Таңдау жасамағандар жарық пен сусыз қалуы мүмкін
Биылғы 1 шілдеден бастап көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасы енгізілмек. ПИК-тің орнын МИБ баспақ. МИБ дегеніміз – мүлік иелерінің бірлестігі. Осыған орай Шығыс Қазақстан өңірлік ақпараттық орталығында мамандардың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Шыны керек, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының ішінде ПИК десе, төбе шашы тік тұратындар жетерлік. ПИК-тің жұмысының сапасыздығына тұрғындар тарапынан сын көп айтылады, сондықтан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жаңа реформа қолға алынған. Биылғы 1шілдеде пәтер иелерінің кооперативтері өз жұмысын тоқтатып, орнын МИБ баспақ. Жаңа реформа бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердегі ортақ мүлікке енді өзге емес, тұрғындардың өздері жауап беретін болады.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазановтың айтуынша, облыс орталығында 1770 көппәтерлі тұрғын үй бар болса, бүгінгі күнге дейін оның тек 231-і ғана ПИК-тен шыққан. Олардың 54-і МИБ-ті таңдаса, ал 177-сі қарапайым серіктестікті (ҚС) таңдапты. Ал қалған 1500-ден астам тұрғын үй әзірге ПИК-тен шығуға еш асығар емес. Нұрлан Сағыбекұлы уақыттың тығыздығына байланысты тұрғын үйлер кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа формасына көшуді тездетуі қажеттігін ерекше атап айтты. Ал егер 1 шілдеге дейін тұрғын үй иелері жиналыс өткізіп, өз таңдауын жасамаса, не болады? Тұрғындар үшін үлкен мәселе осы жерде басталуы әбден мүмкін. Өйткені кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа түрін таңдамаған тұрғын үй қараусыз нысан деп табылып, коммуналды қызметтен, яғни жарықтан, судан ажыратылуы әбден мүмкін. Жылыту маусымына дайындығы жоқ тұрғын үй жылусыз да қалуы ғажап емес. Сондықтан да асыққан дұрыс екенін айтады баспасөз мәслихатына қатысқан мамандар.
– Түсіндіру жұмыстарын біз былтыр жүргіздік. Тұрғын үйдің жауапкершілігін өз мойнына алатын адамды табу оңай емес. Сондықтан да тұрғындар көп кешіктірмей жиналыс өткізіп, таңдау жасауы керек. Ал 1 шілдеге қалдыру кеш болады, – дейді Нұрлан Рамазанов.
Тұрғын үйді басқарудың жаңа формасы, яғни МИБ және ҚС «бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасымен жұмыс істейді. Әр тұрғын үйдің тұрғындары ағымдағы және жинақтау шоттарын ашып, жиналған қаржыны үйдің қажетіне пайдаланады. «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасы көппәтерлі үйдің тұрғындарына түскен қаржының мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі Назгүл Жақыпбекова МИБ пен ҚС-ның ерекшелігін де атап айтып берді. МИБ, яғни мүлік иелерінің бірлестігі – бұл бір көппәтерлі тұрғын үйдің иелері ғана құратын коммерциялық емес нысандағы заңды тұлға. Ал ҚС (қарапайым серіктестік) – бұл заңды тұлға емес. Үйге ортақ мүліктерді басқару және күтіп ұстау барлық меншік иелерімен азаматтық шарт негізінде жүзеге асырылады. Қарапайым серіктестік заңды тұлға болып есептелмегендіктен, шоттың мазмұны мен оның сақталуын қамтамасыз етілуіне толық кепілдік жоқ.
Мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасы 1 жыл мерзімге сайланады. Төраға болып жауапкершілігі жоғары кез келген пәтер иесі сайлана алады.
Баспасөз мәслихатында сондай-ақ «АЗБУКА ОСИ» өзін-өзі басқаратын кондоминиумдар қауымдастығының директоры Аяжан Қайырханқызы, облыстық кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары бөлімінің бас маманы Гүлмира Сабралимова осынау мәселенің өзге де қырларын сөз етіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Жалпы, бүгінгі күні облыс бойынша барлығы 4 584 көппәтерлі тұрғын үйдің 61,4 пайызы кондоминиум нысанын басқарудың жаңа формасына көшкен екен.
Мейрамтай Иманғали