Қоғам

Танымал футболшылардың жейдесі аукционға қойылады

Кезіндегі «Елімай» футбол командасының жарық жұлдыздары Самат Смақов пен Федор Симиниди «Жақсылық жолы» қоғамдық қорына қарасты «Балғын-2» балаларды оңалту орталығына арнайы ат басын тіреді. Спортшылар орталық тәрбиеленушілерімен кездесіп, естелік сыйлық ретінде отандық футбол жұлдыздарының қолтаңбасы бар жейдені ұсынды. Бұл сыйлық қазан айында өтетін қайырымдылық аукционындағы алғашқы лот болады.

Кездесуді Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы «Жақсылық жолы» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырды.

– Қазан айында біздің қор Семей қаласы бойынша іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп қайырымдылық балын ұйымдастырады. Оның аясында аукцион өтеді. Онда лоттар қойылып, олардан түскен қаржы сегіз отбасына үлестіріледі. Мысалы, церебральды сал ауруы бар екі баланы тәрбиелеп отырған отбасына тұрғын үй сатып алуға көмектеспекпіз. Сондай-ақ «Жақсылық жолы» қоғамдық қоры үшін оңалту жабдықтарын сатып алуға және әртүрлі аурулары бар балаларды емдеуге жәрдемдесеміз. Бізді алғашқылардың бірі болып футбол жұлдыздары Самат Смақов пен Федор Симиниди қолдады. Бірінші лот Андрей Карповичтің Семейдегі достарының матчына қатысқан футболшылардың қолтаңбасы бар жейде болады, – дейді «Жақсылық жолы» қорының директоры және «Балғын-2» оңалту орталығының меңгерушісі Әйгерім Сағынтаева.

– Туған қаламда балалардың тағдырына бейжай қарамайтын адамдар бар екеніне өте қуаныштымын. Мемлекеттің мұндай қорларға қолдауы аз болғаны алаңдатады. Біз Семейге Андрей Карповичтің достарының матчына келген едік. Сіздер көмек сұрағаннан кейін, аукцион үшін пайдасы болар деген ниетпен осындай жейдені сыйға тартып отырмыз, – деді кездесу барысында футболшы Самат Смақов.

Айта кетейік, «Балғын-2» оңалту орталығы 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Онда тірек-қимыл аппаратының бұзылуы, аутизм, ақыл-ой кемістігі сияқты неврологиялық және психоневрологиялық ауытқулары бар екі мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетіледі.

Флора Левина, Семей.

Осы айдарда

Back to top button