ТОП

Таң алдындағы айқай

Қылмыс пен жаза

2012 жылдың шілдесі. Шілденің шіліңгір ыстығымен бірге қала тірлігі де қайнап жатыр. Тап осы уақытта қаланың қақ ортасында Өскемендегі 30-шы Гвардияшылар дивизиясы көшесіндегі спорттық алаңқай маңында күн сайын егде жастағы қариялар бірінен соң бірі естерінен тана соққыға жығылып жатқаны туралы қылмыстық оқиға жұртшылықты дүр сілкіндірді.

Таңертең кезекшілігін тапсыру үшін колледж маңын шолып шықпақ болған аталған оқу орнының күзетшісі  30-шы Гвардияшылар дивизиясы көшесіндегі құқықтану колледжі жанындағы спорттық алаң маңында ес-түссіз құлап жатқан қарияны көргенде оны таяққа жығылды деп ойлаған жоқ. Егде жастағы адам жүрегі ұстап құлап қалды ма екен? Жақындап барғанда ғана көрді, жерде бүк түсе құлап жатқан қарттың жағы күп болып ісіп кетіпті. Жағы сынған сияқты. Аузынан қан ағып жатқанын көрді. Анадай жерде қол дорбасы, оны-мұны заттары шашылып, жайрап жатыр. Күзетші дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер  зейнеткер әйелді зембілге салып ауруханаға алып кетті…

Іле-шала куәгер күзетшіден жауап алынып, полиция қызметкерлері қарияны ұрып кеткен адамды ұстаудың амалдарына жедел кірісіп кетті. Жедел уәкілдер ауруханада есін жиған зейнеткердің аузынан оның бос қалған әмиянында 28 мың теңгесі болғанын естіді. Яғни, қарияға қарақшылық шабуыл жасалған.

Сол күні қарт ана әдеттегідей таңғы бесте тұрып, Мирный кентінің арғы жағындағы саяжайын бетке алған. Автобус аялдамасына бару үшін құқықтану колледжі маңындағы спорт алаңқайының жанынан өтіп жүретін көрінеді. Қарт таңғы алтыдан бастап жүретін автобусқа бірінші болып отырып, таңғы салқынмен саяжайына ертелетіп жетіп алып, көкөністерін суарып, пісіп, ауырлай түскен қызанақтарының сабақтарын түзулеп байлап, арасында көрші-қолаңмен әңгімелесуге де уақыт тауып, кеш батқанша талай шаруаның басын қайырып үлгеретін. Бұл жолы да бәрі солай болуы керек еді.

Қария соққыға жығылған күннің тура ертеңінде қалалық кезекші полицейге қалада әлдебір қартты біреу ұрып, жағын сындырып, қолындағы ақшасын алып қашып кеткені туралы суыт хабар келіп түседі. Таңғаларлығы, сол қылмыс дәл сол кешегі  жерде, құқық колледжінің спорт алаңқайы маңында болған. Ту сыртынан келіп ұрғанда оң жақ тұсынан қатты соққы алып, күрзі жұдырықтан жағы сынып, құлаған жерінде  талып қалған зейнеткер де саяжайға бара жатыпты. Қылмыскер қарияның қолындағы тамақ салынған пакетін қалдырғанымен, әмиянын алып кеткен, оның ішінде 200 теңгедей жолақысы ғана бар екен. Оқиға кешегі мезгілде, таңғы бес пен алты мөлшерінде болған. Оқиға бір мезгілде, бір жерде болған. Елең-алаңда аялдамаға шыққан екі қария да полицейлерге көшеден ешкімді көрмегенін, жанына тақап келген тірі жанды, ешкімді де байқамағанын айтады. Қылмыскер көзге көрінбей, тасада тығылып отырған ба? Жоқ, әлде маңайдағы ғимараттардың ішінен жүгіріп шығып, соңдарынан қуып жетіп істеп жүр ме осының бәрін? Өйткені екі қарияны да қылмыскер арт жақтарынан білдірмей келіп шапшаңдықпен ұрып құлатқан. Өкінішке қарай, үшінші күні де дәл сол колледждің спорт алаңқайы  маңында таң алдында үшінші қарияға қарақшылық шабуылы жасалады. Бірінен-соң бірі қайталанған оқиғадан соң колледж маңы дереу торуылға алынып, бақылау бұрынғыдан да күшейтіледі.

Әбден әккіленіп алған, жағдайды көріп-біліп жүрген қылмыскер бақылау бәсеңсіді-ау деген болу керек.  Сол ма, басқа ма, араға бірер күн салып, бір аптадан соң қайтадан тура сол маңда, тағы да таң алдында, тағы да бірінен соң бірі, қатарынан екі күн екі қарияға ұрып-соққан  қарақшылық шабуыл жасалады. Қос қария да сол күні таңертең жақын маңнан бейсауат жүрген ешкімді көрмегенін, ешкімді кездестірмегенін айтады. Тек, тек… спорт алаңында жүгіріп, секіріп, жаттығулар жасап жүрген жас жігіт болмаса. Екі зейнеткер де спорт алаңқайы жанынан өтіп бара жатып қара спорттық костюм, кепка киген жігіттің спортпен айналысып жатқанын ғана көргенін айтады.

Қылмыскер ұсталмайтынына әбден көзі жеткен болса керек, араға біраз күн салып таң ата спорт алаңқайы маңында кетіп бара жатқан тағы бір әйелді ұрып құлатпақшы болып артынан білдіртпей жетіп келіп, жұдырығын құлаштай сермейді. Саяжайға бара жатқан әйел етжеңді, кесек, ұзын бойлы болғандықтан болар, соққы соншалықты ауыр болса да құламай, аман қалып, артына жалт бұрылып, жас жігіттің түрін көріп қалады. Қолындағы  тамақ салулы шелегін оңды-солды сермеп, бар дауысымен айқайлап, қылмыскердің қайтадан жұдырық жұмсауына мұрсат бермейді. Абдырап, кейін шегінген қылмыскер қаша жөнеледі. Қара спорттық костюм киген, кепкасы бар жап-жас жігіт! Иә, қашып бара жатқан соның өзі, бірнеше секунд бұрын жаңа ғана әйелдің өзі спорттық алаңқайда көрген жігіт. Таңмен таласа тұрып жүгіріп, секіріп жүргеніне сүйсініп қарап өтіп бара жатып, спортшы жігітті қылмыскер, қарақшы деп әсте ойламаған ол. Жалма-жан ышқына айқайлаған әйелдің дауысы таңғы тұнық ауаны жарып, Мирный кенті жақтан балық аулап қайтып келе жатқан екеудің құлағына жетіп, олар жүгіре жетіп көмекке келген. Сол маңды талайдан бері нысанаға алған жедел уәкілдер мен полиция батальоны тобы да бірнеше минутта келіп жетіп, қылмыскердің ізіне түсіп береді.  Полицейлер «спортшы жігітті» көзді ашып-жұмғанша Виноградов көшесіндегі өз үйінің подьезінің алдында қолға түсірді.

– Осы қарақшылық қылмыстарды жасаған – бұрын сотталмаған жап-жас қазақ жігіті, бұл ауыр қылмысқа  құмарлық ойындарына ақша табу үшін барған, – деп аяқтады өзі тергеген  шым-шытырық оқиғалы қылмыстық істің бірі туралы әңгімесін Өскемен қалалық полиция басқармасы Ертіс полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, полиция майоры Айсұлу Садықова (суретте)

БІЛЕКТЕГІ БЕЛГІ ЖӘНЕ ЖАСЫЛ КРОССОВКА

Қылмыс атаулыны құрықтап, қылмыскерді тауып, олармен бетпе-бет тілдесіп, ақ-қараны ажыратып, сезіктінің бар кінәсін бұлтартпайтын айғақтармен мойындатып келе жатқан маман – тергеуші. Аға тергеуші Айсұлу Садықова 2009 жылдан бастап полиция қызметінде ерлермен иық тіресіп қызмет етіп келеді. «Didar-дың»  «Qylmys pen jaza» айдарына тергеу істері, тергеуші туралы мақала жазу үшін Айсұлуды бізге облыстық полиция департаменті басшылығы тәжірибелі, білікті, профессионал маманның бірі ретінде ұсынған болатын.

– 2003 жылы мектепте соңғы сыныпта оқып жүргенімде Сол жағалау полиция бөлімінен полиция формасындағы тергеуші әйел адам келіп полиция мамандығы туралы кездесу өткізді. Осы кездесу менің өміріме, жоспарыма үлкен өзгеріс әкелді. Менің бала күннен бергі мұғалім болсам деген арманым біржолата, 180 градусқа өзгеріп, сол жерде алдыма тергеуші болам деген мақсат қойдым. Полиция қызметкерлерін даярлайтын оқу орындары Алматыда, Қарағандыда, Қостанайда. Мен өзіміздің ШҚМУ-дың құқықтану факультетін бітіргенмін. Тергеуші – өзімнің сүйікті кәсібім. Мен мамандығымды мақтан етемін, ал менімен үйдегілер, ағайын-туыстар мақтанады. Өз мамандығына берілген, оған қатты қызыққан жан ғана оның қиындықтарын елемей, керісінше одан қанаттанады. Полиция қызметкері болу физикалық жағынан, қай жағынан болмасын жеңіл емес. Екі аптада бір рет ату дайындықтарынан өтеміз, «Макаров» тапаншасынан атамыз. Жедел топпен кезекшілікке түскенде қызметтік қаруыммен бірге жүремін. Кейде түнде жұмыс істеуге де тура келеді, – дейді Айсұлу.

Айсұлу Сансызбайқызы тергеу ісінде, қылмыскерді табуда әрбір жайт, деталь назардан тыс қалмайтынын және олар қылмыстың ізін суытпай ашуға үлкен сепігін тигізетінін айтады.

«2011 жылдың мамыр айында бір қылмыстық оқиға болды. Өскемендегі Астана көшесінде құлаққап киіп келе жатқан бір жігітті тапа-тал түсте екі жігіт ұрып-соғып, телефонын тартып алып кеткен. Жәбірленушіден жауап алу кезінде темекі сұрап, телефонынан қоңырау шалып алуды сұрап соқтыққан екі жігіттің бірінің оң жақ білегінің тұсында күйіктен қалған із, дақ бар екенін, екеуі де еуропалық ұлт өкілдері екенін, екіншісінің аяғында жасыл түсті кроссовка барын айтты. Жедел уәкілдер оқиға болған жерге шұғыл түрде жетіп, бағдарлау жүргізіп, жәбірленушінің сипаттауы бойынша көп уақыт өтпей қылмыскерлерді Спорт сарайы аялдамасынан ұстап алды. Бұл іс – менің ең алғашқы жүргізген ісім», – деген тергеуші заманның дамып, жаңа технологиялардың еніп жатуымен бірге бүгінде  қылмыстық істердің де түрленіп, күрделеніп бара жатқандығын айтты. Соның бірі – интернет-алаяқтық. Тергеуші 2019-2020 жылы онлайн несие алып беремін деп, телефон арқылы  өскемендіктердің куәлігінің көшірмесін, ЖСН нөмірін, банк картасының нөміріне дейін сұрап алып, шағын несие беруші ұйымдардан олардың атынан несие алған алаяқтың ісін тергеп, мойындатқан. 2019 жылы, әсіресе пандемия басталған былтырғы наурыз, сәуір айларында барлығы 20 адамды алдаған алаяқтың телефон нөмірі сөндірулі, өзін ешкім ешқашан көрмеген болса да, полицияның жедел уәкілдері ұялы байланыстың базалық станциясы арқылы алаяқты іздеп тауып, қылмыскер сотталды.

Былтыр күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ведомстволық алқа отырысында полиция беделі ел сенімімен өлшенетінін, полицияда жоғары дайындықпен келгендер және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет екендігін атап айтты. Биылдан бастап тәртіп сақшыларына әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп, еңбекақылары арттырылмақ екендігін де айтты. Иә, полицияның кәсібилігі, профессионалдығы, тергеушінің біліктілігі көп нәрсені шешеді. Себебі бүгінгідей күрделі уақытта елдің қорғалуы, халықтың тыныштығы, адамдар құқығының тапталмауы, қылмыскердің құрықталып, тиісті жазасын алуы тегеуріні мықты тәртіп сақшыларының қолында.

Жанаргүл Мұқатай

 

Осы айдарда

Back to top button