
Тарих қойнауына аттанып бара жатқан кібісе жылының кілтипаны көп болды. Тосыннан келген тәжтажал қос өкпемізді қабындырып, тынысымызды тарылтып, еріксіз жаппай бетперде киюге мәжбүрледі. Басында дағдарып қалдық. Елбасы мен Президенттің, Үкіметтің, облыс басшылығының жедеқабыл қабылдаған батыл шаралары мен халықтың береке-бірлігі, жауапкершілігі сын-қатерлерді уақтылы еңсеріп, төтенше жағдайға тез бейімделуге, абдырамай тірлік жасауға мүмкіндік туғызды.
Кеше өтіп бара жатқан жыл қорытындысына байланысты «Тұрақты даму векторы» тақырыбымен «Dıdar»-дың арнайы шығарылымын дайындап, қалың жұртшылыққа ұсындық. Аймақ басшысы Даниал Ахметов жаппай індет жайлаған қиын кезеңде түсіністік танытып, дағдарысты еңсеруге бір кісідей атсалысқан барлық жерлестеріне алғыс білдіре отырып, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық- саяси тұрақтылыққа негіз болған басты факторларды тәптіштеп түсіндіріп берді. Қолыңызға «Dıdar» тисе, барлық салада ауқымды шаруа атқарылғанына көзіңіз жетеді.
Биыл мерейтойлы жыл болды. Соның ішіндегі айтулы оқиға Ұлы Абайдың 175 жылдығы еді. Мерейтойдың шымылдығын «Dıdar» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» бағдарламалық мақаласымен ашты. Президент ұлы дала данышпаны әрі поэзия пайғамбарының ұлттық болмыстың үлгісі, мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры, әлемдік мәдениеттің тұлғасы екенін айғақтай айтып, торқалы тойдың тағылымын түсіндірді. Киелі қала Семейді тарихи орталық ретінде белгілеген жөн деді. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, Семей мен Абай еліндегі тарихи-мәдени нысандарды, қастерлі орындар – қорық-музейлер мен қорымдарды жаңа талапқа сай жаңғыртуды міндеттеді. Облыс басшылығы кешенді жоспар жасап, игілікті істі қолға алды. Пандемия кезінде бұған пәрменіміз жетер ме екен деген күмәннің болғаны да рас. Жоқ, бәрі де іске асты. Газет журналистері бұл жөнінде үзбей қалам тартты. Биылғы қазан айының ортасында Семейге, Абай еліне келген Мемлекет басшысы атқарылған іске оң бағасын берді.
Биылғы газет тігіндісін қайтара бір ақтарсаңыз, мерейтой кезінде елге ой салатын, тағылымы мол нақты іс-шаралар атқарылғанына куә боласыз. Ең бастысы, ұлы Абайдың өзі де, сөзі де қазіргідей алмағайып заманда қажет екенін түйсіндік. Абай жолына үңілдік, қайтара оқыдық, өлеңдерін жатқа айттық. Енді ажырамаспыз, адамзатты әбігерге салған мына қилы заманда… Жаңадан белгіленген «Абай күнін» асыға күтіп жүретін боламыз, қадірлі оқырман.
Ал келер жылдың басты оқиғасы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Президент осылай деп жариялады. Иә, қазақ елі үшін Тәуелсіздіктен асқан киелі құндылық жоқ. «Dıdar» кеңестік заманда да ұлттық мүддені қорғаған, сол қоғамнан ажырағалы Тәуелсіздік шежіресін түбегейлі жазып келеді. Алдағы жылдың басты тақырыбы да осы болмақ. Шығармашылық жоспарымыз, айтулы айдарларымыз дайын. Бұл тұрғыда басылым мазмұнын байытуға өздеріңіз де атсалысады деп ойлаймыз.
Алдағы жылы «Dıdar» тоқсанға толады. Мына індеттен құтылып, еркін де қалыпты өмірге аяқ бассақ, аудан-ауылды аралап, оқырмандармен газеттің көшпелі редакция отырысын өткізу ойымызда бар. Биылғы індеттің кесірінен оқушы қауыммен кездесулерден ажырап қалдық. Қазір газетке күштеп жаздыру үрдісі тыйылған. Бұрынғы оқырмандарымыздың бізден қол үзбегені, жастардың газет оқуға ден қойғаны, редакция хат қоржынының азаймағаны қуантады. Ал оқырманға қажетті де мазмұнды дүние ұсыну, ел көкейіндегі мәселелерді көтеру – редакция ұжымының міндеті. Тоқсан жылдық тарихымызға тағы да үңілеміз, естеліктер легін береміз, оқырманмен бірге мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырамыз.
Иә, қазір – интернеттің заманы. Соған орай, газеттің веб-сайты мен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жалпы, сайттың жұмысын жандандырып, газет материалдарынан бөлек, өзге де сан алуан ақпарат ұсынатын интернет газет ретінде дамыту қолға алынбақ. Міне, сонда Сіздермен байланысымыз еселеп артатын болады. «Әлеуметтік желіде жел сөз көп. Пандемия кезінде төрт қабырғаға тесіліп отырғанда, қалың «Dıdar»-ды асыға тосамыз. Жағымды жаңалықтары жаныңды жадыратады, танымдық дүниелері ойыңды байытады, көтерген мәселелері көңілге қонады. Десек те, елді мазалаған проблемаларды көбірек қаузаған дұрыс», – деп телефон шалған еді бір оқырманымыз. Бізді оқып қана қоймай, ой қосқан газет жанашырына дән ризамыз.
Бүгін назарларыңызға газеттің жылжабар және жылашар нөмірін ұсынып отырмыз. Ескі жылда елеулі істер атқарылды, алдағы жылдың межесі де биік. Жаңа жылдан үмітіміз көп. Басымыз аман, малымыз түгел, бауырымыз бүтін, қазанымыз тоқ болсын, ойлы оқырман!
Бас редактор