Қоғам

Тағы бір спорт нысанымен толықты

Нұржан Кенжеұлы

Соңғы уақытта облыс орталығында бірінен соң бірі жаңа спорт нысандары пайда болуда. Мұны газетіміздің әр санын қалт жібермей оқитын көзі қарақты оқырманымыз да жақсы білуі тиіс.

Жақында шаһардың бұқаралық спортын дамыту және халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында салынып жатқан осындай нысандардың қатары тағы біреуімен толықты. Бұл күні қаладағы облыстық дарынды балаларға арналған Білім-инновация лицейінің жанынан бой көтерген су жаңа футбол алаңының тұсаукесері өтті. Осы ретте, спорт нысанының салынуына «Doner» дәмханалар желісінің басшылығы қаржылай қолдау білдіргенін айта кеткен орынды.

Футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақ ретінде облыстық білім басқармасының өкілдері, «Doner park» кафесінің бас директоры А.Сахариева мен білім ордасын әр жылдары тәмамдаған түлектердің ата-аналары шақырылыпты. Лицей жанынан дәл осындай заманауи футбол алаңының салынуы оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де ұмытылмас оқиға болғаны сөзсіз. Мұны білім ордасының директоры Оксюз Рахман да айтты.

– Бүгін осы жерге жиналған қауым үшін мән-мағынасы ерекше зор іс-шараның куәсі болудамыз. Жалпы, лицейіміздің жанынан дәл осындай спорт нысанын салу көптен бергі арманымыз еді. Бұл арман «Балалар жылында» жүзеге асты. Бізге осындай тарту жасаған, осы істің басы-қасында жүрген барлық азаматқа шексіз алғыс айтамыз. Әрине, демеушілер жайында сөз қозғалғанда Турхан Бозяка есімді азамат туралы айтпау әбестік болар. Былтыр дүние салған Турхан ағамыз лицейіміздің ең басты меценаттарының бірі еді. Білім ордасының іргетасы қаланған күннен бастап бізге жан-жақты қолдау көрсеткен ол өмірінің соңына дейін балалардан көмегін аямады. Бұл нысанды да ағамыздың тартуы деуге болады, – деді мекеме басшысы.

Ол сонымен қатар білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен соңғы жетістіктері туралы да аз-кем сөз қозғады. Қазіргі уақытта 200-ден астам оқушы білім алып жатқан лицейдің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі де көрсеткіштері әдеттегідей жаман емес екен. Мәселен, биыл бірдей 13 түлегі шетелдегі жоғары оқу орындарына оқуға түсіпті.

– Шәкірттеріміздің 90 пайызы грант иегері атанды. Ал Олимпиадалардағы жетістіктерге келер болсақ, бұл жағынан біздің лицейіміз Қазақстандағы білім ордаларының арасында 17-ші орында тұр, – дейді Оксюз Рахман.

Айта кетейік, бұл күні футбол алаңының ашылуына орай лицей оқушыларының қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, одан түскен қаражат мұқтаж жандардың керек-жарағына жұмсалды. Сол сияқты, жаңадан ашылған алаңда көптің көңілінен шыққан «Толағай» атты спорт сайысы да өтті.

Осы айдарда

Back to top button