ҚоғамТОП

Тәртіп сақшылары мұзға шықты

Шығысқа еліміздің түкпір-түкпірінен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жиналды. Мұнда ерлер арасында тұңғыш рет шайбалы хоккейден Ішкі істер министрінің кубогі үшін жарыс ұйымдастырылды.

Турнир Өскемендегі Борис Александров атындағы спорт сарайында өтіп жатыр. Трибунада жиылған қалың жұрт республика бойынша іріктеуден өткен таңдаулы сегіз команданың айдындағы «айқасын» тамашалайды.

Турнирдің ұйымдастырылуы құқық қорғау қызметкерлері үшін күтпеген жаңалық болған. Дегенмен, тәртіп сақшыларының қатарында хоккеймен айналысқан спортшылар жоқ емес. Шыныққан шымыр жігіттер спорттың қай түрінен болсын бәсекелесуге дайын екендерін айтады. Ұйымдастырушылар министр кубогі үшін таластың Өскеменде өтуіне Шығыстағы хоккей мектебінің үздік болуы себеп деп отыр. Айтуларынша, шайбалы хоккей турнирі алдағы жылдары да жалғасын таппақ.

– Ішкі істер министрлігі спортқа және интеллектуалдық ойындарға баса назар аударады. Дегенмен, хоккейден турнирді алғаш өткізіп жатқанымызды айта кеткен жөн. Себебі құқық қорғау саласында жұмыс атқаратын мамандар шымыр әрі қайратты, жалпы, қай жағынан алсақ та мықты болуы шарт. Алдағы жылдары турнирді дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Республика деңгейінде ғана емес, халықаралық турнир боларына сенім мол, – дейді ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков.

Хоккей жарысының ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, қатысушыларға Ермек Көшербаевтың ыстық лебізін жеткізіп, сәттілік тіледі. Жарысқа «Қыран» (Қонаев), «УССО ҚР ІІМ» (Астана), «Барыс Астана ПД», «Динамо ДП СҚО», «Иртыш» (Павлодар), «Жігіттер» (Қарағанды), «Көкшетау» (Ақмола облысы), «Титан» (ШҚО ПД) атты командалар қатысты. Полиция қызметкерлері хоккей таяғын ұстап, мұз айдында бәсекеге түсу үшін ұзақ дайындалғандарын айтады.

– Ең алдымен турнирге қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Жарысқа іріктеу арқылы өттік әрі ұзақ дайындалдық. Өскемен бізді өте жылы қарсы алды. Басты қарсылас ретінде шығысқазақстандық «Титан» командасын есептейміз. Қарсыластарға сәттілік, өзімізге жеңіс тілеймін, – дейді «УССО ҚР ІІМ» командасының шабуылшысы Ернұр Қабдрахмет.

Әзірге жерлестеріміз айқын басымдықпен алда келе жатыр. Алдымен Қонаев қаласынан келген «Қыран» командасын 22:0 есебімен жеңген олар артынша «Барыс Астана ПД» ұжымын 15:1 есебімен талқандады. Одан кейін «УССО ҚР ІІМ» командасын 18:0 есебімен ойсырата ұтты. Дегенмен кубок үшін шешуші кездесулер әлі алда.

Осы айдарда

Back to top button