Қоғам

Тағдырына мойымаған азамат

Тағдырына мойымаған азамат

Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде керемет адам тұрады. Ол кісі жайында кезінде «Хабар» телеарнасы «Помоги себе сам» айдарымен деректі фильм де түсірген. Журналистер қауымы бес күн бойы ол кісінің әр басқан ізін таспаға түсіріп, күнделікті өмірінің бір бөлшегін көрермендерге үлгі ретінде ұсынған болатын.

Бірінші облыстық мешіт жамағаттары арасындағы олимпиаданың жеңімпазы

Бір қарағанда, Әлимұқан Тәнекеновтің тұрмысы ауылдастарының өмірінен көп ерекшеленбейді. Ел қатарлы жар сүйіп, бала тәрбиелеп, немере сүйіп отырған отағасы. Қолында тоқсаннан асқан кейуана анасы бар. Алайда республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырған қарапайым ғана жанның өмірі көпшілікке несімен үлгі болды? Ең алдымен, Әлимұқан ағаның өмірге деген құштарлығы шығар? Жоқ, әлде жас кезінде денсаулығын жоғалтып, мүмкіндігі шектеулі болып қалған азаматтың тағдырдың салғанына жасымай, ағынға қарсы жүзген қайсарлығы ма екен? Мүмкін спортқа деген адалдығы болар. Қалай десек те, Әлекеңнің өмірге деген көзқарасы он екі мүшесі сау талай адамның ой-түсінігінен әлдеқайда артық.
Әлимұқан аға денсаулығына қарамастан, Үкіметтің беретін жәрдемақысына ғана қол жайып, біреуге масыл болып көрмеген азамат. Өңірде өтетін бұқаралық спорттық жарыстардан қалыс қалған емес. Ол кісі аудандық, облыстық спартакиадаларда сау қолымен гір көтеріп, қаншама рет жеңімпаз атанды. Жұма сайын мешітке баратын тақуа адам.
Қасым Қайсенов кентіндегі «Мұса баба» мешітінің ұйымдастыруымен өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған 1 облыстық мешіт жамағаттары арасындағы олимпиадада 16 келілік гір тасын 100 рет көтеріп, жүлделі бірінші орынды еншіледі. Пайғамбар жасынан асып кеткен ағамыз әлі де спорттан қол үзгісі жоқ.

– Спортқа деген қызығушылығым бала кезімнен басталды, – дейді Әлимұқан Тәнекенов. – Жетінші сыныптан бастап зіл темір көтеретінмін. Сайыстарда алдыңғы орындарды бермейтінмін. Содан күреспен айналыса бастадым. Алғашқы бапкерім әскерден келген Мәдеш Сәрсенбаев деген жігіт еді. Шура Видергин есімді неміс жігіті, Тілектес Нұрмағамбетов деген жолдастарым болды, спортпен бірге шұғылданамыз. Оныншы сыныпта оқып жүргенімде Георгиевкада, қазіргі Қалбатау ауылы, алты-жеті команданың арасында күрестен жарыс болды. Сол жарыста біздің команда бірінші орын алды. Бүрліағаш деген елді мекеннің жігіттерінің бәрі сайдың тасындай, шетінен спортшы еді. Ал ақжалдық жігіттерді атақты спортшы Дәулет Тұрлыхановтың әкесі Болат Тұрлыханов жаттықтыратын. Сол оныншы сыныпта бізді Болат аға Семейге алып барды. Алғаш рет пойызға отырдым. Семейден Алматыға ұшақпен ұштық. Республикалық жарыстарға қатысу үшін міндетті түрде I разрядың болу керек. Бізге солай жазып берді. Алматыдан төртінші орын алып қайттық.

Сау қолымен 24 келілік тасты 30-40 рет көтереді

Әлимұқан ағаның 8,16, 24 келілік гір тастары бар. Ол кісі сау сол қолымен 16 келілік гирді 100-150 рет, 24 келілік тасты 30-40 рет көтереді. Таңертеңгілік, кешкілік міндетті түрде жаттығады, кейде үш уақыт айналысады. Ол кісінің қолдарынан эспандер түспейді. «Гір көтеруді аңсайтынды шығардым. Кейбіреулер темекі мен араққа құмартып тұрса, менің есіл-дертім сол тастарды көтеру» деп күледі ағамыз. Айтысына қарағанда, жас кезінде тентектеу болыпты. Жастық күші тасып, жұдырықтасқан кездері де болған. Әскерден келіп, 1971 жылы Алматыдағы жоғары оқу орнына оқуға түседі. Содан сабақ басталуға санаулы күндер қалғанда бір келеңсіз оқиғаға тап болып, аяқ астынан жарымжан болып қалады. Жұлыннан тиген соққының салдарынан денесінің оң жағы жансызданып, сөйлеу қабілетін де жоғалтады. Тек «мама» деуге ғана келеді тілі. Оқыс оқиғадан кейін аяқ астынан мүгедек болып қалғанда жан күйзелісін ішімдікпен, көк түтінмен басқысы келіпті. Айтар ойы көкіректе сайрап тұрғанымен, сөйлеуге тіл жоқ. Өзі көңіл білдіріп жүрген қызы Жаңылтай болса келіп тұрады, анасы екеуі қосылып жылайды. Ал Әлимұқанның оны көрген сайын жаны ауыратынын ешкім сезбейтін сияқты. «Енді келуші болма!» деп айғайлағысы келеді, әттең, тіл жоқ. Осылайша үш жыл да өтіп кетеді.
Апа, қара қыз маған «тұрмысқа шығам» деді
Әлимұқан мен Жаңылтайдың шаңырақ көтерулерінің өзі ертегіге бергісіз бөлек бір әңгіме.
– Бір күні кір жуып отырғанымда жолдас қызымен Жаңылтай келді тағы да, – деп сөзге араласты ағамыздың анасы Мағиза әжеміз. – Әлимұқанды бір туған күн кешіне шақыра келіпті. «Қарақтарым, бұрынғы Әлимұқан жоқ, орта жолда тастап кетпей, үйге жеткізіп салыңдар» деп шегелеп тапсырдым. Түн ортасында оралған ұлым «мама, қара қыз маған тұрмысқа шығам деді» деп қарап тұр.
Спортпен айналысып, тепсе темір үзген, өзі көрікті ағамыз кенеттен денсаулығын жоғалтып алған кезде Жаңылтай білдей бухгалтердің оқуын бітіріп, Өскеменде бір мейрамханада қызмет істеп жүрген. Сегізінші сыныптан қыз бен жігіт болып сырласып жүргендіктен, сүйгенін қимай, тұрмысқа шығуға бекиді. Мүгедек болып қалған жігітке қарындастарын бергілері келмеген ағаларының, туыстарының наразылығына да қарамайды. 1974 жылдың 13 шілдесінде Әлимұқан ағамыз Жаңылтайға құда түсіп, үйленеді. Осылайша табысқан жандардың отбасылық өмірі көпке үлгі боларлықтай, айрандап ұйып отырған берекелі жанұя. Ешкімнің сөзін тыңдамай, жүрегі қалаған адаммен дәм-тұзы жарасқан Жаңылтай апай міне, қырық екі жыл қосағымен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Төрт қыз тәрбиелеп-өсірді, олардан жеті нереме сүйіп отырған бақытты әже мен ата. Ұрпақтарын бағуға Мағиза әжеміздің өзі де пейілді. Үйге келген адамдарды жатырқамай, күлімсіреп қарсы алатын Жаңылтай апайдың дастарқаны қашан да жаюлы.
– Бір баласы ауырып, бір күн ауруханаға жатып көрген жоқ. Ол кезде ақсақалым тірі, оның өзі бір бала. Міне, сол еңбегімді бағалап, қазір мені күтіп отыр. Тоқсанға келген тойымды дүрілдетіп кафеде жасап берді. Келініме ризамын, – дейді кейуана.

Он сегіз жыл бойы «Алтайзолото» мекемесінің намысын қорғаған спортшы

Әлимұқан ағаның жеке мұрағатында өңірдің спортына арналған кітаптар баршылық. Оларда ағамыздың жас кезіндегі жарыстардан көріністер, бүгінде спорт ардагері ретінде жас спортшыларды марапаттап тұрған сәттері бейнеленген суреттер кездеседі. Спорттың саңлақтары, танымал боксшылармен, жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпковамен түскен суреттер бар.
Әлекең он сегіз жыл бойы Ақжалдағы «Алтайзолото» кен-байыту комбинатының көліктер гаражын күзеткен. Небір ауыр техникалар сақталған гаражды оған Болат Сүлейменов деген азамат сеніп тапсырыпты. Бұл кісі де жерге қаратпай, жұмысын абыроймен атқарады. Үлгілі қызметі үшін басшылардың марапаттарына ие болады. Сол мекемеде жұмыс істеген жылдары металлургтер күніне орай, басқа да мерекелерде кеніштер арасында ұйымдастырылатын барлық спорт жарыстарына қатысып, гір көтеруден, қол күресуден жұмыс орнының намысын қорғап жүреді. «Боко» кенішінде В.Нетесов деген жігіт болды. Оның аяқ-қолы сау. Ол үнемі бірінші орынды алып кетеді, ал мен екінші орынды иеленетінмін» деп есіне алады спорт ардагері. Ағамыз жас кезіндегі әріптестері, жолдастары жайында қимастықпен әңгімелейді. Бозбала кездегі көп жора-жолдастан жылдар өте келе, тек уақыт сынынан өткендері ғана қалыпты қасында. Иран деген әрі досы, әрі ағасы Әлимұқанның тілінің қайта шығуына себепші болған көрінеді. Көңілін сұрап келген жолдасына анасы оған қырық екі әріпті қайта үйрету керектігін айтады. Жас емес пе, басында мазақтап күліп, аяғы бір айдың ішінде жаттатып шығады.
– Бір күні Иранды шығарып салуға шығып кеткен ұлымның «мама, мама» деген жан даусын естідім. Тағы да сүрініп, құлап қалды ма деп жүгіріп шықсам, жымың-жымың етіп, күліп тұр. Сосын «Иран ағамды шығарып салдым» деп ап-анық айтқаны. Содан бастап ақырындап сөйлей бастады, – дейді анасы. Сол қолымен жазуды меңгеріп алған аға қазір ойын шамасы келгенше жеткізеді.
Әлимұқан Тәнекенов ағамыз ауданның спорт өміріне белсене араласып, қоғамдық жұмыстарды да атқарады. Аудан, кент басшылары ардагерге құрмет көрсетіп, барлық жиын-тойларға сыйлы қонақ ретінде шақырып жүреді.

Апта сайын бір тонна су тасиды

Зейнеткерлік жасынан асып кеткен отағасының бүгінгі басты ермегі – саяжайды күтіп-баптау. Мал ұстаудан қол үзгеніне екі-үш-ақ жыл болыпты. Сол жер телімінде бүкіл отбасын асырауға жететін көкөніс өнімдерін салады. Жаз бойы оны суару, арам шөбін жұлу өз мойнында. Айналаның шөбін шабады. Бір тонна су сиятын ыдысқа апта сайын сау қолымен су тасып, құйып кетеді. Күн сайын гір тастарын көтеріп жаттығуы өз алдына.
Демалыс күндері «таза ауада серуендесін» деп, қыздары мен немерелерін де саяжайға алып келеді.
Әлимұқан аға мен Жаңылтай апайдың үлкен қыздары Еркежанның екі бірдей жоғары білімі бар, саудамен айналысады. Балжандары Голубчанкада тұрады, жолдасы Серік екеуінде екі қыз өсіп келеді. Альмиралары да Қасым Қайсенов кентінде тұрады, бір ұл, бір қыздың анасы. Ал заңгердің оқуын бітірген Тоғжандары Шемонайхада әскери қызметте. Жеңіс күніне қарсы атқыштар арасында өткен жарыстарда екінші орын алып, мергендігімен көзге түскен немересін Мағиза әжей мақтанышпен айтады. Қолдарындағы Аяужан, Аружан атты егіз шөберелері қарияның қос қанатындай, бос уақыттарында әжелерін күтіп, қасынан шықпайды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button