Ауыл шаруашылығыТОП

«Талпақтанаудан» табыс тапқысы келмейді

Ет өңдеуге байланысты ірі инвестициялық жоба аудан бюджетіне 249 миллион АҚШ долларын тартып, 2 мың адамға айлық жалақысы 150 мың теңгеден кем емес жұмыс орнын ұсынуы мүмкін. Бұл ауыл халқы үшін аз жалақы емес. Тартымды-ақ жоба! Десек те, мұндай «батпан құйрықты» жергілікті халық қаламайды. Неге дейсіз бе? Өйткені бар гәп – аталған бизнестің қазақтың ділі мен дініне, дәстүріне қарама-қайшы келетіні. Яғни, оның шошқа өсіру шаруашылығымен байланысты болуында.

Осыдан біраз бұрын газет редакциясына Ұлан ауданына қарасты Айыртау ауылының тұрғындары хабарласып, аталған ауылда шошқа фермасының салынғалы жатқанын хабарлаған болатын. Ол үшін жергілікті жердегі атқамінерлер Айыртау мен Қанайдың тұрғындарын жинап, осы мәселені ортаға салып талқылау үшін жиналыс өткізбекші болып жатқаны да айтылды. Айыртаудың іргесіндегі 50 гектар аумаққа ірі шошқа фермасының салынатыны туралы естіген елді мекен халқы өре түрегеліп, жан қысылғанда жан-жаққа қоңырау шалып, мұңдарын шақты.

Редакцияға қоңырау шалған тұрғындар жайылымға жер жоқ екенін айтып, соның кесірінен қолдағы төрт түлікті жыл он екі ай қорада қаңтарып қоюға мәжбүр екендіктерін алға тартты. Ал дініміз бен дәстүрімізге оғаш «талпақтанау» шаруашылығын қолға аламыз дегенде тар өрістің кеңейіп кетуі шамдарына тиген ауылдықтар, бірден бұл бизнестің тасын өрге дөңгелетуге қарсылықтарын білдірді.

Ауылды мекендеген халықтың түгелдей дерлік қазақ түтіні екенін алға тартқан олар аудан басшылығының айтып отырған шаруашылығының дінге де, ділге де, дәстүрге де жат дейді. Айыртауда атам заманнан мұндай кәсіппен ешкімнің айналыспағанын айтқан ауылдықтар жергілікті жердегі қазақтардың онда барып жұмыс істеп, нәпақа таба қоюының екіталай екенін де тілге тиек етті.

Талап қатаң сақталады

Ал аталмыш мәселе бойынша газет редакциясына ресми жауап берген Ұлан ауданының жер қатынастары бөлімі шынымен де, аудан әкімдігіне «Eco Meat Corporation» LTD компаниясының ірі жоба ұсынғанын хабарлады. Инвесторлар ауданда бірнеше ферма, құрама жем зауыты мен ет өңдеу кешенінің құрылысын қарастыратын ет өңдеу кластерін құру ниетімен жүгінген екен.

– Бүгінгі таңда ет өңдеу кластерінің орналасатын жері мәселесі ашық күйінде қалып отыр, – дейді Ұлан аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Надежда Михейлис. – Өйткені инвестициялық жоба өте үлкен. Сол себепті, егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Осы жобаны іске асыру және қаржыландыру үшін қазақстандық та, шетелдік те инвестициялық қаражаттарды қатар қолдану жоспарланған. Қаржыландыруды «Eco Meat Corporation» LTD компаниясы есебінен жүзеге асыру жоспарланған. Алайда қандай да бір тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік болу үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы құрылатын болады.

Аталмыш мәселе бойынша оңды шешім қабылданған жағдайда барлық рәсімдердің қолданыстағы заңнамаларға сай іске асатынын айтқан ол халық мүдделерінің міндетті түрде ескерілетінін тілге тиек етті. Қазіргі уақытта аудан бойынша ет өңдеу кластерін орналастыру мәселесі бойынша қандайда бір қоғамдық тыңдау өткізілмеген екен.

– Ет өңдеу кластері нысандарының нақты орналастырылатын жерлері анықталмаған, – дейді Надежда Михейлис. – Айыртау және Жаңа Қанай ауылдарының арасында бір ферманы орналастыру нұсқасы қарастырылды. Бұл шын мәнінде экономикалық тиімді ғана емес, сонымен қатар жергілікті халық үшін де қолайлы деп санаймыз.

Құзырлы бөлім басшысының айтуынша, бұл жердің басты қолайлылығы – оның облыс орталығынан қашықтығы, ауданда еңбек етуге қабілетті халық санының болуы, сондай-ақ тура жанында теміржолдың  орналасуы көрінеді. Сонымен қатар Ұлан ауданында осындай ет өңдеу кластері сияқты ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру, бюджетке 249 млн. АҚШ долларының келіп құйылуына, осының арқасында жаңа жұмыс орындарының ашылып, елді мекендерді абаттандыру, автомобиль жолдарын қалпына келтіру, қайта салу сияқты жұмыстардың жүзеге асуына септігін тигізеді екен.

Жалпы, жоба бойынша 150 мың теңгеден кем емес айлық жалақысы бар екі мыңнан астам жұмыс орындарын құру көзделген. Сондай-ақ  өндіріске жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары көптеп қабылданбақ.

– Фермаларды орналастыру кезінде міндетті түрде жер бедерінің барлық ерекшеліктері, елді мекендерге қатысты орналасуы, желдің бағыты, су объектілерінің жанында болуы міндетті түрде ескеріледі, – дейді Надежда Михейлис. – Барлық экологиялық және су қорғау заңнамалары сақталады. Шошқа өсіретін фермаға арналған санитарлық-қорғаныш аймағы кемінде бір шақырым болуы тиіс. Яғни, шошқа фермасын елді мекеннен бір шақырым қашықтықта орналастыруға болады, ал құрама жем зауытын кемінде 300 метр қашықтыққа орналастыруға рұқсат етіледі. Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың жергілікті халықтың пікірі ескерілетіні туралы бұған дейін хабарлағанын еске саламыз. Бұл жерде жобаны іске асыру тек өтініш жасаған кезде, сондай-ақ тұрғындардың көпшілігінің келісімімен ғана мүмкін болады.

Шошқа шаруашылығы шоғырланған

Жалпы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанның түрлі деңгейдегі шаруашылықтарындағы шошқа саны 63 мыңнан асып жығылатын көрінеді.  Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келе жатыр, яғни, өткен жылы «талпақтанау» 2019 жылмен салыстырғанда 0,7 мың басқа өскен.

Облыста өсірілетін шошқа санының негізгі бөлігі жұртшылық шаруашылықтарына тиесілі. Атап айтсақ, өткен жылғы деректерде 41,9 мың бас шошқаның, яғни 66 пайызының жұртшылық шаруашылықтарында өсіріліп жатқаны анықталған. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 8,2 мың бас, яғни 13 пайыз, жеке кәсіпкерлер және шаруа, фермер қожалықтарында 13,5 мың бас, яғни 21 пайыз шошқа өсірілуде.

Статистикалық деректерге сенсек, шошқа өсірушілердің басым бөлігі Ұлан ауданында орналасқан. Мұнда қазіргі уақытта 11,1 мың бас «талпақтанау» өсіріліп жатыр. Екінші орынды 10,7 мың бас шошқа өсіріп отырған Өскемен қаласы алса, үшінші орында 10,2 мың бас шошқасы бар Глубокое ауданы орналасқан. Сонымен қатар қазіргі уақытта Шемонайхада – 8,9, Алтайда – 7,4, Бородулихада – 6,8 мың бас шошқа тіркелген.

– 2020 жылдың желтоқсан айына дейін облыс аумағынан шетелдерге шошқа еті экспортталған емес, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әділет Тулеутаев. – Шошқа еті еліміздің Павлодар, Қарағанды және Алматы облыстарына шығарылады. Жалпы, бүгінгі күнге облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттарында сойылып немесе союға тірідей салмақта өткізілген шошқа еті 6,6 мың тоннаны құрады.

Құзырлы мекеме өкілінің айтуынша, шошқа асырайтын шаруаларға берілетін субсидия көлемі де аз емес көрінеді. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, шошқа шаруашылығын қолдау мақсатында сатып алынған әрбір бас асыл тұқымды шошқаға 140 мың теңге мөлшерінде, ал аналық және шошқа басын толықтыру мақсатында селекциялық, асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін әр басына 40 мың теңгеден субсидия төлеу қарастырылған екен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, бүгінде мемлекеттің осы шаруашылық түріне ерекше назар аударып, ірі қарадан кейін осыншама мөлшерде субсидия бөлетініне қарасақ, шошқа шаруашылығының табысы жақсы ма деп қаласың. Тағам талғамайтын «талпақтанау» сондайлық күтімді де қажет етпейтіні белгілі. Тек шаруашылықтың маңайын ластап, жағымсыз иіспен айналасына экологиялық зиянын тигізетіні болмаса, тұтынушысы көп көрші Қытайға да жақында экспорт есігі ашылып қалуы ғажап емес. Мүмкін, Айыртаудың маңына шошқа фермасын салуды ойластырудың тағы бір мақсаты осы шығар? Қалай десек те, бұл шаруашылықтың жергілікті халық үшін зияны да,  табысы да баршылық. Халық қарсы болған шаруашылық Ұлан ауданының аумағында салына ма, әлде өзге өңір тұрғындарының табыс көзіне айнала ма, барлығы ертеңгі күннің еншісінде.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button