Қоғам

Талғаттың шеберлігі «Торпедоға» тарихи жеңіс сыйлады

Талғаттың шеберлігі «Торпедоға» тарихи жеңіс сыйлады


Өскемендік «Торпедо» тұңғыш рет Жоғары хоккей лигасының регулярлық чемпионатында топ жарды. Мұндай тарихи жеңіске хоккейшілеріміз Чеховтың «Звезда» командасына қарсы өткізген ойынынан кейін жетті. Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен шешуші ойынды тамашалауға мыңдаған жанкүйермен бірге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те келді.

Негізінен, өскемендік команданың чемпионат жеңімпазы атағына одан да бұрын қол жеткізетін мүмкіндігі болған. Алайда, осының алдында ғана жерлестеріміз өз айдынында турнир кестесінде өкшесін басып келе жатқан Петербордың «СКА-Нева» командасына есе жіберіп қойды. Есе жібергенде, ойламаған жерден 2:5 есебімен ұтылды. Дегенмен, мұндай жеңілістен кейін де торпедолықтардың чемпионатта топ жаратынына күмән келтірушілер аз болды. Себебі, біздің командаға соңғы ойында ұпай жоғалтпаса жеткілікті болатын.

Ал соңғы ойында жерлестерімізді турнир кестесінің 14-ші сатысында орналасқан Чехов қаласының «Звезда» командасы күтіп тұрды. Былай қарағанда, қарсылас оңай. Дегенмен, қонақтар мұндай пікірмен келіспейтіндіктерін ойынның алғашқы минуттарынан-ақ аңғартты. Айдын иелерінің жойқын шабуылдарына тойтарыс беріп қана қоймай, өздері де Павел Полуэктов қорғаған қақпаға оқтын-оқтын қауіп төндіріп отырды. Осындай тартысты жағдайда өрбіген бірінші кезең 0:0 есебімен аяқталды.

Екінші кезеңде де жерлестеріміз біразға дейін қарсылас қақпаның кілтін таба алмай жүрді. Тек 33-ші минутта ғана Александр Шиннің жіберген шайбасын қақпаға қарай бағыттай білген Станислав Тунхузин ойындағы есепті ашты. Осы есеп екінші кезең соңына дейін өзгерген жоқ.

Ал ең қызықты сәттер үшінші кезеңде орын алды. Алдымен, жеңістерін тым ерте тойлай бастаған айдын иелерінің қуаныштарын чеховтық команданың шабуылшысы Георгий Сергеенко шайба соғып, су сепкендей басып қойды. Есеп 1:1. Бұдан кейін қанаттанған қонақтар жеңісті шайба соғуға ұмтылып, қарсылас қақпасына лап қойды. Торпедолықтарды өз қақпаларының алдына тықсырып, ойын барысын түбегейлі өзгертті. Өскемендік хоккейшілер қарсыластарынан мұндай жанкештілікті күтпесе керек, біраз абыржып қалғаны рас. Дәл осындай сын сағатында командада ойын тізгігін өз қолына ала білетін көшбасшының болғаны қандай ғанибет. «Торпедоның» сапында да мұндай адам табылды. Ол – шабуылшы Талғат Жайлауов. Ойынның негізгі уақытының аяқталуына дейін қалған 13 минуттың ішінде Талғат қарсылас қақпасынан екі мәрте саңылау тауып, салы суға кеткен жанкүйерлердің төбесін көкке жеткізді. Қорытынды есеп – 3:1!

Осылайша, торпедолықтар клуб тарихында тұңғыш рет Жоғары хоккей лигасының регулярлық чемпионатында топ жарып, плей-офф кезеңіне бірінші орыннан шықты. Иә, өскемендік команданың биылғы жетістігі атап өтуге әбден тұрарлық. Чемпионатта 50 кездесу өткізген жерлестеріміз соның басым көпшілігінде жеңіске жетіп, 109 ұпай жинады. Қарсыластар қақпасына 160! шайба соқты.

Аталмыш ойыннан кейін «Торпедо» хоккейшілерін жарқын жеңістерімен бірінші болып құттықтаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ болды.

– Бүгін торпедолықтар жерлестеріне тамаша сыйлық жасады деп ойлаймын. Тұңғыш рет өскемендік клуб Жоғарғы хоккей лигасының чемпионатында үздік шықты. Жай ғана үздік шықпай, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Тамаша көрсеткіштер көрсете білді. Жалпы, биыл Ресей хоккейінің 70 жылдық мерейтойы екенін ескерсек, негізінен ресейлік командалар қатысатын біріншілікте қазақстандық ұжымның топ жаруы бұл жеңістің маңызын одан сайын еселей түседі. Мен бұл команданың болашағы зор екеніне сенемін. Енді чемпионатта басталған жеңісті жолды плей-офф кезеңінде жалғастыру қажет, – деді облыс әкімі хоккейшілерді құттықтағаннан соң берген шағын сұхбатында.

Айта кетейік, «Торпедоның» плей-офф кезеңіндегі қарсыласы Ижевскінің «Ижсталь» командасы болмақ. Қарсыластар арасындағы алғашқы кездесу 24 ақпан күні Өскеменде өтеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button