Қоғам

Таналық түлектер тарту жасады

Таналық түлектер тарту жасадыТана мырза орта мектебінде «Туған жерге – тағзым» атты акция ұйымдастырылды.

Оған осы мектептен білім алып, еліміздің әр түкпірінде абыроймен еңбек етіп жүрген ауыл мақтаныштары қатысты. Акцияда сөз алған ауыл әкімі С.Ығиев «Туған жерге – тағзым» шарасы туралы айтып, өзінің демеушілігін де көрсетсе, мектеп директоры Т.Салқынбаев акцияға атсалысқандарға алғысын білдіріп, ұжым атынан демеушілік көрсететіндіктерін жеткізді. Облыстық мәслихат депутаты Ержан Құттыбаев үстіміздегі оқу жылында «Халыққа білім беру ісінің озық қызметкері» Кәрібай Құттыбаев атамыздың атын иемденетін тарих кабинетін жабдықтап берді. Ал облыстық тұтынушылар қоғамы қадағалау басқармасының бастығы, ғылым кандидаты Ғазез Сүлейменов өзін-өзі тану кабинетін жабдықтайтынын айтты. Сонымен қатар, ауған соғысының ардагері Марат Ахметқанов бастауыш әскери дайындық кабинеті мен «Даңқ» залын жабдықтауға демеушілік жасады.

Былтыр мектеп оқушыларын 105 мың теңгенің мектеп формасымен жабдықтап, биыл тағы да 45 балаға 250 мың теңгенің киімін әперген Нұржан Бексұлтановқа да алғысымыз шексіз. Кеше ғана осы мектептен түлеп ұшқан Шыңғыс Қасенов те демеушілік жасап, акцияға өз үлесін қосты. Оның нақышына келтіре орындаған «Сағыныш» әні әр тыңдаушының да жүрегін тебірентпей қоймады.

Бұл күні кәсіпкерлер Б.Әлімбаева мен У.Жәлелов, Чернобыль апатын жоюға қатысушы ардагер Қ.Ахмадиев, сондай-ақ, А.Абылқасымова, С.Искакова, С.Илиясханова сынды көптеген жерлестеріміз туған жерге құрметтерін көрсетіп, демеушілік жасады.

2010 жылы Тарбағатай өңіріндегі тасқын кезінде жергілікті «Тарбағатай» газетінде «Ақсуатым – арайлым» деген өлеңін жариялаған Ғазез Сүлейменовтің:
– Дүркіретіп тойларды әлі тойлатармыз, Домбыраны күмбірлетіп ойнатармыз. Асыл елім, асыл жерім – Ақсуатым, Өзіңді әлі ертең-ақ жайнатармыз – деген жыр жолдары жүрегімізде жатталып қалған еді. Сол той бұл күні біздің ауылда тойланды.

М.Мәженова,
Н.Серікова
Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button