Дидардың қонағы

Тағдыры Тарбағатаймен тамырлас

Елге тұтқа болу үшін ерік пен жігер, білім мен білік керек. Бұл біздің бойымызда баба ғұрыптан бар қасиет. Соның арқасында сан ғасырлар бойы сайын даламызды көздің қарашығындай сақтап келеміз. Сол бір тарихи сүрлеуге көз жүгіртсек, елдіктің тізгінін берік ұстап, бірлік пен берекенің дәнекері бола білген хандар мен бектер, билер мен шешендер, ел бастаған көсемдер баршылық. Бұл үрдіс бүгін де үзіліп қалған жоқ. Егемендіктен кейін де елдің еңсесін тіктеу жолында еселі еңбек еткен жандар көп. Солардың бірі – Түсіпхан Түсіпбеков.

Тарбағатайға кіндігін байлап, Ертістің бойын ен жайлаған тұғырлы тұлға – Түсіпхан Түсіпбеков биыл 70 жасқа толып отыр. Жалғызталда қанат қаққан ауыл баласы бүгінде «қоғам қайраткері» деген атты арқалап, ақсақалдық жасқа жеткен. Осындай атақ пен абыройлы ғұмырнаманы арқалап жүру үшін де үлгілі ғұмыр, өнегелі өмір керек. Тұғырлы тұлғаның елге тұтқа болу жолындағы жүріп өткен жолы, еселі еңбегі елге мәлім, жұртқа аян. Мерейлі белесті бағындырған ағамыз бізбен сырласа отырып, өткен өмірінің өрнегіне көз жүгірткен едік.

– Қанша абырой биігіне көтерілсең де, айналып ауылға соғуың – заңдылық. Өйткені онда бақытты күндеріңнің өрнегі, туысқандықтың тамыры бар ғой. Сондықтан мен де өз ғұмырнамамды баян еткенде, туып-өскен Тарбағатай ауданына қарасты Жетіарал өңірінен аттап өте алмаймын. Топырағы құтқа толы Тарбағатайдың арғы ғасырлардағы тарихи тұлғалаларын былай қойғанда, бергі замандағы танымал жандарды тізбелеп отырсақ, біраз уақыт кетер. Бұл өлке бабасымен де, баласымен де мақтана алады. Мақтанышқа айналмасақ та, сол ауылдың баласымыз деп мақтанып өскендердің біріміз. Елге еге, жерге ие болсақ деп өстік. Заманның сұранысына сай білімді болуды мақсат еттік. Адамға өскен ортасы да әсер етеді ғой. Мысалы, мен өскен Жетіаралдан жарықтық Аманкелді ағамыз, Сағымбек, Манарбек, Айтқазы, тағы да басқа мықты азаматтар шыққан. Сол ауылда Ленин атындағы орта мектепті бітіріп, таудай арман арқалап Алматыға аттандық. Алғашқы қадам сәтсіз болып, оқуға түсе алмай оралдым. Содан армиядан келген соң Алматыға қайта барып, Ауыл шаруашылығы институтының «ауыл шаруашылығын механикаландыру» деген факультетті 5 жыл оқып, 1978 жылы бітірдім. Содан дипломды арқалап ауылға келіп, қарапайым механик болып жұмыс бастағанмын. Жұмыстың әр баспалдағынан өтіп, Шілікті савхозында бес жыл бас инженер болып қызмет атқардым. Осыдан кейін мені Қазақстан савхозына директор қылып тағайындады. Ол кезде партия қайда бар десе, сонда барасың. Қысқасы партияның солдаты болып өстік қой, –  деп қайырды әңгіменің басын.

Бүгінгі таңда сәл биікке көтерілген жастар шетелде тұруды мақсат қылатындай. Ал бұрынғылар өскен өңірімді өркендетіп, туған топыраққа тер төксем деп тұратындай. Дәл осындай туған жері мен тағдырын егіз етіп, елдік мүдде жолында қызмет еткен тұлғалардың бірі  Түсіпхан Түсіпбеков деуге болады. 

Ауданның құрылуын 25 жыл армандадым 

Кез келген уақытта өзіңе еш қатысы жоқ келеңсіздіктің кейіпкері болып шыға келуің бек мүмкін. Ондай жағдайда жасаған жақсылығыңның барлығы көлеңкеде қалары анық. Осындай жайтты басынан кешірген Түсіпхан ағамыз ақыр соңы арманы орындалғанын айтады.

– Мен Тәуелсіздіктің таңын Қазақстан совхозында қарсы алдым. Ерінбей еңбек етіп, жүйелі жұмыс істеп жаттық. Кейін 1994 жылы аудан әкімі болып тағайындалдым. Ол кезде жағдай ауыр кез еді, облыс әкіміне қарсылық білдірсем  де болмай жүріп тағайындады. Туған аудан, өскен жер болғандықтан амалсыз келісуге тура келді. Сөйтіп жүргенде 1997 жылы екі аудан қосылатын болып шықты. Сонымен Тарбағатай жұрты бізді «сатқындар» десе, Ақсуат жақтың халқы «оккупанттар» деді. Екі оттың ортасында қалдық. Кім туған жерін жамандыққа қисын?! Ауданды сақтап қалу үшін біраз жүгірдік. Сол тұста 3 мың адам қол қойған хат та жолдадық. Біз ғана емес, басқа қосылған аудандар да болды ғой. Тіпті, Семей туралы қаншама жазды?! Үлкен кісінің сөзі екі болмады. Үкіметте үлкен жиналыс болып, оны Даниал Ахметов басқарған болатын. Сол жиналыста аудандардың қосылуын қалаған әкімдер де болды. Өз басым ауданды сақтап қалу жөнінде пікірімді ортаға салып, қарсы шықтым. Екі ауданды қосу экономикалық тұрғыдан да тиімсіз екенін тілге тиек еттім. Шындығында бұл халыққа қарсы саясат болатын. Ал сол кезде оған қарсы шыққан адамдар халық жауы сында болып көрінді. Кесірі халыққа тиді. Кесірін айтайын, сол тұста Тарбағатай жұрты Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларына үдере көшіп кетті. Мен әкім болып тұрғанда ауданда 65 мың адам бар еді. Соның 40 мыңы Ақжар жақтан болса, 25 мыңы Ақсуаттан болатын. Осы жұрттың қаншамасы көшіп кетті. Ал біз бұл мәселенің алдын алу үшін бүкіл бөлімнің өкілдерін, салық комитетін, аудандық газеттің редакциясын түгел Ақжарда ұстап отырдық. Мүмкіндігінше Ақжарды екінші орталық ретінде ұстауға тырыстық. Осының барлығы мен аудан әкімі болып тұрған тұста болғандықтан, кері пікірдің бәрі менің мойыныма жүктеліп қалды. Бұл енді қалай болғанда да тарих парағына қатталып қалған өмір өрнегі болғандықтан уақыт ғана өзгерте алатаны дүние. Мен осыдан кейін ауданның қайта құрылуын 25 жыл армандадым. Халық қайта шаңырағын тіктесе ғой деп тіледік. Ол арман да орындалды. Өткен жазда ауданның қайта құрылуына орай дүбірлі той өтіп, қуанышты сәтті елмен бөлісіп қайттық. Бір жайтты айта кетейін. Кезінде аудан бөлінгенде жердің алыстығына байланысты Шілікті ауылы Зайсанға қосылған болатын. Былтыр аудан қайта құрылғанда қайта қосып алуға әрекет қылған едік. Алты Жұмықтың біреуісіңдер ғой дегенді айттық. Бұрынғы қарттар кеткен, жастар оны түсінбейді екен. Зайсандық болғандарына ширек ғасыр уақыт  өтіп кетті ғой. Өмір қалай өзгерді десеңші?! Енді ел кері көшпесе, қалаға қарай бері көше қоймас деп үміттенемін, – дейді уақытқа шегініс жасаған Түсіпхан ағамыз.

Иә, ендігі кезекте уақыттың қателігі қайталанбаса болғаны. Аудан қайта түлеп тарихын түгендеп, көшін түзер. Көш байсалды болса көңілдің де кірі аршылар.

Ұлтшыл болу деген ұрандату емес

Биліктегінің барлығы биікті бағындырған емес. Қолынан тізгін кеткен күні тізімнен шығып қалады. Халыққа жақын жүрген жандар ғана елдің есінде қалмақ. Сондықтан да болар Түсіпхан Түсіпбеков ағамыз үнемі халықтың алдында жүргендіктен әлі күнге жұрттың есінде, көпшіліктің көңілінде бар. Ағамыздың қазіргі бір қаруы әлеуметтік желі деуге болады. Көңіліндегісін әлеуметтік желі арқылы жұртқа жеткізіп, тентектікті тезге салып отыратыны бар. Елдің саяси ахуалын жақсы білгендіктен болар таразының басын тең ұстап, «тәйт» деп отыратынын білеміз. Ал мәдени шаралардан күні бүгінге дейін қалған емес.

– Мен өзім инженер маманы болғанмен өнерге жақын жандардың қатарынанмын. Оқушы кезімнен өнерге жуық едім. Сондықтан  болар мәдениет басқармасын басқару жаныма жақын іс болды. Бағыма орай сол 2000 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы басталды. Сол бағдарлама негізінде «облыстың мәдени бағдарламасын» жасап шығып, ішіне көп дүниені кіргіздік. Атап айтар айтулы істердің біразына мұрындық болдық. Ең бастысы 2002 жылы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 1500 жылдығын өткіздік. Оның да өзіндік мәні бар еді. Өйткені жалпыға ортақ осындай құнды мұраларды түркі-тектес елдер иемденіп кетіп жатқан болатын. Сонымен қатар Дулат Бабатайұлының 200 жылдық тойын да дүркіретіп өткіздік. Біраз жерде музейлер аштық. Әсіресе Абай ауданындағы музейлерді ерекше атап айтуға болады. Көптеген көркемөнерпаздардың көрмесін өткізіп, байқаулар ұйымдастырдық. Сол тұста Абайдан бастап 28 ақын-жазушының кітабын шығарып, қазіргі «Абай әлемі» жобасын бастап кеткенбіз деуге болады. Жалпы Өскеменнің қазақы келбетінің қалыптасуына, ұлттың рухани жаңғыруына біркісідей атсалысып, еңбек еттім деп айта аламын, – деп Түсіпхан ағамыз жемісті еңбегін тілге тиек етті.

Қолынан келгенінше қоғамға пайдасын тигізген ағамыз уақыттың тезінен өтпеген дүниелер болғанын да алға тартты. Ағамыз қазіргі кезде де қоғамның ахуалын бақылап, көңілге сыймағанын тілге тиек етіп отырады. Десе де  пайымдауынша түзелмеген кемшілік көп көрінеді.

– Қай уақытта да қоғам мен уақытқа бағынасың. Ұлтшыл болу деген ұрандату емес қой. Біз Лениннің ескерткішін түнгі сағат бірде алған едік. Бәрі орнымен болды. Ал қазір уақыты келсе де, Киров қасқайып әлі тұр. Осына алып тастайтын уақыт келсе де, биліктегі жастар енжарлық танытып отыр. Бәлкім осындай істе тәжірибелері жоқ па деп ойлайсың. Өйткені бізде кадр саясаты дұрыс емес. Жап-жас балаларды үлкен-үлкен орындарға жайғастыра салады. Ол барлық баспалдақтан өтпегендіктен жан-жағына жалтақтап, не істерін білмей отырады. Тағы бір алаңдайтын дүние, жастардың өзінде орыстану белең алып бара жатқандай. Тіпті телефонға телмірген кішкентай балалардың өзі орысшаға құмар. Айта берсең осындай кемшіліктер көп. Осының бәрін көріп отырғандықтан әлеуметтік желі арқылы болсын тіл қатасың. Әйтпесе батыр болайын, немесе, су ішкен құдығыңа түкірейін демейсің, – деп қазіргі қоғам жайлы көзқарасын да ортаға салды ағамыз.

Иә, байырғы бабалардың «көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» дейтін нақылынан айналып өтпеген абзал. Сондықтан жетпіс жастың желкенін қолға алған ағамызды мерейлі жасымен құттықтап, өмірінің өрнегін қаламға арқау еткен едік.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button