
Баға өсуінің негізгі себептерінің ішінде сатушылар арасындағы бағалық сөз байласу да жоқ емес. Әсіресе қыс мезгілінде сауда-делдалдық қызметте бағалық сөз байласу фактілері болады. Сауда саласында көтерме және шағын көтерме сауда кәсіпорындары арасынан делдалдардың тұтас тізбегі бар, олар құс шаруашылығы өнімдерінің бағасын 30-50 пайызға дейін арттырады. Ал негізінде маржа деңгейі өндірушілердің сату бағасының 20 пайызынан аспауы керек. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын негізсіз қымбаттату мәселесімен айналысуды ұсынды.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, әлемді дүрліктірген індеттің түрі анау, азық-түліктің бағасы мынау. Дәрігерлер халыққа індетке қарсы иммунитет қалыптастыру үшін сапалы, құнарлы тамақтанып, дәрумендер қабылдау қажеттігін жиі айтады. Ал баға осы бетімен кете берсе, жұртшылық азын-аулақ жалақысына несие төлей ме, баласын оқыта ма, киіндіре ме, тамақ ала ма?..
Айжанат Бақытқызы