Тәуелсіздік тойы бастау алды
Өскеменде қала активінің қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы бастау алды. Салтанатты шараны облыс әкімі Даниал Ахметов ашты.
Айта кетейік, бұл шара қалалық санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау басқармасының рұқсатымен барлық сақтық талаптарын орындай отырып, өткізілді. Қатысушылар толық ПТР-тесттен өткен. 511 орынға шақталған театр залына тек 58 адам шақырылды. Әлеуметтік қашықтық қатаң сақталды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар көрермендерге бір реттік қолданылатын маскалар мен қолғаптар таратты.
– Құрметті жерлестер! Қадірменді қауым! Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеудің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыз үшін тәуелсіздіктен артық бақыт та, байлық та жоқ. Бұл – бабалар арманы ақиқатқа айналған, азаттыққа қол жеткен қасиетті күн! Біз – келісім мен татулық туын тіккен, саяси тұрақты қоғам құрған, тағдыры бір, мақсаты ортақ, біртұтас халықпыз. Дүниежүзі мойындаған, арманы асқақ жасампаз ұлтпыз. Қазақстанның барлық жеңістері, абырой мен беделі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты мен пайымды шешімдерінің жемісі. – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен биыл “Тәуелсіздіктің 30 жылдығы” деп жарияланғанын атап өтті.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемдегі дамыған елу елдің қатарына еніп, халықаралық қауымдастықтың тең дәрежелі мүшесіне айналғанын жеткізді. Сонымен қатар ол Қазақстанның жеткен жетістіктерін Тұңғыш Президент – Елбасы есімімен тығыз байланыстырып, алдағы мерейтой ең алдымен ауызбіршілігіміздің мерекесі екенін айырықша айтты. Себебі, қоғамда орныққан тұрақтылық, өзара келісім мен ортақ мүдде жолындағы жасампаз ерен еңбек – қарқынды дамуымыздың негізі әрі кепілі болып отыр. Облыс әкімі бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті тіршілік кешіп, еңбек етіп жатқанына назар аудара отырып, ендігі міндет осы бірлігімізді бекемдеу, қасиетті тәуелсіздігімізді одан ары нығайту, еліміздің отыз жылда қол жеткізген табысын еселеп, халықтық әл-ауқатын арттыру екенін баса айтты.
– Тағдыр біздің ұрпаққа Тәуелсіздікке қол жеткізу бақытын сыйлап, оны көздің қарашығындай сақтауды аманат етті. Тарихи міндетті абыроймен іске асыру – баршамыз үшін қасиетті парыз. Осы жолда сіздерге толайым табыс, ынтымақ пен береке тілеймін! Мемлекет тұғыры берік, ел рухы биік, Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойының салтанатты ашылуы құтты болсын! – деп түйіндеді өз сөзін аймақ басшысы.
Салтанатты іс-шара бұдан әрі шағын концертпен жалғасын тапты. Мерекелік шара соңында бүкіл өнерпаздар залдағы көрермендермен бірге еліміздің Әнұранын шырқады.
Ержан Әбіш