Қоғам

Талантты жастар – болашағымыз

Талантты жастар - болашағымыз


Болашағынан үлкен үміт күтіретін жас ғалымдар мен спортшылар, қысқасы, аудан намысын облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстарда қорғап жүрген оқушылар лайықты сый-құрметке бөленді.

Самардағы Мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараға аудандық білім беру, спорт және денешынықтыру бөлімі басшысынан бастап қатардағы мұғалімге дейін түгел жиналды. Мұның да себебі бар. Көкпекті өңірі – негізінен білім көрсеткіші жағынан оң нәтиже көрсетіп отырған аудандардың бірі. Қазіргі күні мұнда жиырмадан астам білім ошағы жұмыс істейді.

Аудандағы білім саласының мақтанарлық жетістіктері жетіп артылады. Мәселен, бір ғана Самар ауылдық округіне қарасты мектептерде оқитын оқушылардың осы күнге дейін алған асулары көп. Соған орай Самардағы Мәдениет үйінде «Дарынды және талантты жастар – біздің болашағымыз» атты мерекелік жиын өтті. Оны жергілікті кәсіпкерлер Александр Федосов пен Ержан Дюсупов ұйымдастырды.

Жиынның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин жиналған қауымға жылы лебізін білдірді. Бұдан соң аудандық білім беру, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Шолпан Мұстафина барлық қатысушыға ақжарма тілегін айтты.

– Біздің елдің ертеңі – сендерсіңдер. Сендерді мақтан тұтамыз, алар асуларың көп болсын! Білікті маман атанып, туған жеріміздің көркеюіне үлес қосыңыздар, – деді Шолпан Мұстафина.

Шара барысында самарлық бүлдіршіндер ән мен күйден шашу шашып, көрермен қауымның қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, мерекелік жиында мамандық таңдау, техникалық ғылымдарды дамыту мәселелері де қозғалды. Бұдан соң кезек марапаттау рәсіміне де жетті. Халықаралық және республикалық додаларда топ жарып жүрген оқушылар Дәурен Қойгелдин мен Александр Федосовтың қолынан тиесілі марапаттарын алып, қошеметке бөленді.

– Осы іс-шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырдық. Басты мақсат – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, кейінгі буынға ағалық қамқорлық көрсету, – дейді Александр Федосов.

Іс-шара соңында Самардағы №1 орта мектептің оқушысы Айнұр Жусанбаева спорттық ойындардың қыр-сырымен бөлісіп, балақайлардың қызығушылығын
оятты. Ұйымдастырушылар да баланың ыждаһаттылығына ризалығын білдіріп, оған табыс тіледі.

Ажар Сағатбекова
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button