Қоғам

Тамақ өнеркәсібін көршілермен бірлесіп дамытпақ

Тамақ өнеркәсібін көршілермен бірлесіп дамытпақ


Семейдің технолог-ғалымдары шетелдік мамандармен бірлесе жұмыс істеп, жаңа жоба арқылы адам денсаулығына аса пайдалы азық-түліктер шығаруды жолға қоймақшы. Ол үшін белокты өсімдіктер, дәнді дақылдар пайдаланылып, әр адамның жас мөлшеріне қарай ас мәзірлері бекітілетін болады.

Мәселен, қаладағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің кафедра ғалымдары балалар және қарттар тағамы өндірісін жолға қою үшін көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Олар геродиетикалық тағамдар әзірлеуді бастап та кетіпті. Ол – қарттарға арналған тағам. Тағам құрамына қарттардың асқазаны нені қорыта алады деген есеппен пайдалы тамақ өнімдері кіргізілмек.

Осындай ас қорыту жүйесіндегі түрлі аурулардың алдын алатын жаңа бағыттар туралы, шаруа қожалықтарындағы ерекше мамандандырылу технологиясы, мембранды техника, биотехнология жетістіктері жөнінде «Тамақ өнімдерін өндірудің өзекті мәселелері: даму перспективалары мен жағдайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда кеңінен талқыланды. Конференция барысында Семейдің азық-түлік шығаратын ірі кәсіпорындары бас қосты. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге өз өнімдерін әкелді. Айта кетерлігі, жиын техника ғылымдарының докторы, профессор Елемес Төлеуовтің 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған болатын. Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, техника ғылымдарының докторы Құмарбек Әмірханов Е.Төлеуовтің осы салаға қосқан үлесі жөнінде ауқымды баяндама жасап, еңбектеріне тоқталды.

Елемес Төлеуовтің ғылыми мектебі Қазақстанға ғана емес, шетелдерде де танымал. Ол өмір бойы тамақ өнеркәсібінің, әсіресе, ет өнімдерінің тақырыбын зерттеді. Елемес Төлеуов 1969 жылы Мәскеудегі ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтында «Жылқы етінен жасалатын піскен шұжық өнімі өндірісі технологиясын жетілдіру» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 1999 жылы Ресейдің Кемерово тамақ өнеркәсібінің технологиялық институтында академик И.Роговтың жетекшілігімен жылқы етін кешенді түрде өңдеу технологиясын жетілдіруге орай докторлық диссертациясын да сәтті қорғап шығады. Ол 43 жыл бойы жұмыс істеген «Ет және ет өнімдерінің технологиясы» кафедрасының ұжымы да еңбекқорлығы және ұйымшылдығымен ерекшеленеді. Оның жетекшілігімен 26 кандидаттық диссертация, кеңесшілігімен үш докторлық диссертация қорғалды, ет өнеркәсібіне үш мыңнан астам жоғары білімді маман дайындалды, оның ішінде ТМД елдерінде 50-ден астам ғылым докторлары мен кандидаттары жұмыс істейді.

Бидай өңдеуді жетілдіру жолға қойылды

Конференцияда айтылғандай, Шәкәрім университеті бидай өнімдеріне арналған ғылыми жобаларды кәсіпорындармен әріптестік орнату арқылы өндіріске кіріктірген. Мәселен, дәнді дақылдарды Шығыс Қазақстан облыстық ұн-құрама жем комбинаты арқылы зерттеу сынақтардан өткізеді. Бидай дәні — аса құнарлы да қуатты азық, оны сақтау да қиын емес, бір жерден екінші жерге тасып жеткізу де оңай және оны өңдеп, алуан түрлі өнім алуға болады.

– Қазір механикаландырылған және мамандандырылған ауыл шаруашылығы өндірісі жағдайында бидай түсімін арттыра берудің және мол өнім алу үшін ылғал және режимінің ең қолайлы жағдайын жасаумен қатар, оның аса бағалы сорттарын өсіріп шығару керек,- деді конференцияға қатысушы магистрант Ардақ Нұртілеуов.

Агроөнеркəсіп кешенін ел экономикасына жоғары табыс əкелетін ең маңызды салаға айналдырудың маңызын Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауларында да айтып жүр. Бүгінде агроөнеркəсіп кешенінің алдында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылық саласының экспорттық əлеуетін дұрыс қолдану міндеттері тұр.

Арнайы ұйымдастырылған тамақ көрмесінде Шәкәрім университетімен өзара тәжірибе бөлісуге Ресей Федерациясынан да мамандар, ғалымдар келіпті. Олар ірімшік қайнату және мембранды технология саласы бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

– Біз іске қосайық деп отырған мембранды технология спирт пен судың молекуласын бір-бірінен айыруға көмектеседі. Мен осы мембранды техниканы дамыту үшін 30 жыл бойы ғылыми жұмыспен айналысып келемін. Тәжірибеде мембранды технология керемет әсер етеді. Мәселен, соңғы уақыттары спортшыларымыздың жейтін тағамдарында осы мембранды технология өнімдері бар. Осы азық-түліктер спортшыларымызға бұлшық етін өсіруге көмектеседі. Өйткені, олардың құрамында амин қышқылдары жеткілікті. Міне, сондықтан да әртүрлі жастағы адамдардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, олар сіңіріп, қорыта алатын тағам түрлерін шығаруға мүмкіндік береді,-дейді Кемерево мемлекеттік университетінің профессоры Борис Лобасенко.

Сібір ғылыми-зерттеу институтының профессоры Александр Майоровтың айтуынша, олардың ұжымы ірімшік қайнатуға мүмкіндік беретін шағын ғана технологиялық жабдықты ойлап шығарумен айналысуда. Мұны шағын қожалықтарда пайдалануға болады. Тәжірибелерін өндіріске кіріктіріп, «Сулугуни», «Чеддер» атты ірімшіктерді шығарған. Бүгінде Кипр елінің «Хаппуми» ірімшігі танымал болды. Бұның ерекшелігі, оны қуыруға болады. Тіпті, сол жоғары температура кезінде де, ол өз молекулаларын жоғалтпайды. Тағы бір тиімідісі, ол тез дайындалады.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button