Экономика

Танталдан теңдессіз өнім шығармақ

Танталдан теңдессіз өнім шығармақ
Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты тантал мен ниобийді талшықты медицина өндірісіне пайдалануды қолға алды. Акционерлік қоғам бұл жобаны отандық ғалымдардың көмегімен іске асырмақшы.
Бұған дейін зауыт тантал мен ниобий металдарынан қорытпалар алып келген. Шығарылатын өнімнің қатарына құймалар, тегіс және дөңгелек қалыптағы кесектер, конденсаторлы тантал ұнтақтары, конденсаторға арналған материалдар енетін. Ал ниобийден талшықтар мен сымдар, ұнтақтар алынатын. Сондай-ақ, танталдың көмегімен кварц-флюорит, балқытқыш концентрат жасалады. Қарапайым тілмен айтқанда, «ҮМЗ» АҚ ұсынған өнімдер АҚШ, Жапония, Алмания, Англия, Франция, Израиль сынды мемлекеттерге жеткізіліп, ұшу аппараттарының құранды бөлшектеріне, сұйық металдарды тасымалдайтын құбыр ретінде, уран мен плутонды қаптауға, мыс пен алюминийдің беріктігін арттыруға, радар құрылғыларының торлы бөлшектеріне пайдаланылады. Яғни, бұған дейін тантал мен ниобий сыртқы нарыққа бабы толысып, иі әбден қанған шикізат ретінде сатылып келді.
Технологияның соңғы жетістіктері тантал мен ниобийдің медицина саласында да таптырмайтын материал екенін анықтап отыр. Осы тенденцияны дер кезінде аңғарған зауыт басшылығы өздері үшін тың өндірісті қолға алуға бекінсе керек. Бұл бір жағынан Елбасы Жолдауында айтылған шикізаттық емес экспорттың көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмаға сәйкес келеді.
Жаңа өндіріс бағыты ҮМЗ ұжымының алдына екі бірдей жаңа жобаны іске асыруға міндеттейді. Оның бірі – магнитті-резонансты томография өндірісіне қажет жоғары өткізгіш сымдар әзірлеу және үлгілерін жасау жобасы. Екіншісі – тантал қорытпасынан медициналық қондырымдар (имплантант) өндіру технологиясын әзірлеу жобасы. Бұл екі жоба да 2019 жылы өз нәтижесін береді деп күтілуде.
Тың технологияны игеріп, оны жергілікті жағдайға бейімдеу оңай шаруа емес, әрине. Зауыттағы ғылыми-технологиялық зертхана мамандарының мойнына үлкен міндет артылып отыр.
-Бұл екі өндіріске де біз өз технологиямызды әзірлеп, сол арқылы өнім алмақпыз. Оған тек отандық ғалымдар ғана атсалысады. Атап айтқанда, осындағы ғылыми-технологиялық зертхананың мамандары мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары бірлесіп жұмыс істеуде, – дейді акционерлік қоғамның баспасөз қызметі.
Қос жоба да 2020 жылы толық қуатына еніп, жылына 3,5 млрд. теңгенің өнімін шығаратын болады. Ең бастысы, бұл өнімдер шикізаттан бастап технологиясына дейін таза отандық мазмұнға ие болуымен құнды.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button