Экономика

Талдықорған-Өскемен әуе рейсі ашылуы мүмкін

Талдықорған-Өскемен әуе рейсі ашылуы мүмкін
Алматы облысы делегациясының Шығысқа жасаған сапары екі өңірдің экономикалық байланысын одан әрі нығайта түсті. Әсіресе, біздің өңірдің өнеркәсіп өнімдері жетісулықтардың сұранысын туғызуы шынымен қуанарлық жайт.
Бұл тұрғыдан алғанда, алматылық кәсіпорындардың да есебі түгел. Тек өткен жылы ғана біздің аймаққа «Қайнар» АБК» ЖШС 327,4 млн. теңгенің 22 мың аккумуляторын сатыпты. Ал «АСПМК-519» холдингтік компаниясы Бұқтырманың цементін тұрақты пайдаланушыға айналып отыр. Аталмыш компания біздегі «Қазақмыс», «Казцинк» және «ҮМЗ» сияқты кәсіпорындарға электр желілерін орнатып, қосалқы стансалар қойып берген. «Тексан Қазақстан Инвест» ЖШС де біздің өңірді электрмен қамтуға үлес қосуда. Бұл мекеме 2013 жылдан бері өзінің сауда нүктелері арқылы электр шамдарын ұсынып келеді. Ал Текелі қаласындағы ашытқы зауыты 23 шығысқазақстандық шаруа қожалығынан арпа сатып алуға уағдаласып отыр. Асфальттағы жол нұсқаушы жолақтардың өзі «Алматы бояулары» зауытынан әкелінген бояулармен бедерленуде. Арнайы киім тігумен айналысатын «Глазман» ЖШС өкілдері делегация құрамында болып, Өскеменде өз бөлімшелерін ашуға ниет білдіріп кетті. Алматылық компаниялардың көбі осы сапар барысында «Казцинк» ЖШС-мен тығыз байланыс орнатуға күш салғаны жасырын емес. Оны аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ те атап көрсетті.
-Бір ғана «Казцинк» кәсіпорны көрші облыстың компанияларымен 15 млрд. теңгенің келісімін жасады. Алматы вентилятор зауыты біздің өңірге өте күрделі қондырғылар жеткізбек. Екі облыстың кәсіпорындары өзара 20 млрд. теңгеден астам қаржыны қамтитын келісімге келіп отыр. Бұл, сөзсіз, өңірлерді бір-біріне жақындастыратын үрдіс, – дейді Даниал Ахметов.
Алматы облысы тарапынан да, біздің тараптан да Алакөлдің туристік әлеуетін бірлесе пайдалану мәселесі көп айтылды. Оған негіз де жоқ емес. Биыл көршілеріміз Үшарал әуежайын салып бітірмек. Осыған байланысты Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ «Өскемен-Үшарал», «Талдықорған-Өскемен» әуе рейстерін құру туралы ұсыныс айтты. Бұған Алматы-Өскемен бағытындағы жолдың Талдықорған мен Өскеменді, Үшарал мен Достықты жалғайтын бөліктері жөнделетінін қосыңыз. Жазғы туризм кезінде Жетіген-Достық бағытындағы теміржол байланысын мемлекет субсидиялап отыр. Осы маршрутты Жалаңашкөл бекетімен толықтыру ұсынылды. Демек, Алакөлдің шығыс бөлігіне қатынаушылар үшін жерде де, әуеде де қолайлы жағдай туындайын деп тұр.
Енді екі өңірдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған нақты келісімдерге тоқталсақ. Бақыршық кен өндіру кәсіпорны «Тексан Қазақстан Инвест» компаниясынан электр шамдарын алу жөнінде меморандум жасасты. Ал өскемендік «КазРосПромАрматура» зауытының реттегіш крандарына «Талдықорғанжылужөндеу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «АСПМК-519» ЖШС құда түсіп кетті.
-Жылу жүйесінде реттегіш крандардың сапалы болуы өте маңызды. Қолданыстағы крандардың көбі тез тозып, түбінен жылу жіберіп, су тамшылай қалады. Сол тамшылаған сумен білінбей-ақ көп мөлшерде жылу рәсуа болады. Өскемендіктер осы жағдайды ескеріп, өте сапалы өнім шығарған екен. Мұндай крандардың Талдықорғанның жылу жүйелеріне орнатылуы біз үшін әжептәуір үнем болмақ, – дейді А.БАТАЛОВ.
Өткен жылы «Азия Авто» зауыты Алматы облысына 300-ден астам көлік өткізген екен. Ал «СемАЗ» компаниясы 400 млн. теңгенің тапсырысын орындаған. Биыл «Азия Авто» кәсіпорын «Zhersu Power» және «Қайнар АБК» кәсіпорындарынан аккумулятор батареяларын алу мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button