Қоғам

Тамаша тарту жасады

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ. 

Бойындағы азаматтық қасиетімен жан-жағына шарапатын тигізіп жүретін жандар кәсіпкерлер ішінде де баршылық. Әсіресе аудан орталығы Ақжар ауылында мұндай үлгілі істің талай мәрте куәсі де болғанбыз.

Жуырда жергілікті меценат Болат Нұрпейісов Ақжардан жаңадан бой көтеріп келе жатқан шағын ауданның бірінен өз қаражатына Әбілхас Қабдешов атындағы балалар ойын алаңы мен хоккей қорабын салдырып, сол көшені жарықтандырып, ауыл игілігіне тарту етті. Балалар жылы аясында халыққа қажетті нысандардың іске қосылуына жерлестері дән ризашылығын салтанатты ашылуында да, әлеуметтік желілерде де жаудырып жатты.

Салтанатты ашылуында сөз алған Тарбағатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерсін Кәдірбекұлы жиылған қауымды құттықтап, аудан орталығының көркеюіне өзіндік үлесін қосып жатқан Болат Жұмабекұлына алғысын білдірді. Іс-шарада жергілікті ақын Сайлаухан Сағдолдин ақжарма лебізін өлеңге арқау ете келіп, көпбалалы ана Социал Бейісбаевамен бірге лентасын қиды.

Заманауи стандартқа сай жасалған ойын алаңы – кішкентай тұрғындар үшін таптырмас мекен. Оның үстіне, қыс мезгілінде келіп шайбалы хоккей ойнайтын ауыл балалары шыныға түспек.

Кәсіпкер Болат Жұмабекұлы нағашы ағасы Әбілхас Қабдешовтің есімін жаңғырта отырып, ауылға пайдалы іс атқарды.  Көзкөргендер ол кісі туралы нағыз еңбек адамы еді деп еске алды.

«Әбілқас (Әпен ) ағамыз еңбек жолын кезінде 7 мың гектар егіні, 70 мың қой болған, Тарбағатай ауданын бүкіл Шығысқа, қалаберді республикаға танымал қылған «Шілікті» совхозынан бастап еді. Мен білгенде Әпен ағамыз қандай қызметте жүрсе де, абыройлы болды. Жасым кіші болса да, Одақтың тұсында бірге қызметтес болдық. Іссапарларда, білім жетілдіру курстарында бірге жүрдік. Бар білгенін ортаға салып үйретіп отыратын ұйымдастыру қабілеті ерекше, бірсөзді, ішкі мәдениеті жоғары басшы болды», – дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Дәуітбек Айдарханұлы.

Жалпы, меценат Болат Нұрпейісов елге көмек қажет кезде аянып қалмайды. Мәселен, коронавирус індеті дендеп, жағдай күрделенген тұста өз отбасының атынан 500 мың теңге қаражатын Ақжардағы №2 аудандық аурухананың ұжымына ізгілік көмек ретінде табыстаған еді.

Аудандық мәслихаттың депутаты кезінде де өз қаражаты есебінен Маңырақ ауылындағы ең ұзын Дәулетбай көшесінің ішкі жолын жөндеп берді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлікпен, тұрмысы төмен отбасыларға көмірмен талай мәрте қайырымдылық жасағаны елдің есінде. Қашан көрсең де ауылға, елге болсын деген көпшіл, кеңпейіл ниеті жан-жағына шарапатын тигізіп келеді.

Осы айдарда

Back to top button