Қоғам

Талап бұзғандар бар ма?

Шығыста «күнде жиын, күнде рейд». Иә, мобильді топ санитарлық талаптардың қадағалануын әлі де бақылап жүр. Қуанарлығы, ережебұзушылар күн санап азайып келеді. Тұрғындар айыппұл төлеп шаршады ма әлде расымен індеттің жүріп жатқанына көз жеткізді ме, ол жағы беймәлім. Әйтеуір айыппұл мөлшері азайып келеді.

Осыған дейін санитарлық талап сақтауда салғырттықтарымен өңірге танылған Семей жұрты бұл жолы таңғалдырды. 3 мамыр күні мониторингтік топ 270 нысанды аралап, тексеріп қайтты. Бірақ талап бұзған тұрғындарды ұстай алмады. Себебі бәрі маскаларын тағып, арақашықтықты сақтап жүрген көрінеді.

Риддер халқы да, жаңалықтарға шығып шаршаған сияқты. Себебі 74 нысанда ережебұзған адам болмаған.

Курчатовта да сол жағдай. Ал Ұлан, Зайсан, Абай, Бородулиха, Көкпекті, Аягөз, Абай, Күргім аудандары жайлы жақ ашпасақ та болады. Себебі аты аталған аудандарда осыған дейін де талап бұзушылар жоқ болған. Рейд қорытындысын көріп, бір қуанып қалыңыздар. Егер дәл осылай қайталана берсе, індеттің де беті қайтары анық.

Балауса ҚОЖАЕВА

Осы айдарда

Back to top button