Қоғам

«Танымдық топонимика» байқауы өтеді

Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық орталық кітапхана «Танымдық топонимика» атты өлкетану байқауын жариялады. Оған  облыс мектептерінің 7-8 сынып оқушылары қатыса алады.

– Топонимика – халқымыздың бірегей тарихи мұрасы. Жер, өзен-көл, тау-тас, орман, ауылдар мен көшелер, саябақтар мен алаңдардың тарихы – әр замана кезеңдеріндегі ұрпақтың ұлттық құндылықтары. Бүгінгі таңда Тәуелсіз елдің жас ұрпағы ауылдар мен қалалардың, көшелердің жаңаша атауларына куә болуда. Ендігі кезекте, өткен мен бүгіннің өзгерістерін саралап, сабақтастыра білу – бүгінгі жас буынның борышы.

Байқау тапсырмалары – қатысушы өзі тұратын елді мекеннің және көшелердің, алаңдардың, немесе ескерткіштердің пайда болу тарихын және атауының мағынасын зерттеп, атауларға байланысты аңыз, әңгімелерді зерделеуі тиіс. Сондай-ақ өзі таңдаған тақырып туралы жазылған кітаптарды тауып оқып, деректер келтіріп, тақырып туралы білетін адамдардан сұрап, қызықты ақпараттар жинауы қажет, – деп хабарлайды кітапхана қызметкерлері.

Зерттеу жұмысын видео-жазба, видео-сұхбат, буктрейлер, слайд-таныстыру, анимация, немесе видео-сюжет үлгісінде орындау керек. Шығармашылық жұмысты флешкамен кітапханаға әкеліп тапсыруға немесе «Танымдық топонимика» деген атауды жазып, ukcbs@mail.ru электрондық поштасына жолдауға болады. Қатысушы өзінің аты-жөнін, тұратын мекенжайын, мектебін, сыныбын, телефон нөмірін жазып, зерттеу кезінде пайдаланған ақпарат көздерінің (кітап, интернет, газет-журнал және т.б) тізімін толыққанды көрсетуі тиіс.

Байқауға жұмыстарды қабылдау  7 ақпаннан 10 қазанға дейін жалғасады. Шығармашылық жұмыстарға қазылар алқасы жан-жақты баға береді.

Жеңімпаздарды марапаттау Республика күні қарсаңында, яғни 2023 жылғы 20 қазанда өтеді. Үздік атанғандар диплом және сый-тартулармен марапатталады.

Мейрам Екпін

 

Осы айдарда

Back to top button