Тағдырын ақ параққа көміп кеткен

«Дидар» газетінде ұзақ жылдар сүбелі қызмет істеген қабырғалы қаламгер Мүсілім Құмарбекұлы биыл 80 жасқа толатын еді. Осыған орай жуықта облыстық жас ақындардың «Ақжирен мінген асыл аға» атты жыр мүшәйрасы өтті. Жазушының немересі Әділ Әуезханов пен О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана қызметкері Қызырбек Дүргінбайұлы мұрындық болған жыр жәрмеңкесіне өзі ұзақ жыл қызмет істеген «Шығыс-Ақпарат» ЖШС мен жазушының туған елі Ұлан ауданының әкімдігі, сондай-ақ белгілі кәсіпкер Марат Мұзапаров қаржылай көмек көрсетті.
Мүшәйраға келіп түскен 40-қа жуық өлеңнің ішінен 14 жас ақынның туындысы финалға өткен болатын. Аталмыш кітапханада өткен ақындар байқауына «Дидар» газетінің Бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев, ардагер әріптесіміз Айтмұхамет Қасымов, жазушы Тоқтарбек Мағзұмов бастаған зиялы қауым өкілдері қатысып, жазушы жайында құнды естеліктерімен бөлісті. Белгілі актер Ертай Қасеновтің жетекшілігіндегі студенттер театры Мүсағаңның шығармаларынан сахналық қойылым көрсетті.
– Жаңа Мүсағаңның шығармашылығынан жастардың қойған көрінісін тамашаладыңыздар. Нанымды. Сезім бар. Өмір бар. Мүсағаң осылай жазатын, – деді үзеңгілес інісі болған Уәлихан Дөшкенұлы.
Ал біз сол жазушыға жас ақындар қаншалықты нанымды, сезімді, өміршең өлең жазғанын талдап жатпай-ақ, орын алған ақындардың өлеңдерін өз пайымдарыңызға ұсынып отырмыз.
Оразай Жеңісұлы, бас жүлде
Ақ өлең дейтін Ақмоншақ
«Ашу қысқан Ақмоншақ ауыздығын қашырлата шайнап, бураның қай маңда қалғанын бақылып келе жатқанын иесі қайдан білсін… Көзі қанталап шатынағанымен, иесін айдалаға тастап кете алмай, оның ырқына бағынды…»
Текті шалым тісіндей құба арланның,
Тірісінде ақынды ұға алған кім?
Ақ өлеңім бар менің Ақмоншақтай,
Мейірімен анамның суарғанмын.
Қарасынан көзімнің кем көрмегем,
Жүрегімнің төрінде жем берген ем.
Ақмоншағым алысып өсті бірге,
Жастығыммен жарысып өң бермеген.
Алау күннің салмадым аптабына,
Сипатпадым жалынан жатқа мына.
Көкшіл шыңның басына шықтым өрлеп,
Көгершіндер қонғанда қапталыма.
Қоңыр самал қонақтап қыр басына,
Қоңыр ұлдың айналған сырласына…
Қоңырауын тақты елім қоңыр кеште,
Қоңыр таудың бата ғып тұлғасына.
Тау өзені секілді сарылдаған,
Жүрек, шіркін, арманнан арылмаған.
Ақмоншағым-Ақөлең қайтер екен,
Бура-тірлік төнсе кеп арындаған?!
Таңшымшықтар салғанда ақын әнін,
Қысқа күнді жыр жазып батырамын.
Қай қойнауда қалды екен қаламың деп,
Жортып келем Ұланның атырабын.
Қайда сенің, қариям, ақ әлемің?!
Деумен көктің қабағын баға бердім…
Жүректесің, асылым!
Жүрегімді,
жүрегімді иіскеп тұр ақ өлеңім.
Алтынғадыс Күнтуғанұлы, бірінші орын.
Сөз зергері
Ерке Ертіске құласа ернін малып түнгі арай,
Күрсінеді көк жақта әжім жүзді сынған Ай.
Ғасырлардың жүрегін жұлым-жұлым мұң қамай…
Ұлып өткен жылдар-ай.
Өмір әнін тулатып, таңдайында талайдың,
Шарқ ұрады алысқа толқын жұлып жан – айдын.
Аспанынан тұратын Сөз киесі сорғалап,
Кешегі өткен ағалар сүрлеуіне қараймын…
Шылбырынан ұстатпас шіркін сәттер қашаған,
Көңіліңді бекітші \”өлем ғой\” деп босаған…
Бізді қойып, жер шары өліп кетер бір сәтте,
Тек өлмейтін сөз ғана… иә солай, Жасаған!
Батып жүріп өмірде қызыл-жасыл әр өңге,
Елтіп кетті біреулер ең қызықсыз әуенге.
Өлмей қалу үшін де виртуалды ғасырда,
Жазушы мен ақындар керек мына әлемге.
P/S «Сөз зергері» жұлдыздай жарқ еткенде тасадан,
Сөз өлмесін мойындап, ба изейді Жасаған!
Дәулетберді Жекейұлы, екінші орын
Кейіс
Көрсетер үлгісіз
Көпірік шоумендер мен
Өтірік ордендерден
Аяқ алып жүргісіз
Бұл елде
Өздері,
Көздері,
Тіпті сөйлеген сөздері де
Бір-бірінен айыра жыққысыз
Көп зомби көлбеңдеп,
Ана бір аты жаман
пәледей ербеңдеп,
Датымның үстінде ойнайды.
Christmas, Valentine дейді ме,
Қайдағы бірдеңе тойлайды.
Өздері сыбайлас
Һәм кіл ойнас болуға
Еті де үйреніп кеткендей.
Бір-бірін жек көрмей,
Қолпаштайды-ай,
Тұғылдың үстіне жайғасып,
Боқтығын сайласып
отырар алқаштардай…
Соларды көрем де,
Оралып өлеңге,
Қаламым
Қып-қызыл қан құсып отырсам
Байырғы жұрттан кеп,
Сыртымнан дұшпандар аңдысып,
«Сырттан» деп
Ұялмай,
Өзекке тепсе де,
Өзімнің елімді
қасықтай қиянатқа да
қия алмай налимын.
Ал олар бетіме сариды.
Уа, аға!
Қаптаған шақта бұл
Кіл Арсыз,
Баланың кейісін
Күңіреніп ұғарсыз.
Сонан соң,
Осының барлығын
көрсетпей әкеткен
Аяулы Өлімге
Риза болатын шығарсыз.
Бақжан Елсінбекқызы, үшінші орын.
Алаштың ұлы
Құлақ түріп қоңыр желге күбірге,
Құлап, тұнып мөлтек қара іңірге.
Қаламынан сұлай аққан құдірет,
Құла дүзге шоғырланар түбінде.
Тау сыртында туырылған дүние,
Тасырқаған тас төбеге кім ие.
Төсін сызған соқпақтармен иесіз,
«Тауқымет» нұр кезіп өтер күйіне.
Ұлы өнерде – арда күрең жүгендеп,
Кәрі Алтайдың тас- тұяғын ілем деп.
Көкке шаншып көк қауырсын қаламын,
Алашқа аян алты ауыз сөз түгендеп.
Көк жиекті қызыл нұрмен қылыштап,
Бұл дүние,
Тағы бір күн жылыспақ.
Рухыңа мөлдірінен шашайын,
Ертісіңнен ерке толқын уыстап…
Естай Жаңабаев, үшінші орын.
Мұратхан Кенжеханұлы