Қоғам

Тәуелсіздікке тамаша тарту жасамақшы

Былтыр елімізде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Ақын құрметіне жер-жерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, шетелдерде хәкімнің ескерткіштері қойылды. Сол мүсіндердің ішінде халық жүрегінен ойып тұрып орын алғандардың бірі Семейде тұр.

Көзге бірден оттай басылар бұл ескерткіштің ерекшілігі – ақынның ұлдарымен бірге бейнеленуі. Абайды ақын ретінде ғана емес, қамқор әке ретінде де көрсете білген мүсіннің авторы – Нұрбол Қалиев. Ескерткішке қарап бала мен әке арасындағы махаббатты көресің десті халық. Ендеше ерекше туындының авторын қысқаша таныстырып өтсек.

Нұрбол бала кезінен бейнелеу өнеріне жақын болып өскен. Алматыда білім алып, сол жерде біраз жұмыс істеген соң туған жерге оралып, өзінің сүйікті ісімен ден қойып айналыса бастайды. Оның шебер қолынан шыққан тамаша туындылар өңіріміздің бірқатар елді мекенінде бой көтерген. Ал енді «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты композициясының орны тіптен ерек. Ескерткішті жасауға бар шеберлігі мен махаббатын сарп еткен ол сәтті шыққан еңбегін мерейтойға тарту етті.

  • Осыған дейін талай мүсін жасадым. Алайда Абай атамызды ұлдарымен бірге бейнелеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Мен бұл жұмысқа барымды салдым. Ерекше жауапкершілікпен қарадым. Бір адамның кескінін келтіру, үш адамға қарағанда әрине оңай. Біз Абайдың қамқор әке болғанын,  балаларының әкеге деген құрметі мен сүйіспеншілік мейірімін қатар ұштастыра білдік деп ойлаймын. Бұл ескерткішті жасау мен үшін үлкен құрмет. Абай – бұл біздің брендіміз. Сондықтан  ұлы адамға арналған мүсін еш уақытта көптік етпейді  деп санаймын,- деді Нұрбол Қалиев.

Ескерткіштің  биіктігі – 5 метр. Автор Абай мен оның ұлдарының портреттік ұқсастығын дәл жеткізген. Алайда мүсінші фотосуреттің көшірмесін жасау мақсатым болған жоқ дейді. Басты міндет – әке мен ұлдары арасындағы байланысты көрсету.

Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осыған орай мүсінші атаулы мерейтойға арнап тағы да бір тамаша тарту жасауды жоспарлап отыр.  Әзірге ол Абайдың ізбасарларының бірі – Көкбай Жанатайұлының ескерткішін жасап жатыр.

– Біз сондай-ақ тәуелсіздік мерекесіне орай тағы бір тамаша тарту жасауды жоспарлап отырмыз. Қазір Абайдың жанында 25 жыл жүрген, медресе салып, сол жерде сабақ берген Көкбай Жанатайұлының ескерткішін жасауға кірісіп кеттім.  Сондай-ақ әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимовтың ескерткішін жасау байқауына қатысып жатырмын, – деді мүсінші.

Ендеше Нұрболат шебердің тағы бір тың туындысын күтейік.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button