ҚоғамТОП

Такси қызметі неге қымбаттады?

 

Елімізде қымбаттамаған ештеңе қалмаған сияқты. Басқаны қойып өзімізде өсетін картоп пен сәбіздің бағасы шарықтап кетті. Пандемия басталғалы бері таксилердің қызметі де айтарлықтай қымбаттаған. Ауылдағы ағайын «жүргізушілер қалтамызды қағып бітті» дейді. Ал жүргізушілердің бұған айтар өз уәжі бар.  Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін біз де таксимен жүріп, елмен сөйлесіп қайттық.

Карантин енгізілген күннен бастап такси қызметіне деген сұраныс күрт артты. Неге? Оның бірнеше себебі бар. Қоғамдық көліктердің саны азайды, жұмыс уақыты қысқарды. Ең бастысы, өзінің қауіпсіздігін ойлаған адамдар ауру жұқтырып алмас үшін қоғамдық көліктен түсіп, таксиге міне бастады. Мұның бәрі сұраныстың өсуіне әсер етті.

Ал шалғай ауылдарға қатынайтын автобустар ше? Олар жайлы мүлдем жақ ашпасақ та белгілі шығар. Індеттің таралуын тежеу үшін ауылға жүретін автобустар тоқтап қалды. Есесіне такси қызметінің жұмысы жанданды. Бірді-бірге жалғап, әупірімдеп өмір сүрген халықтың қалтасы одан сайын жұқара түсті. Айлығын шайлығына жеткізе алмай қиналған тұрғындар бағаға бақылау жасайтын ешкімнің жоқтығына налиды.

Ауылға барайын десең, такси жүргізушілері әртүрлі баға айтады. Мәселен, кешкі сағат 19.00-20.00-ден кейін баға жоғары. Амалымыз құрып, қанша сұраса да көнетін болдық. Түскі уақытта Самарға 2500 теңге төлеп жетіп алсақ, кешке қарай айтылған бағаға 500-1000 теңге қосылады. Ал базарлық жіберсеңіз 1000 теңге төлейсіз. Халықтың жағдайымен санасып жатқан ешкім жоқ. Мереке күндері 2500 теңге дегенді мүлдем ұмытасыз, дейді тұрғын Азат Еркінұлы.

Такси бағасына шағым айта бастасаңыз болғаны, сабылып жүрген жұрт бір сәт тынып, әңгімеңізді жалғап әкетеді. Мейрам күндері ауылға барамын десеңіз жол ақысы әдеттегіден қымбатқа түседі.

Ал облыс орталығынан 218 км жердегі Семейге жету үшін қанша төлейсіз? Өзімізге ыңғайлы бағаны ұсына аламыз ғой деп, inDriver қосымшасына кіріп, тапсырыс беруді жөн көрдік. Үйіңізден алып кетіп, баратын жеріңізге дейін жеткізіп тастағаны үшін 3000 теңге алады екен. Былтырғы баға жоқ. Егер қалтаңызда 2000 теңге ғана болса жүргізуші айтқан жерге келіп таксиге мініп, жүргізуші айтқан жерден түсіп қаласыз.

Сонда баға неге өсіп кетті? Көлік тізгіндеп жүргендер бұған қатысты не дейді?

Жанармай, көлік сайманы, жол…

Мен Зайсанға дейін артық-кемі жоқ тура 6000 теңге аламын. Бағаны бір көтеріп, бір түсірсең, біріншіден, мынадай жағдайда халыққа обал. Екіншіден, тұрақты жолаушылардан айырыласың. Сондықтан баға еш себепсіз өзгермейді. Жол алыс. Барып-қайтқаның 1000 шақырым. Жол жақсы болса, бір сәрі, ойлы шұңқыр. Сол себепті көлігіміз де жиі-жиі бұзылады. Жанармай мен машинаның сайманы да жыл сайын қымбаттап барады. Күршім ауданын басып өтетіндіктен паромға төлейміз. Жолаушылар да біздің жағдайымызға түсіністікпен қараса дейміз. Кейде бір кісі толмай тұрса, 5000 теңгеге болса да алып кетемін. Жолаушы тасу да үлкен жауапкершілікті қажет етеді,  дейді он жылдан бері жүргізуші болып еңбек ететін Алтынбек Қонысбайұлы.

Иә, жүргізушілердің дені такси қызметінің өсуіне жанармай бағасының қымбаттауын алға тартып отыр. Ендеше, жанармай бағасын саралайық.

Әлем бойынша бензині ең арзан елдердің рейтингінде Қазақстан ондыққа енеді. Осыған дейін алтыншы орында тұрсақ, биыл сегізінші орынға жайғасыппыз. Бұл жайлы globalpetrolprices.com сайтынан бақылап отыруға болады. Аталған сайтта әр елдегі газ, бензин, дизель отынының бағасына қатысты рейтингтер апта сайын жаңарып отырады. Ендеше, кейінгі ақпарат бойынша ең арзан жанармай Венесуэлада. Бұл елде бір литр бензин теңгеге шаққанда 8,67 теңге тұрады. Екінші орында Иран, бір литр бензин – 27,78 теңге. Үштікті Ангола мемлекеті түйіндейді. Ал Қазақстанда бір литр бензиннің бағасы – 186,51 теңге. Мұнайлы деген Катарда бір литр бензин 223,04 теңге болса, Сауд Арабиясында 265,55 теңге, іргедегі көршіміз Ресейде 292,62 теңге, Өзбекстанда 305,92 теңге, Қытайда 495,31 теңге екен.

Экономистер не дейді?

  Еліміздегі бензиннің арзан болуы бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан әлемдік интеграция жағдайында Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының қойып отырған өздерінің талаптары бар. Сол келісімдерге сәйкес, 2016 жылдан бастап Қазақстан бензин нарығындағы бағаны да еркін айналымға жіберуі қажет. Осыған сәйкес, бензиннің бүгінгі күні қымбаттап жатқаны заңдылық. Өткен жылдары Ресейде бағаның жоғары болуына байланысты еліміздің солтүстік, батыс аймақтарында бензин көрші елге саудаланған. Соның салдарынан өзімізде тапшылық та болды, дейді экономист Мақсат Халық.

Экономистің сөзіне сенсек, жанармай бағасы іс жүзінде былтыр өсуі керек болған, яғни бір жыл бойы елімізде бензин төмендетілген бағамен сатылып келген.

2019 жылдың  соңында Үкімет бензинді көтерме және бөлшек саудада сатуға акциз салығын көтерді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жоғары акциздер қолданысқа енді: өндірушілер бензинді көтерме саудада өткізуге арналған акциз тоннасына 10,5 мың теңгеден 24,4 мың теңгеге дейін, ал бензин өндірушілерге бөлшек саудада өткізуге 11,2 мың теңгеден 24,9 мың теңгеге дейін өсті. Бензин бағасы сегіз теңгені құрайтын акциз 18 теңгеге дейін өсуі тиіс. Бірақ жаңа жылдан бастап жанар-жағармай құю бекеттеріне баға көрсеткіші 10 теңгеге өскен жоқ, мұны “ескі” қорлардың жаппай сатылуымен немесе нарық қатысушылары маржасының төмендеуімен түсіндіруге болады, – дейді ол.

Баға көтерілгенше күте тұрады екен

Қала ішінде жолаушы тасымалдайтын таксишілердің де дәл қазір айы оңынан туып тұр. Аптаның бес күнінде ілініп-салынып жүретін, онда да тым сирек қатынайтын қоғамдық көліктер сенбі, жексенбіде мүлдем сап тыйылады. Ал аяқ артып жүрер мәшинесі жоқ көпшілік жұрт амалдың жоқтығынан такси іздейді. «Апару», inDriver қызметіне жүгінеді. Сұраныс артқан сайын онымен бірге қызмет бағасы да өседі. Шақырсаңыз кергіп әрең келетін таксилер таяқ тастам жерге жеткізу үшін атаңның құнын сұрайды. Біреу жұмысқа, біреу оқуға, біреу сапарға шығып бара жатқан соң жолдан қалатын емес, айтқан сомасын төлейді. Мұны такси жүргізушілерінің өздері де мойындап отыр.

– Жасыратын несі бар, жоғары баға ұсынған клиенттерге қарай жүгіреміз. InDriver қызметінде жолаушының қойған бағасы, баратын жері бәрі көрініп тұрады ғой. Өзімізге тиімдісін таңдап, қабылдаймыз. Иә, сұраныс бұрынғыға қарағанда жоғары. Соған сәйкес, табысымыз да жаман емес. Көлігің жүріп тұрса күніне жоқ дегенде 10-15 мың теңге пайда табуға болады, – деп әңгімесін айтқан өскемендік таксиші Ерболат Қасымбекұлы кейде клиенттер бастапқы бағаны белгілі бір сомаға дейін көтергенше шақыртуды қабылдамай, әдейі күтіп отыратындарын да жасырмады. «Бұл да таксишілердің өзіндік қулығы» дейді ол.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні жанармайдың қымбаттауы қалыпты жағдай. Жанармай бағасына ешкім де шектеу қоя алмайды. Ал такси бағасының өсуіне шектеу қоятындар бар ма? Сұрақтың жауабын алу үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарластық.

Қазір карантин талаптарына байланысты аудандар арасында қатынайтын автобустардың көбі тоқтап тұр. Ал такси бағасының себепсіз қымбаттауына біз бақылау жүргізе алмаймыз. Себебі олар жеке кәсіпкерлер ретінде есептеледі, дейді басқарма мамандары.

Баға өссе, кәсіпкерлердің айтатын сылтауы біреу – доллар өсті. Отандық өнім ұсынып отырған кәсіпкерлер де осы себепті алға тартады. Азық-түлік бағасы өссе айтылатын тағы бір сылтау бар – шекара жабық жатыр. Ал жүргізушілердің айтар уәжі – жанармай қымбаттады.

Қымбатшылық қысқан заманда халықтың жағдайын ойлайтындар азайды. Шетелдік сарапшылар қымбатшылық бүкіл әлемде белең алғанын айтады. Мәселен, АҚШ-та тауық еті де қымбаттаса, көршілес Ресейде көкөніс пен құрылыс материалдарының бағасы шарықтап тұр. Мамандар бұған пандемия себеп деп отыр. Осы тұста көптің көкейінде «Індет тыйылған соң бұрынғы баға қайта қалпына келер ме екен?»  деген сұрақ қылаң беретіні белгілі.

Балауса Қожаева

 

 

Осы айдарда

Back to top button