Экономика

Тамақ өнеркәсібінде тың жобалар қолға алынды

Семейде үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасына орай қайта өңдеу саласы мен ауыл шаруашылығында екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Тамақ өнеркәсібінде тың жобалар қолға алындыҚалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, Индустрияландыру картасының бағытын толық қолдап отырған мекеменің бірі – «Тамаша» ЖШС. 2010 жылы бұл кәсіпорын үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасына кіргізілген. Қысқа кесілетін макарондарды шығару жобасы 171 миллион теңгеге бағаланып, өндірістің жартысын «Қазагрофинанс» АҚ несиелендірген. Сонымен екі-үш жыл өткен кезде «Тамаша» ЖШС тәулігіне 17,5 тонна өнім өндіретін болды. Жеңілдікпен берілетін несиеге орай кәсіпорын жоғары сапалы итальяндық құрал-жабдық орнатып, 35 адамға жұмыс тауып берді. Мемлекет есебінен инженерлік жүйелер орнатылды.

Бүгінде Индустрияландыру картасы бойынша зауытқа ұзындығы 700 метр болатын подъезд жолының құрылысын бастау үшін облыстық бюджеттен қаржы сұрастырылуда. Бұған шамамен 5 млн. теңге қажет екен. Кәсіпорын қуатына енген соң оны ҮИИБ-дан шығарып, алдағы уақытта Индустрияландыру картасына кіргізбек. Тәулігіне 60 тонна ұн өндіретін диірмен кешенінің құрылысын салу да жоспарда бар. Қалалық әкімшілік жаңа макарон зауыты үшін 1,47 га. жер телімін беріп отыр. Және мемлекет қаржысы есебінен кешеннің жобалық-сметалық құжаты дайындалуда. Бұл жоба Түркияның инвесторларымен бірге жоспарлануда. Бурсалық кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Сол жақтан қажетті құрал-жабдық сатылып алынбақ.

Индустрияландыру картасының аясында Семейде тамақ өнеркәсібі саласы бойынша тағы бір тың жоба қолға алынған. Бұл – Қазақстандағы ең ірі құс фабрикасы «Семей құсты» жаңа бағытқа көшіру. Нәтижесінде «Восток-бройлер» ЖШС құрылып, кәсіпорын жұмыртқа өндіруден құс өсіруге маманданды. Осылайша ашылғаннан бастап 700 тонна құс етін өндірді. Биыл құс фабрикасында жаңадан қазіргі заман талабына сай қасапхана мен тоңазытқыштар қойылмақ. Барлық қуатына енген соң «Восток-бройлер» жылына 20 мың тонна құс етін өндірмек. Бұл Қазақстанды толық қамтуға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта кәсіпорын Ресей мен өзге елдерге экспортқа шықпақ. Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасына келер жылы бірнеше ірі кәсіпорындар да қосылмақ. Оның ішінде «Прииртышская бройлер фабрикасы» ЖШС-ін жаңғырту бар. Бұл жерде де қасапхана мен тоңазытқыштар қойылмақ. Семейдегі екі көкөніс өсіретін кәсіпорын «Приречное Агрофирмасы» мен «Мұздыбай-1» шаруа қожалығы өздерінің қоймаларын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұған дейін «Приречныйда» 8 мың тонна көкөніс, картоп сақтайтын қойма пайдалануға берілген еді.

Осы қойма тұрақтандыру қорының өнімін сапалы сақтауға мүмкіндік берді. Енді бұл жерде де тоңазытқыш қою қажет. Бұған Германиядан әріптестер де табылды. Ал «Мұздыбай-1» шаруа қожалығында 2013 жылы төрт мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынбақ. Құрылыс материалдары дайын, көктем шыға жұмыс басталады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button