Биыл Президенттік жастар кадр резервіне жаңадан 50 адам қабылданды. Іріктеу кезеңдерінен мүдірмей өтіп, мықты қарым-қабілетін байқатқан үздіктердің арасында екі шығысқазақстандық жас бар екенін мақтанышпен айтамыз.
Екі жылда бір өтетін іріктеу кезеңі бәсекеге толы болды. Оған қатысуға 30 мыңнан астам адам құжат тапсырған екен. Соның ішінде 6404 үміткер ғана тестілеуге жіберілген. Кейін тағы төрт кезеңнен соң үздік 50 маман анықталып, кадрлық резервке алынды. Сарапшылар мемлекеттік басқару ісіндегі мұндай жүйе жаңашылдыққа және жетістікке жетелейтінін айтып отыр.
Солардың бірі – Талапжан Қауашев облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасындағы сәулет және қала құрылысы кадастры бөлімінің басшысы болып істейді. Талапжан Рахатұлы 1996 жылы 13 наурызда Катонқарағай ауданында дүниеге келді. 2017 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бакалавриатын геодезия и картография мамандығы бойынша үздік тәмамдайды. Бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру әрі еңбек нарығындағы сұранысқа бейімделу мақсатында 2019 жылы аталмыш университеттің магистратурасында экономика мамандығын меңгеріп шығады.
Талапжан еңбек жолын 2016 жылы жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде-ақ қаладағы ірі құрылыс компанияларының бірінде инженер-геодезистің көмекшісі ретінде бастаған. 2017 жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының аясында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына маман ретінде қабылданады.
2018 жылы мемлекеттік қызметке осы басқарманың сәулет және қала құрылысы кадастры бөлімінің бас маманы ретінде түседі. Жұмысына тиянақты, болашағынан үміт күттіретін жас маман үш жылдан соң меритократия принципімен осы бөлімнің басшысы лауазымына дейін өсіп, қазір қызметін жалғастыруда.
– Мемлекеттік қызметке кіргендегі мақсатым еліміздің гүлденіп, дамуына үлес қосу болды. Қазір барлық саланы цифрландыру бағдарламасы ауқымды жүріп жатыр. 2017 жылдан бастап менің басты міндетім – облыстың сәулет және қала құрылысы саласын цифрландыру. Бүгінгі күні Өскемен қаласының мемлекеттік қала құрылысы кадастрын қалыптастыру жұмыстары аяқталуда, қалалық шаруашылыққа ауқымды түгендеу жүргізілді, қаланың жаңа бас жоспары әзірленді және бекітілді, деректер базасын өзектендіру жүйелі жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер мен функцияларды автоматтандыру және оңтайландыру жұмыстары қолға алынған. 2029 жылға дейін облыстың екі қаласында және тоғыз аудан орталығында осындай жұмыс жүргізу жоспарланып отыр, – дейді Талапжан Қауашев.
Талапжан Рахатұлы негізгі жұмысымен қатар Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да техникалық пәндерден сабақ береді.
– Университетпен тығыз қарым-қатынас маған жаңа технологияларды енгізуге және жастарымызды мемлекеттік қызметке тартуға мүмкіндік береді, – деп бөлісті Талапжан Қауашев.
Бос уақытында кітап оқуды ұнататын Талапжан Рахатұлының сүйікті авторларының бірі – қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов. Жазушының білім алудағы ізденістері, өмірдің қиындықтарымен күресі суреттелген «Өмір мектебі» үш томдық мемуарлық романынан ешнәрседен мойымауды, үнемі ізденісте жүруді үйренген. Талапжан болашақ өмірін сәулет пен қала құрылысы, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметпен байланыстырады.
Жуықта Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар келуі керектігін атап өтті.
– Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Осы орайда мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Жайылғанова кезінде осы бастаманы жүзеге асыруға мол үлес қосқанын атап өткім келеді. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жақында аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталатынын мәлімдеді. Әкімдер оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескеру маңызды.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ