Тана мырзаның шапаны

Ерлан Бапанов
Қайбір жылы Тарбағатай тарихи-өлкетану мұражайы тағы да бір тарихи құнды жәдігермен толықты. Онда Тарбағатай өңірінен шыққан көрнекті тарихи тұлға Тана мырза Тілемісұлының үстіне киген шапанын баба ұрпақтары мұражайға табыс етті.
Екі жүз жыл сақталған шапанын табыстауға Тана мырзаның тікелей ұрпақтары Тұрдыхан Шериязданқызы мен Кәлімжан Қойгелдінов келген еді. Қазақ қаржы-экономикалық академиясының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Нәдірбек Әпсәләмұлы мен ардагер-спортшы Хамит Ысқақов та игі шараның бел ортасында жүрді. Өкінішке қарай, екі жерлесіміз де бүгінде ортамызда жоқ. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек Қарпықұлы құнды ой-пікірімен бөлісті.
Иә, заманында елде суармалы жерлерге егін ектірген, елді өнер-білімге баулып, мешіттер салдырған мырза әрі би Тана Тілемісұлының тарихтағы орны айрықша. Құнды жәдігерді туған өлкеге жеткізген Тұрдыхан Шериязданқызы Тана мырзаның шөбересі, яғни бесінші ұрпағы. Тарқатып айтсақ, Тана мырза – оның ұлы Омар – Омардың қызы Бейілхан – Бейілханның ұлы – Шерияздан – Шериязданның қызы Тұрдыхан. Тұрдыхан апамыз да тектілер ұрпағы. Мәселен, Райымжан мен Шериязданның әкесі Мәрсек кезінде Өскемен өңіріне атағы шыққан, Айыртау болысының управителі болған ықпалды, беделді, ән-күйге жаны жақын адам болған көрінеді. Демек, шапанды аманаттап әкеліп отырған Тұрдыхан апаның әкесі Шериязданның туған ағасы, «Алаш» партиясының, «Алашорда» үкіметінің қайраткері Райымжан Мәрсеков – Тана мырзаның туған жиені.
Тарихшы Светлана Смағұлованың дерегінше, Райымжан Мәрсеков 1897 жылы Ресей империясының астанасы – Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Ол білім алған жылдары және онан ілгері-кейінді Петербургте Ә.Бөкейхан, Б.Қаратаев, Ж.Ақбаев, Б.Құлманов, Ж.Сейдалин, А.Тұрлыбаев, Б.Сырттанов, М.Тынышбаев сияқты кейіннен қазақ халқының зиялы қауымының қаймағы болған жастар оқиды. Олардың барлығы университет қабырғасынан терең білім алып, қазақтың ғылым, заң, оқу-ағарту, денсаулық сақтау саласында өшпес із қалдырды. Көпшілігі ұлт-азаттық қозғалысының белсенді қайраткері болған.
«Менің әкемнің әкесі Мәрсек ән-күйге жақын, сал-серілігі бар адам болыпты. Содан бір той үстінде апам Бейілханмен көңіл қосыпты. Апамның бала кезінде құдаласқан жері кем екен. Жылап оған бармаймын деп зар илейтін көрінеді. Кейіннен Мәрсекті шешесінің қасына ертіп келіпті. Ол кезде Омар атамның қайтыс болған кезі екен. Бейілхан апамыздың шешесі Мәрсекті көргеннен кейін: «Балам сенің теңің екен, берсем берейін. Бірақ бұл дауды мен шеше алмаймын. Мен қолымнан жасауымды жасап берер едім, бұл жерде үлкен дау болады. Сондықтан қызымды алып қаш, жасауымды берейін», – деп бір дастарханға ділдә түйіп берген екен. Кейінгі бір уақытта осы шапанды сандығынан алып шығып Бейілхан апама: «Мынау – сенің Тана мырза деген үлкен атаңның мешітке киген шапаны. Осында береке бар, бақ бар, дәулет бар. Біреуге беруші, жерге тастаушы болма», – деп тапсырыпты. Сонан соң апам Мәрсек атама келгеннен кейін өз сандығында сақтаған. Менің әкем Шерияздан да Алашорда мүшесі болған. 1932 жылы қуғын-сүргінде шешем екеуі Қытайға өтіп кеткен. Райымжан атамыз да «ұлтшыл», «буржуазияшыл» деген айыптар тағылған соң бас сауғалап, Қытай еліне қашуға мәжбүр болыпты. Ол жақта ұстаздық еткен», – дейді Тұрдыхан Шерязданқызы.
Қытайда 30 жыл ұстаздық еткен Тұрдыхан Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанға келгеннен кейін Райымжан Мәрсеков туралы газет-журналдардан көп мақалаларды оқиды. Семейдегі Абай мұражайына барып, белгілі абайтанушы Төкен Ибрагимовпен кезігіп, Райымжанның інісі Шериязданның қызымын дегенде орнынан атып тұрып: «Асылдың сынығы, алтынның қиығы екенсің ғой, қарғам. Артында бірде-бір адам қалмады деп еді. Қайта сен бар екенсің», – деп айрықша тебіреніпті. «Көзі қарақты оқыған екенсің, осы жұмысты саған тапсырамын, қалай-қалай істеудің жолын көрсетемін», – дейді. Содан 2001 жылдан 2004 жылға дейін ізденеді. «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына, дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына, депутат Мұхтар Құл–Мұхаммедке, тағы басқа жерлерге барады. Соның нәтижесінде Семей қаласының бір көшесіне, ал Ұлан ауданы орталығындағы мектептерінің біріне Райымжан Мәрсеков аты берілген екен. Осылайша, баба аруағы алдындағы парызының бір парасын болса да орындауға талпынған Тұрдыхан апамыз 200 жыл сақтаған Тана мырза атасының шапанын мұражайға әкеп тапсырды. Міне, тектіліктің белгісі, өткенге құрмет көрсетудің табанды үлгісі. Бүгінде екі жүз жылдық шапан құнды жәдігер ретінде мұражайға келушілерді ақпараттандырып тұр.
Емен-жарқын әңгіме өрбітілген мұражайдағы іс-шарада марқұм, ғылым докторы Нәдірбек Әпсәләмұлы, тарихшы Мұхтарбек Қарпықұлы Тана мырзаның, Райымжан Мәрсековтің қайраткерлік қырлары, кісілік келбеті туралы тұшымды ой-пкірлер айтты.
«Елімізде жыл сайын кең түрде атап өтілетін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз халқына жолдаған арнайы үндеуінің және ондағы нақты тұжырымдарының, атап айтқанда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын одан әрі анықтап, оларды ақтауға байланысты үкімет жанынан Мемлекеттік комиссия құру туралы шешімі осы баға жеткісіз іске соны серпін беретіні анық. НКВД-нің құрығының ұзын болғаны сонша, елдегілермен шектелмей, оның шетел асқандарға да салынғаны мәлім. 30-40 жылдары Шыңжаңды билеген Шэн Цицай Кеңес Одағымен ымырада болды. Сол 40-шы жылдары көп адамның көзі Қытайда немесе Қазақстанға әкелініп жойылды. Мәселен, көрнекті Алаш қайраткерлері Райымжан Мәрсековтің және Ыбырайым Жайнақовтың қайда ажал құшқандары белгісіз. Кейбір мәліметтер бойынша олар Қазақстанға әкелінген делінеді. Президенттің қолдауына сүйене отырып, ведомстволық архивтердегі небір құпиялардың сыры ашылса, дүдәмәл дүниелерге жауап табылар еді. Өкініштісі сол, Сталиннің жазалау органдарының ажалды шеңгелінен миллиондаған нақақ құрбан болғандарға, кезінде осы тоталитарлық режим тудырған, бүкіл халықты баураған үрей жағдайында, ешкім соларға арашашы бола алмады. Сонымен қоймай, халықтың өзін бір-біріне аңдытып, жалған мәліметтер түсіруге мәжбүрледі. Сол себептен де нақақтан құрбан болғандардың есімдерін, олардың тапталған ар-намыстарын қалпына келтіру – бүгінгі ұрпақ үшін парыз. Сол арқылы ғана болса да бүгінгі біздер жан тазалығын сезінуге тиіспіз», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Қарпықұлы Qazaqstan Tarihy порталына берген пікірінде.
Ал Тана мырза қазаққа ортақ айтулы тұлға болып тарих сахнасында мәңгі жарқырап, жасай бермек.
ТАРБАҒАТАЙ.