Руханият

Талғамы зор, танымы мол дүние…

Талғамы зор, танымы мол дүние...


Өткен жылдың аяғына таман кездейсоқ белгілі қаламгер-журналист Шәкерхан Әзмұханбетовтің «Үкілі найза ұстанған Үш Бәйжігіт» атты тарихи зерттеу кітабы қолыма тиді. Менің назарымды кітаптың тақырыбы еріксіз елең еткізді. Өзін «Бәйжігітпін немесе осы рулы елге қатысым бар-ау» – деген адам, бұл кітапқа көңіл аударары анық.

Қолыма алып парақтай бастағаннан-ақ иіріміне тарта жөнелді. Бірақ жеңіл оқыла салатын кітап еместігі байқалды. Ойлантып, оқығаныңды «бұл қалай» деп қорытып, кей жерлерін қайталап оқуды қажет етеді екен. Оқып шығып кітапхана маманы ретінде шолу жасап, оқырман назарын аударуды жөн көрдім.
Еңбек 2017 жылы Өскемен қаласында басылып шыққан. Алғы сөзін белгілі журналист-жазушы Жұмағазы Игісін «Құмнан алтын сүзгендей немесе Ақиқатты іздеу» деген тақырыппен жазыпты. Кітап бес тараудан тұрады, тараулар шағын бөлімдерге бөлінген. Бірінші тарау, кітаптың негізгі тарауы «Бәйтеректің бұтақтары» деп аталады. Міне, осы тарауда автор Бәйжігіттің шыққан тегіне талдау жасап, зерттеп, зерделейді.

Біздің бұрыннан білетініміз: «Қазақтың байы Байыстың қолында тәшкендік Тоқтарқожа деген жігіт келіп, сауда-сатық жасап жүреді, ол жігіттің пысықтығы ұнап қызы Мақтаны Байыс осы жігітке тұрмысқа береді. Олардан Бәйжігіт, Жанжігіт туады, Жанжігіт оңтүстіктегі нағашыларына кетіп қалады да, Бәйжігіт қазақ елінде тұрақтап қалады. Содан қалың Бәйжігіт елі тарайды». Біздің білетініміздің ұзын-ырғасы осы. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген адамда бұл қалай деген күдіктің болғаны анық, менің өз басымда сондай күдік болмады дей алмаймын.

Автор да мөлшерін соған келтіреді. Бірақ Тоқтарқожа Сәйбек ханның баласы (Мұхаммед Шәйбәни) деп тарихи дәйектер мен деректерге сүйеніп пайымдау жасайды. Айбалтасын айға білеген-Мәмбет, Жұмық, Тоғас сияқты көшелі ру қаңғып келген сарттан қалай тарайды? Ол аз десеңіз- Мәмбеттен Қаракерей Қабанбай, Жұмықтан Дәулетбай батыр, Тоғастан Қасай батыр. Қалмақ батыры Босмойынды өлтіріп, атасы Тоғас аз уақытқа болса да хан тағына отырмап па еді? Басқа елдер өздерінің батырларын да, ақын-жазушыларын да «ұлы» деп әспеттеп жатады ғой. Ендеше қаншама батырлар мен заңғар тұлғалар шыққан Бәйжігіт неге «ханнан» тарамасқа. Автор Сәйбек ханның басына іс түсіп, бұлт үйірілген кезде Тоқтарқожа, Толымқожа атты ұлдарын сенімді адамдар арқылы қазақ жеріне сіңіріп жіберген деген сияқты тарихи деректер келтіріп, оқырманды иландырады. Сонымен қатар Толымқожаны керей ішіне, Тоқтарқожаны найман ішіне жіберді дейді. Неге сенбеске, қым-қуыт кезде олай болуы да әбден мүмкін дей аламыз. Автордың осы дәйектері көңілге қонымды. Бұл жерде автор түркітектес халықтардың тарихын біздің дәуірімізге дейінгі Х ғасырдан бастап зерттеп жүрген Рустан Рахманалиев осындай ойларды жазады деп сілтеме жасайды. Барлығын тәптіштеп жазсам оқырманға қызықсыз болып кетеді. Оқырман өзі оқып, көңілге тоқығаны дұрыс.

Бұл тарауда «Сіргелі Бәйжігіттері» деген бөлім бар. Көңіл аударарлық қызықты деректерге толы. Екінші тарау «Сеңгір-сеңгір тұлғалар» деп аталады. Бұл тарауда аттары тарихта қалған Құрбан /Қоңыз батыр/ Кенже ұлы, Шаянбай, Бұтабай Жүндіұлы, Бұтабайдың Зейнолласы, Отыншы мен Сасан би, Қайрақбай би, ақын Әрімжан Жанұзақұлы, Тәуке Танау батыр, Сайболат Қыдырмолла болыс, Әбділдәбек болыс, Емілдегі Есбай зәңгі, Таңғыт, бертіндегі балуандар Бүкібайдың Иісбайы, Ығылан, Шиғара, Ержанның Төлегені т.б. жайында қызықты деректер молынан кездеседі.

Жалпы, кітапты оқу барысында Шәкерхан ағаның өзінің шыққан тегіне деген құрмет, халқына деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімі есіп, кітаптың өн бойынан сол жылулықты сезініп отырасың.

Мысалы, Шәкең 1880 жылдары Семей губерниясы мен Жетісу қазақтарының арасында Көктұма сиезі өтіп, ол сиезде Бұтабай мен Абай кездесіпті дейді. Абай мен Бұтабай қажы екеуінің қайсысы осы сиезде төбе би болатыны жайында шар салынып, сайлау өткізіледі. Шар Бұтекеңе шығып, ол кісі төбе би болып сайланады. Сол сиез барысында ұлы Абайдың айтқан сөзі мен Бұтекеңнің қайтарған жауабын толық келтіргенді жөн көрдім.

«Абай сайлауда өзінің алдын орап кеткен Бұтекеңе арнайы келіп, әңгіме-дүкен құрыпты. Әңгіменің соңында, бұл кезде жасы келген Бұтабай қажыға көңілі толмай:

– Алланың жаққан шырағы болмаса, әншейін-ақ адам екенсіз ғой,- десе керек.

– Е, шырағым, – депті дейді, сонда қажы: – Алла адамға шырақ жақсын де! Алланың жаққан шырағын әркім үрлеп өшіре алар деймісің!» – деген екен.
Бұдан артық қандай ұтымды сөз болуы мүмкін!- дейді автор.

Бұл жерде кемеңгер Абайды төмендетті демесек те, ұлы Абайға ұтымды жауап қайырып, ұлағатты сөз тапқан бабаларым қандай деген мақтаныш сезіледі. Осы сиезде Абай мен Бұтабай қажының екі бірдей губерния арасында қордаланып қалған мәселелерді бірге шешуі ойланарлық жағдай емес пе?! Даналардың жүрегіндегі шырақ ұрпақтан ұрпаққа жетуі керек дегенге саяды.

Бұл тараудың соңғы бөлімі «Екі белгі немесе «ерлік» туралы ертегі» деп аталады. Мұнда Тарбағатай ауданындағы бұрын Покровка деп аталған, қазіргі Маңырақ ауылындағы ескерткіш-белгі /обелисктің/ кімнің құрметіне қойылғаны туралы сыр шертеді. Ертерек кезде шалғай ауылға сонау Мәскеу университетін бітіріп келіп, орыс тілінінен сабақ беріп, білім нұрын шашқан, артынан қайғылы қазаға ұшыраған ұстаз Маина Николаевна Тюкаеваға қойылғанын жазады. Содан кейінгі әңгіме екінші ескерткіш жайында өрбиді. Ол белгілі шекарашы, қызыләскер Михаил Лучкоға арналған. Бұл жерде автор болған оқиғаны шындықтан алыстамай бүге-шігесіне дейін тәптіштейді. Сол кездегі идеология бойынша М.Лучко жасырын пакет апара жатқанда «ерлікпен» қаза тапқан. Бірақ автордың келтірген деректері басқаша. Шекарашы жайындағы деректерді оқу барысында Ақжардағы сол Лучконың құрметіне қойылған көшеде біраз жыл тұрғанымыз есіме түсті.

Үшінші тарау «Мұңлы қоңыр туған жер» деп аталады. Бұл тараудың «Күнге жонын төсеген Қаракүңгей» деп аталатын бөлімде Шәкең өзіңнің кіндік қаның тамып, өскен жеріңе ешнәрсе жетпейді. Туған жерімнің табиғаты көрікті болмаса да, маған Қаракүңгей, Қаражал, Еренқара, Қаракемерден артық жер жаннаты жоқ. Туған жеріңдегі бастау-бұлақтың өзі үшін соншама ыстықтығын сүйсіне, шабыттана әңгімелейді. Сол маңайдағы төбедегі ата-бабаларының қабірлері: Мұнда Майлы биден тараған Абыл, Жанабай, Қойшыбай аталарының жатқан жері. Осының барлығын автор шұрайлы тілмен жеріне жеткізе суреттейді. Ата-баба қабірлері мен туған жердің ұрпақ үшін қаншалықты ыстықтығын, қаншалықты қымбаттығын суреттей отырып болашақ ұрпаққа туған жердің қадірін біліңдер дегендей, ой тастайды. Сол сияқты бұл бөлімде тарихта болған, Тарбағатай өңірінде мекен етіп, өзіндік із қалдырған тұлғалар: Төлебай оның кенжесі Бөтенбай, оның бақсылық дарыған ұлдары, Еміл, Тоя, Жәзікелер жайында қызықты деректер келтіреді. Еміл бақсының өзінің қобызын ат жарысына қосқандығы кереметтей әсерлі суреттелген. Ат айдаушы қарағанға байлап кеткеніне қарамай, сол қарағанды түбімен қопарып, алдыңғы жақтан бір қара ноқат көрінгенде, Еміл әлденені даңғырата тоқпақтап, күңіренеді: «Қара Ертісті өрлеп кеткен жындарым! Сары Емілді құлдап кеткен жындарым! Қобызым менің, қобызым!» деп зарлағанда, Емілдің қобызы шапқан аттардан қара үзіп кетіп Емілдің алдына келіп жығылды-дейді. Жалпы тарихта қобызды бәйгеге қосқан мұнан да басқа деректердің кездесетінін жазады автор.

Шәкең: Жұмықтан – Саты, одан Төлебай, одан – Майлы, одан – Абыл, Айтқұл, Биболат, Тілеп-деп таратады. Сол аталарының өміріндегі қызықты оқиғалар да осы бөлімге арқау болған.

Осы тарауда «Майлы асуы кімнің атына қойылған?» – деген бөлім бар. Иә, Шіліктіге бара жатқан жолда Майлы асуы бар. Ол жерден қаншама рет өтіп жүріп, «Майлы деп неге аталды, кімнің құрметіне қойылған?» – деген ой қаперімізге кірмепті. Енді Шәкеңнің кітабынан оның себептері жайында біраз мағлұматтар алдық. Бұл бөлімде де көңіл аударатын деректер бар. Майлы асуына «менің ата-бабам» – деп біреулердің қойған белгілері біраз дау-дамай болғанына, кітапты оқыған адамның көзі жете түседі.

Талғамы зор, танымы мол дүние...

Төртінші тараудың екінші бөлімі «Біздің үйдің құдалары» деп аталады. Бұл бөлімде Тарбағатай ауданында тұрып Қазақстанның ОК-де үлкен лауазымды қызмет атқарған Хасен Интин туралы біраз қызықты, арасында жеңіл әзілге құрылған деректер бар. Авторға қай жағынан құда болатынын білмеймін, менің енемнің аталас ағасы болып келетін бұл кісінің Ақжардағы Лучко көшесіндегі үйінде тұрғанымыз ойға оралды. Жетпісінші жылдардың аяғында /ол кезде үй тапшы/ ешкім кіруге бата алмай жүрген үйге, Марқакөлден бір түнде Хасен ақсақалды алып келіп, бір бөлмесіне орналастырып, өзіміз көшіп кіріп алғанымыз есімде. Біраз уақыт менің қолымда тұрып, ол кісіге шай құйып беруге жарағаным бар. Онда біз «қызметіңізден қалай шығып қалдыңыз?» – деген сұрағымызға:

«Бәленбай мың (цифрын жатқа айтатын, есімде қалмапты) тұтқынды ешкімнің рұқсатынсыз түрмеден босаттым, сол үшін» – деп жауап беретін, және ол кісі қызметінен босаған кезде Республикалық дәрежедегі зейнетақы тағайындалып, бір мініс ат пен осы үйді бергенін әңгімелеген еді. Сол кезде көп дүниені тәптіштеп сұрап алмаппын, жастық болды ғой деп өкіне еске алып отырмын. Шәкеңнің кітабын оқу барысында осындай бастан өткен жағдайлар еске түсті.

Соңғы тарау «Ғаиби дүние» деп аталады. Бұл тараудың: «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуелбастан» – деген бөлімінде автор ұлы Абайдың:

Ақыл-мен, жан-мен өзім, тән-менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуелбастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі – деген өлеңін басшылыққа ала отырып «жан» мен «тән» ұғымдарына өзіндік түсініктемелерін беруге тырысады.

Шолуымды осы кітаптың алғы сөзін жазған Жұмағазы Игісіннің: «Сайып келгенде, бұл жинақ-байырғы Барқытбел мен сан-сала Сауыр-Сайқан, қос Арғанаты мен қарт Қалбаның арасын көсіле жайлаған Бәйжігіт баба шежіресі мен оның алты жұмық пен бес сатыға беделі жүрген, үш жүзге мәлім дүлдүлдердің аңызға бергісіз аңсарлы тарихын кеңінен қамтыған, күні бүгінге дейін үңірейіп тұрған үлкен кемшіліктің орнын толтырған толайым туынды. Ұлтымыздың ұлықты ұлағатын ұқтыратын ел мен жер тарихияты. Бүгінгі жеткенін мансұқтап қана қоймай, кешегі өткеніне де үңілгісі келген дегдар тарбағатайлықтың қастерлі кітабы дер едік» – деген сөздерімен аяқтағым келіп отыр.

Қорыта айтқанда, өз жерінің, ата-бабасының тарихын білгісі келген көшелі ұрпақ осы кітапқа жүгінгені жөн дер едім.

Рауза Исмурзина
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button