Қоғам

Тағы бес жыл күтеміз бе?

Облыстық құрылыс басқармасы алдағы уақытта өңірде жалпы сомасы 89 438,8 млн. теңгеге 10 денсаулық сақтау нысанын іске қосуды көздеп отыр. Оның ішінде төрт нысанға жалпы сомасы 27 090,7 млн. теңгеге жоба әзірленген. Алты нысан бойынша жалпы сомасы 62 348,1 млн. теңгеге құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг кезінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әлішер Бекен мәлім етті.

Брифингте белгілі болғандай, бүгінде  Риддер қаласында 140 төсектік стационар және бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емханасы бар көп бейінді аурухана кешені салынуда, құны – 24 332,1 млн. теңге. Мердігер ұйым – «Элхон» ЖШС. Құрылыс 2021 жылғы желтоқсанда басталған, 2023 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс.

Сонымен қатар Семей қаласында мүгедектерге арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы 2021 жылдың шілдесінен жүргізілуде. Құны 5 446,1 млн. теңге болатын нысанның мердігер ұйымы – «Фирма Азия» ЖШС. Құрылыс биыл желтоқсанда бітеді деп жоспарланған.

Облыс тұрғындарының назарын тұрақты аударып жүрген, әлеуметтік желілерде көп талқыланған денсаулық сақтау саласының тағы бір нысаны – Өскемендегі гематология орталығы. Оның құны – 31 601,6 млн. теңге. Мердігер ұйым – «B&A Contractors SA» ЖШС. 2020 жылдың маусымында басталған нысан 2023 жылдың 1 тоқсанында (жобаны түзетуге байланысты) іске қосылады деп жоспарлануда.

Бұл жобаның мақсаты – өңірде қан жүйесі аурулары кезінде өлім- жітімді азайту және өмір сүру деңгейін арттыру. Гематология орталығы тәулік бойы стационардың 103 төсек-орнын құрайтын болады.

Бұл айтылғандарға қоса Күршім ауданының Қалжыр ауылында, Үржар ауданының Қаратұма ауылында биыл, ал алдағы жылдарда Глубокое ауданының Верх-Березовка кенті мен Прапорщикова ауылында, сонымен бірге Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде және Үржар ауданының орталығында денсаулық сақтау саласының мекемелері бой көтеріп, ел игілігіне берілмек.

Мұнан соң Әлішер Ерланұлы тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Олардың көпшілігі облыс орталығындағы құрылысы жүргізіліп жатқан, тоқтап тұрған білім, денсаулық сақтау секілді әлеуметтік салалар құрылыстарына қатысты болды.

Алғашқы сауал Өскеменнің 19-шы шағын ауданында салынып жатқан гематология орталығына арналды. Естеріңізде болса, бастапқыда гематология орталығын осы жылдың соңында тапсыру жоспарланған болатын. Алайда, өңір басшысының тапсырмасы бойынша нысанға түзету жүргізіліп, жаңа бағыттар қосылды. Сондықтан жобаның аяқталу мерзімі де кейінге шегерілген. Қазіргі уақытта ғимараттың қаңқасы жасалып, инженерлік жүйелер жөнделіп жатыр.

– Қазір жоба түзетілуде, сараптамадан өтіп, толық қаржыландырылған соң жаңа мерзім белгіленеді. Ол шамамен 2023 жылдың екінші тоқсаны болуы мүмкін. Алайда бәрі сараптамаға байланысты болып отыр, – деді брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Әлішер Бекен.
Нысандағы техникалық қадағалау барысында кішігірім ақаулар анықталған.

Мамандардың айтуынша, олар қысқа уақытта жойылған.
Ғимараттың қасбеттік жүйемен жабылуы биылға жоспарланып отыр.

Сауалдардың бірі тағы осы 19-шы шағын ауданның І.Есенберлин даңғылы бойындағы талай жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған, өкінішке қарай, бүгінде есік-терезесі ұрланып, қабырғасы үгіліп тоза бастаған ғимараттың тағдырына қатысты бағытталды. «Сонымен, ғимарат қашан аяқталады, кім аяқтайды және қандай мақсатта пайдаланылады?» – деді сұрақты төтесінен қойған тілшілер.

– Қазіргі уақытта аталған ғимарат Білім және ғылым министрлігінен облыстық басқарманың теңгеріміне алынды. Ол жерде алғашқыда 770 орындық, жатақханасы, қосымша екі корпусы бар көпсалалы колледж салынуы тиіс болатын. Тапсырыс беруші министрлік еді. Енді нысанның құрылысын жүзеге асыру 2026-2027 жылдарға жоспарланып отыр. Ғимараттың аумағы қоршалып, күзет қойылған. Құрылысты соңына жеткізу үшін 880 орынға лайықталған жаңа жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Мұнда мамандандырылған оқыту орталығы ашылмақ, – деді басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы.

Сондай-ақ Абай даңғылының бойындағы облыстық медициналық орталықтың қабылдау-диагностикалық бөлімшесі де жаздың ортасына дейін жаңартылмақ.

– БАҚ-та облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың жай-күйі туралы мәселе бірнеше рет көтерілгенін білесіздер. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес бюджет қаражаты бөлінген. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленді және қабылдау-диагностикалық бөлімшені жаңғырту басталып кетті. Бұл жұмыс жоспарға сай жүргізілсе, шілде айында аяқталады, – деді Әлішер Бекен.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button