Тарих

Тана мырза туралы деректер Ресейдің мұрағаттарында да бар

Қазақ халқының тарихында айғақты ізі бар әйгілі тұлғалардың бірі – Тана мырза Тілемісұлы. Биыл оның туғанына – 210 жыл. Ол 1803 жылы Тарбағатай баурайында, Қарғыба өзенінің жағасында дүниеге келген. Ат жалын тартып мінген кезінен бастап, өмірінің соңына дейін, яғни 1868 жылға дейін патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен Тана мырза туралы тарихи деректер Қазақстанның, Ресейдің, оның ішінде Омбы, Томск, Қазан, Санкт-Петербург қалаларындағы мұрағат қорларында бар. Халық үшін атқарған игілікті істері халқымыздың ауыз әдебиетінде, шежіре баяндарында, тарихи әңгімелерде із тастап отырған. Сол дерек көздері оның тарихи тұлғасын толық танып білуге, еңбегін бағалап, тарихи баға беруге септігін тигізіп отыр.

Шығысты отарлау өзгеше сипатта болды

Біз сол деректерге сүйене отырып, Тана мырзаны тарих аренасына алып шыққан тарихи факторлар, саяси әрекеттер арқылы сол уақыттың сипатын ашып беруге ұмтылмақпыз. Ол үшін алдымен тарихқа сәл шегініс жасап алайық. Тана мырза өмір сүрген дәуір шындығын көз алдымызға әкелуге әрекет жасап көрелік. Түркі халқы мекендейтін шұрайлы өлкелерді жайлап алу саясаты сонау Ресейдің қанды қол патшасы Иван Грозный тұсында, одан кейін 1-Петр кезеңінде жүзеге асырыла бастады. Әсіресе, 1-Петр бұратана халықтарды отарлау саясатының тұжырымдамасын жасады. Ол: «Бұл орда – қазақ хандығы – бүкіл Азия елдері мен жерлеріне кілт және қақпа, мейлі, миллионнан ассын, орасан зор шығынға қарамай, бодандыққа алу керек» деп мәлімдеді. 1-Петрдің шектен шыққан шовинистік мәлімдемесін Анна, Елизавета, 11-Екатерина, Александрлар мен Николайлар жүзеге асырды.

Қазақ даласына алғашқы «экспедиция» атын жамылған барлаушы отрядтар, жетекшілері – Бекович Черкасский және Бухгольц аттанды. Бекович 1714 жылы Каспий аймағын барласа, Бухгольц 1716 жылы Омбы бекінісін, іле-шала келген Лихарев 1720 жылы Өскемен бекінісін салды. Семей, Павлодар, Петропавл қалаларының іргесі де осы тұста қалана бастады. Сөйтіп, қазақ жері Ресей отарына айналды. Ресейдің негізгі тарихы, дамуы отарлауға негізделіп отырғанын сол заманғы тарихшы ғалымдар ашып айтқан еді. Атақты ғалымдардың бірі – Ключевский Ресей жөнінде: «Оның ұлы империялық құдыреті отар елдердің көз жасына малынған еді» десе, ғалым-этнограф Сидельников: «Шығысты отарлау өзгеше сипатты болды» деп жазды. Шығысқа қарай әскерилермен бірге жайлы жер іздеген адамдар ағыла бастады. Патша өзінің өкімет билігін нығайту мақсатында «қоныс аударушы» казактарды жергілікті халықтарға қарсы белсенді түрде пайдалана бастады. Жер-жерлерде қазақтардың арасына сыналап кірген олар ең шұрайлы жерге ие болу правосын алды. Қазақтар ығысып, тау-тасқа көшіп, орыс селоларынан іргені аулақ сала бастады.

Ресей үшін жергілікті халық адам санатына қосылмады, керісінше бұратана, жабайы деп аталды. Басқару жүйесі де отарлауға сәйкестендірілді. Халықты басқару бөлшектеп алып билеуге негізделсе, оның түп тамырында қазақты орыстандыру саясаты жатты.
Өзіміз атақты ғалым, саяхатшы деп әспеттеп келген Пржевальский қазақтарды: «Вообще позволительно не только сомневаться в невозможности для номадов перехода в цивилизованную жизнь по каким бы ни было рецептам, но можно даже утверждать полную непригодность этих племен к такой метаморфозе. Как баран не может быть дрессирован на подобие ляговой собаки, так и кочевник умственно тупой, ленивый и апатичный не может по складу своей природы, переделаться в энергетического цивилизованного человека» деп әбден масқаралап жазды. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Бұратана халықты құлға айландыру саясаты. Көздеген ой жүзеге асып, орысорталық-русоцентризм бел алды. Бұл жөнінде Жүсіпбек Аймауытов: «Қазақтардың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып бере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауыльный школ, миссионерлер таратты, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге, жаңа заман, мировой судья, крестьянский начальниктер шығарды. Ішінен тоздыруға сайлау деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырып, қырқыстырды» деп ашық айтқан. Генерал-губернатор Колпаковский өз есебінде былай депті. «Қазіргі кезде қазақтардың ескі әдет-ғұрпы, салт-санасы босаңсыды, ал жаңасы әлі құрыла қойған жоқ. Мұндай босаңсыған халық өзіне діннен тіреу іздейді. Қазақтар өздерін мұсылманбыз дейді. Бірақ, көпшілігінің сол дін туралы түсінігі жоқ. Бұлардың арасында могомет дінін таратып жүргендер – саудагер татарлар, бұхарлықтар. Сондықтан оларға кедергі жасап, мынандай босаңсып тұрған қолайлы кезеңді пайдалана отырып, қазақтарды христиан дініне қабылдау керек». Осылайша сұрқия саясат қазақ даласына жайыла берді. Ол әсіресе, шекараға таяу орналасқан жерлерде, округ орталығы маңайында белең алып тұрды. Миссионерлер шоқынған қазақтарға ақшалай жәрдем, жер бөліп беріп, жағдай жасап отырған. Мәселен, Томск қаласындағы «Том эпархиясындағы, бір құрамдас бөлімше «Киргиз-кайсак миссиясы» деп аталғаны белгілі. Содан шығатын миссионерлерге қыруар қаржы бөлініп, олар өздері қолайлы деп тапқан жерге шіркеу салып, халықты алдау-арбау жолымен өзіне тартып отырған.

Миссионерлер ел ішіне келе бастады

Жерінен, малынан жұтап айырылған халық қайда барады? Амалсыз мойын ұсынбай ма? Міне, осындай аласапыран шақта елдің жоғын жоқтап, мұң-зарына құлақ қойып, басын біріктіріп, тамырға балта шауып отырған империя әрекетіне қарсы қозғалыстар ұйымдастырған тұлғалар шыға бастады. Бұл – заңды құбылыс. Ежелден ата мекен үшін жан аямаған, ұрпақ үшін басын бәйгеге тіккен елден ер шықпай қойсын ба? Сондай елім деп атқа қонған ердің бірі – Тана мырза. Арысы үш жүзге, берісі өзіміздің Шығыс өңіріне үлгі таратқан Тана мырза патша үкіметінің саясатының бағдарын түсініп, оған қарсы әрекеттер ұйымдастырады. Біз Тананың аты кең тараған ел ішін мысалға ала отырып, сөзімізді тарихи құжаттармен дәлелдеп, әрбір іске мұқият көзқарас қалыптастыруды, сол арқылы тұлғаға баға беруге тиіспіз. Әріге бармай-ақ, Көкпекті мен Ақсуатты алсақ та жеткілікті. Патша үкіметі саясатын іске асыру үшін жолға шыққан миссионерлер ел ішіне көптеп келе бастады.Мұрағат қорларында олардың аты-жөні, атқарған жұмысы, жазған есебі толық сақталған. Тарихтың ақтаңдақ беттері әлі ашылмай тұрған кезеңде біз оларды әртүрлі экспедицияға жатқызып, зерттеушілер, ғалымдар қатарына қосып алып жүрдік. Атын шығарып, әйгілі қаланың атын беріп қойған Пржевальскийдің сөзін айттық. Сондай ойы екі ұшты, әрекеті айдан анық жаулық болатын миссионерлер Любимов, Елисеев, Герасимов, Поповтар Көкпекті, Зайсан, Өскеменге келіп, қазіргі өлшеммен алсақ, бір ауданға 15-тен артық шіркеу салған. Шіркеу жанынан школ ашып, бала оқытқан. Бір ғана Көкпектіде аз уақыт ішінде 19 шіркеу салынып, Қалба жоталарынан Зайсанға дейінгі жазық дала қоңырау үні астында қалған. Бұл туралы құжаттар алыста емес, өзіміздің Семейдегі өлке тану мұражайында жеткілікті. Онда, сондай-ақ, араб ғаріпімен басылған «Евангелия» кітабы да сақталған. Шағын кітапшалар қазақ тілінде христиан дінін насихаттауға арналған. Бұл кітаптар қайталанып басылып, мыңдаған данамен тегін таратылған. Мынандай бір мысал келтіре кетейік Сол замандағы бір суретте терек діңіне қағылған иконада Иисус Христос бейнесі де, оның алдында тізерлеп отырған қазақ қызы Жәмилә салынған. Сурет астына «Мына Жәмилә қатты ауырып еді, оны Иисус Христос жазды» деп жазып қойыпты. Лазеретте емделгеннің бәрінің құлағына осындай ертегіні құйған сияқты. Ел ішінде толқулар пайда болып, кембағал адамдар христиан дініне мойын ұсына бастағаны байқалғанда, Тана мырза да халықты аман сақтаудың бірден-бір жолы – нақтылы білім мен діни сауаттылық, ислам дініне деген берік сенім екенін біліп, сол жолдағы күреске бел шеше араласқан. Тана мырзаның тағдырлас адамдары, олар – Ырғызбай, Қобай, Дәуіт, Ер Тәукебай, Шерубай болды. Бұл жерде бөліп қарастыратынымыз – Қобай, Дәуіт. Қобайдың шын есімі – Ғұбайдолла. Дәуіт – Ғұбайдолланың ұлы. Сонау 1848 жылы Аягөз маңындағы жайлауда өткен айтыста Жанаққа Сабырбай ақын:
Кешікпей Тана мырза мешіт салып,
Күшейіп ислам діні таралыпты.
Өзі бек, Құбайдолла имам болып,
Оқыпты сахарада тауарықты… –
дейді. Бұл айтыстың араб әрпіндегі түпнұсқасы мұрағат қорында бар.

Міне, осы Құбайдолла – Қобай – Тана мырзаның ең жақын серігі әрі туысы болып есептеледі. Ғұбайдолла мен оның ұлы Дәуіттің сахараға дін, ілім мен білім тарату жолындағы еңбегі байыпты зерттеулер мен парасатты көзқарас тұрғысынан әділ бағаланып, өз бағасын алуға тиісті. Терең бойламай-ақ, әйгілі Тана мырзамен тізе қоса жүріп, жеті мешіт, он алты медресе салуы өздері бас болып халықты ислам дініне ұйыта білуі, жас ұрпаққа жан азық білім беріп, жарқын болашағына айқын бағыт сілтеуі – өлшеусіз еңбек. Олардың халқым дегендегі зор ықыласқа толы өмірі, арпалыспен өткен ерлік жолдары, кәтепті қара нардай қайыспас қайсарлығы бізге өнеге, өсиет, өшпес мұра болып қала бермек. Жоғарыда аттары аталған ел ағаларының ел ішіне кіріп, өзінің сұрқия саясатын біртіндеп сіңіре бастаған миссионерлерге қарсы күресі әр бағытта, әр түрлі жолдармен өрбіп отырды. Жер-жерде бұрқ ете түсіп, басым күшпен қайта басылған наразылықтар жөнінде тарихи деректер бар. Ел іші толқулары патша өкіметін ойландырмай қойған жоқ. Ол енді айыр құйрық қулыққа көшіп, бұратана халықты тізгіндеп ұстаудың жаңа амал-тәсілдерін қолдана бастады. Қазақтың әлі күнге дейін өзінің ішкі жауы болып келе жатқан алауыздығын өте шебер пайдалана білді. Тақ үшін, жер үшін талас өршіп, береке қаша бастаған шақта, елді соңынан ерте алатын көшбасшы азаматтар тарихи аренаға шықты. Олардан қауіптенген үкімет елдің игі жақсыларын жақауратып, жанына жақын ұстауға тырысып бақты. Жөнді-жосықсыз шен-шекпен, алқа-белгі таратып, икемдей берді. Оның бір мысалы, 1946 жылы «Экспедиция» атын жамылып, қазақ арасындағы толқуларды байқап, от алған ошағын өшіруге, әрекет жасап жүрген поляк революционері, кейіннен орыс әскерінің тыңшы- барлаушысы болған Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттарында» Көкпектіден Тана мен Қисық бастаған 200 адам жасақ келгені, басшыларына патша офицерлерінің «Үкімет берген наградаларыңды неге тағып жүрмейсіңдер?» деген сауалына, олар «Ұяламыз» деп жауап бергені айтылады. Байқап қарасақ, олар – Тана мен Қисық халықтан ұялатынын айтып тұрған жоқ па? Ұлықтан ұялмас еді, қайта жағына жалпақтап, тағып келмей ме? Осы шағын сөз алмасудан-ақ Шығыс өңірі басшыларының жалтақ ойдан аулақ, ел қамы үшін ар-намыспен еңбек сіңіргенін байқау қиын емес. Оның үстіне, әзірге аты-жөні белгісіз болып келетін Жанай ақынның жай оғындай зілді өлеңдері осы ойды айғақтай түседі. Орынбайды тұқыртқанда тілге тиек болғаны – ата-бабалар жолы, азаттық үшін алысқан батырлар ерлігі емес пе? Жанай елінің атынан шығып айтысты дейін десең Көкпектіден барған жасақ құрамы әр рудан екені белгілі. Сонымен қатар, аға сұлтан Қисық – шын аты Салмақ Тезек ұлы бар. Олардың алдында Жанай атынан шығып айтысу мүмкін емес. Бұл – әлі шешуін таппай келе жатқан мәселе. Алайда, кім айтысса да ел сөзін, ел жақсыларының пікірін ашық айтып берген.

Жеті мешіт салғызды

Жалпы, Шығыс елі – тарихтың қандай қиын-қыстау кезеңдерінде болмасын, соңғы демі қалғанша азаттық үшін арпалысқан ел. Ол сонау Тоныкөк Тататұнға жазбаларынан, Шыңғысхан заманынан, Жоңғар шапқыншылығынан, орыс отаршылдығынан, Алаш қозғалыстарынан айқын көрініп отырады. Ат төбеліндей төрелердің өзі шен-шекпен, ақ патша қызметі үшін қырықпышақ болып, елді дүрліктіріп жатқанда, ең қауіпті жау – сыналап келген миссионерлер екенін білген әйгілі Ақтайлақ би сонау Әулиеата жерінен Сейіт қожаларды алдыруы тегіннен-тегін болмаса керек. Бұл жөнінде Қабдеш Жұмаділов «Прометей алауы» шығармасында толық баяндады. Сондай жолды ұстаған ел ағалары ендігі жерде орыс шіркеуі салтанат құрған мекеннен, яки соған таяу жерден мешіттер сала бастайды. Бұл жұмысты тікелей басшылық жасап қолына алған – Тана мырза мен Ғұбайдолла имам. Тарихта олар салған жеті мешіт туралы дерек бар. Төрт мешіт құрылысының аяқталып, пайдалануға берілгені жөнінде патент деп аталатын құжат та табылды. Омбы, Том қалаларындағы, сондай-ақ, Алматыдағы орталық мұрағат қорында осы өңірлерден арбауға түсіп, шоқынып кеткен қазақтар туралы да дерек көздері жеткілікті. Әйгілі миссионер Елисеев өзінің берген есебінде мынандай көріністі әңгімелейді. «Мешіт қаласына таяу келіп тоқтадық. Қазақтар мен ноғайлар шөп шауып жүр екен. Бір төбеде жатқан адам сүйегін байқап қалдық та, жергілікті адамдарға: «Мынау адам сендердің туыстарың емес пе, неге жерлемегенсіңдер?» деп сұрадық. Олар: «Жоқ, ол – адам емес, ол – шоқыншы. Тана мен оның жігіттері бауыздап кеткен», деп жауап берді. Сондай-ақ, Ботатай батыр зиратын күреп тастап, орнына шіркеу салған қорлыққа шыдай алмаған Ғұбайдолла бабамыз өзінің туысы Ғарифты жіберіп, шіркеуді өртетіп, намыс үшін бастарын бәйгеге тіккенін тарихтан жақсы білеміз. Осындай әрекеттерге басшы болған Тана мырза патша үкіметінің сенімсіз адамына айналады. Ол уақытта отаршылдыққа қарсы қозғалыстар Арқа даласында, Сыр бойы мен Торғай өңірінде ерекше өршіп тұрған болатын. Ал біздің Шығыстағы күрестің жолдары әрқилы болды деп жоғарыда айтып өттік. Қантөгістен бөлек, арбауға алданбау саясатын ұстанған Тана мырза секілді игі жақсылар өз мақсаттарын да жүзеге асыра білді.Елді де аман сақтап қалды. Өңірдегі саяси ахуал 1844 жылы Көкпекті округі ашылғаннан кейін одан әрі ушыға түсті. Шын мәнінде осы округ құрылған күннен бастап бодандық бұғауы тарыла берді. Елден алынатын алым-салық мөлшері ұлғайды. Үкімет малды байларға салықты бастырмалата салып, малдан күштеп айыруға ұмтылды. Жер дауы өршіді. Округ құрылғанға дейінгі Аягөз құжаттарында, Омбы мұрағат қорындағы формулярларда Мұрындар жері Тарбағатай, Қалба, Делбегетей жоталарына дейін деп көрсетілген. Кейін осы ұлан ғайыр жер қысқартылып жайлау жат қолында қалды. Кен іздеген қазбалар көбейді. Алтын қазатын орындар ерекше күзетке алынды. Наразылық білдірген ел немесе жеке намысты адам дереу жазаланып отырды. Сондай елі үшін шыбын жанын оққа байлағандар батыр Қожагелді, Шерубайлар, Ер Тәукебайлар еді. Патша өкіметінің өкілі Батыс Сібір өлкесін ағарту саласын басқарып келген Сперанскийдің және Батенковтың қатысуымен «Сибирь қырғыздары туралы Устав» жарыққа шығып, еркіндік жойылған еді. Аға сұлтандық та осы устав негізінде енгізілген болатын. Көздеген мақсат – «бөліп ал да, билей бер». Патша үкіметі алғашқы кезеңде уәдені үйіп-төгіп береді. Олар: қазақтан солдат алынбайды, бес жылға дейін алым-салықтан босатылады, мұсылман дініне қол сұғылмайды, қасиетті Қағба-Меккеге баруға шек қойылмайды, әр рудың билігі өзінде.

Ал осы уәде жүзеге асты ма? Керісінше, уақытша ғана алдау болып шықты. Солдат қара жұмысқа алынды. Салық 10 есеге ұлғайды. Мешіт салу, бала оқыту оңайлықпен жүзеге аспады. Оған кереғар шіркеу, «приходской школ салам» деушілер айрықша марапатқа, қолдауға ие болды. Устав бойынша қазақтар толықтай орыс билігіне бағынды. Мәселен, Көкпекті округі бойынша шіркеу саламын деушілерге тоқтаусыз қаржы бөлініп, ыңғайына қарай жер берілген. Ал мешіт салмақ болған ағайындарға барынша қарсылық көрсетіліп, рұқсат-патенті көптеген есіктің табалдырығын тоздырумен, пара беру арқылы ғана алынып отырған. Алғашында шағын отряд болып келген казак-орыстар 1844 жылы 500 адамға жетсе, он жыл ішінде 2000 адамға көбейген. Бұлар негізінен – өз алдына шаруашылығы бар казак-орыстар, әскери қызметшілер. Ал оларға батырақтар мен қызметшілерін қосқанда адам саны әлдеқайда көбейе түседі. Бұған енді кен қазу үшін келген инженерлер мен маман-жұмысшыларды қосыңыз. Левшин, Кохановтар, Мамонтов, Греховтар, Ногайцев сынды инженер-геологтар, купецтер қазақ жайлауын еш сұраусыз бөлшектеп алды. Кеніштерге кедейлене бастаған қазақтарды мардымсыз еңбекақымен қара жұмысқа тарта бастайды. Міне, осындай аумалы-төкпелі аласапыран заманда өмір сүріп ел болашағы деп атқа қонған Тана мырза секілді тұлғаларды үкімет ерекше қадағалап, оның әр адымына қарауыл қойып отырған. Десек те, өзінің халық арасындағы зор беделімен, айла-ақылымен Тана мырза ойға алған іс-шараларын біртіндеп болса да, жүзеге асыра алған. Қанаттас серіктерімен бірге жойқын ағыс тәрізді күшке қарсы тұрып, елдің бірлігін, тілі мен дінін сақтап қалған. Шығыс өңірін есепке алмағанда бүкіл қазақ даласында исламды, діни білімді насихаттап 7 мешіт, 16 медресе салған адам жоқтың қасы. Бұған арасына 15 жыл салып жүргізіліп тұрған санақ таблицасындағы жазбалар толық дәлел бола алады.

Тақырыбымыз «Тана мырза және оның заманы» болғандықтан, біз мырзаның жеке басына, еңбектеріне көп тоқталмай, заман шындығын ашуға тырыстық. Ол ойымызды тарихи құжаттармен бекіте отырып, дәлелдеп айта алдық деп есептейміз. Әрине, әлі де болса толықтай зерттей түсуді, көп ізденісті еңбек етуді қажет ететін тарихи кезеңдер баршылық. Ол Тана мырза заманына да қатысты болмақ.

Айбек Сапышев,
ақын, драматург

Осы айдарда

Back to top button