ТОП

Талаптанның таңғажайып әлемі

Тағдырының тарихқа айналып, өмірінен өрнек қалуын кім қаламайды дейсің?! Мұндай өрнекті өмір өнер жолында көбірек кездесетін сынды. Соның ішінде сүрлеуі өшпейтін өміршеңі жазушының ғұмырнамасы. Осындай қаламгерлердің бірі – Талаптан Ахметжан.

Талаптан – тағдырының нүктесі ерте қойылған қаламгер. Алайда артында кей қаламгерге бүкіл ғұмырында бұйырмаған шағармашылық қалдырып кетті. Жай ғана сүйкей салды дүние емес, сүйекті туындылар жазды. Оның таңғажайып әлеміне оқырман тағы бір мәрте оралатын болды. Өйткені күні кеше ғана Пушкин атындағы облыстық кітапханада қаламгердің қос бірдей кітабының тұсаукесері өтті.

– Бүгін мен Талаптан туралы емес, Талаптан мен туралы естелік айтып тұруы керек еді. Өмірдің заңдылығы осылай болды. Мен сонау жылдары облыстық «Коммунизм туы» газетінде мәдениет бөлімінде істейтін кезім болатын. Бір күні Талаптан маған «Айқасқа» атты шағын әңгімесін алып келді. Сол әңгімені өзімен бірге отырып оқып, талқылап шықтым. Тамаша шығарма екен. Мамандығын сұрасам құрылыс саласы екен. Содан қаламды тастамауын өтініп, өз білгенімше ақылымды айттым. Осылай танысып, кейін ол құрылысқа кеткенде хат жазысып тұрдық. Жалпы Талаптан шығармашылыққа, соның ішінде драматургияға жас күнінен жақын болыпты. Көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысып, спектакльдерде ойнағаны бар. Кейін Алматыға барғанда алдымнан шығатын адам осы Талаптан еді. Сол бір ғажайып адамның бүгін екінші ғұмыры басталып жатқандай. Жарық көрген кітаптардың болашағы жарқын болсын, – деп еске алып, естелігін айтты жазушы Айтмұхамбет Қасымов.

Тағдырдың тарам-тарам жолы пендесін қайда апармайды дейсің?! Әсіресе шығармашылық адамының әр қиырды шарлауы заңдылық. Осы аралықта ағайын-туыс пен ауылдан алыстап кетесің. Сонда сені іздейтін ауылдастың, ағайын-туыстың табылуы өміріңнің өрнегіне байланысты болмақ. Талаптанды туған елі де, жері де ұмытпады, еске алу кешін өткізіп ұлықтады. Қаламгерін қадірлегендіктен болар еске алу кешіне келген жұрттың қарасы көп. Кеш арасында сөз алған күршімдік бір топ азамат ақынның жарына ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Қаламгер шығармашылығының жоқтаушысы, іздеушісі болып отырған Риза Әлібекқызына және қаламгердің баласына алғыстарын айтып, жазушының елі, оқырманы бар екенін көрсетті.

– Біреуге аз, біреуге көп Талаптан екеуіміз 25 жыл отастық. Өмірден 47 жасында өтті. Артында қалған ұлы ержетті, қызы бойжетті. Талаптан өзі анасынан ерте айырылған еді. Сондықтан да болар жаны нәзік еді. Бұл мінезі шығармашылығында да көрініс табады. Кез келген ортаға бейімделе білетін, жанашыр, жүрегі жұмсақ еді. Жазушы ағаларын арқа тұтып, достарын қадірлей білетін. Сондықтан да болар бүгінде іздеушісі, жоқтаушысы бар. Міне, елінің ықыласына да куә болып отырмыз. Кітапхана ұжымына, ат мінгізіп жатқан Талаптанның жерлестеріне рақмет, – деді қаламгердің жары Риза Әлібекқызы.

Осылайша оқырман қауымның ықыласына бөленген қаламгердің «Таңғажайып Талаптан» және «…ғұмырын қишы жасынның» атты прозалық қос кітабының тұсауы кесіліп, кітапсүйер жұртқа жол тартты. Қаламгердің бұған дейін «Тұма», «Сұлу мен суретші», «О дүниенің қонағы», «Ақиқат жолы» «Мұң» атты прозалық кітаптары және «Таңдамалы шығармалары» атты үш томдық туындысы жарық көрген болатын. Талаптанның таңғажайып әлеміне үңілем десеңіз жаңадан жарық көрген қос туындымен қатар жоғарыда аталған кітаптарды да шолып шыққаныңыз жөн. Жан дүниеңізді дүр сілкіндіретініне бек сенеміз.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button