Руханият

Таң сәріден кітапханаға жиналды

Назгүл Амантайқызы

Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада әлем әдебиетінің классигі Александр Пушкиннің туған күніне орай мерекелік іс-шара болды.

Таң сәріден кітапхана алдында «Ақын мұрасы мәңгілік!» деп аталатын интерактивті әдеби экспозиция жұмыс істеді. Онда ақынның туындылары, белгілі пушкинтанушылардың зерттеулері қойылған. Оқырмандар Пушкиннің өлеңдерін бірнеше тілде оқып, естелік кітапқа лебіздерін жазып жатты.

Бұдан кейін жиналған көпшілік ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Пушкин атындағы кітапхана ұжымы да құшақ-құшақ гүл шоқтарын қойғанын айта кетейік. Мекеме директоры Бибігүл Жамбылқызы сөз сөйлеп, құттықтау лебізін жеткізді.

Бұл күні дәстүрге сай ескерткішке Ресейдің Өскемендегі Бас консулдығынан да гүл шоқтары қойылды. Атташе Святослав Дегтярев салтанатты рәсімнен кейін барша жұртты ақынның туған күнімен құттықтады.

Облыстық этнографиялық мұражайдың көшпелі көрмесі XIX ғасырдан, яғни Пушкиннің жасөспірім және жастық шағынан көрініс ұсынды. Сонымен қатар көрмеде революцияға дейінгі жинақ қорларындағы кітаптар, Пушкин өмір сүрген дәуірдегі тұрмыстық заттар, 18-20 ғасырлардағы қолжазбалар қойылған.

Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің студенттері Евгений Онегин мен Татьяна Ларина образдарын сомдады. Сонымен бірге бұл күні кітапхана алдындағы алаңда жиналған көпшілікке арнап әртүрлі ойындар, байқаулар мен викториналар, каллиграфия бойынша шеберлік-сабағы ұйымдастырылып,  «Пушкин мен оның кейіпкерлері» атты балалар суреттерінің көрмесі өтті.

Осы айдарда

Back to top button